• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қаңтар, 2022

Мүмкіндігі мол тау-кен саласы неліктен ел экономикасына елеулі үлес қоса алмай отыр?

6316 рет
көрсетілді

Қазіргі уақытта Қазақстанның тау-кен саласындағы өзекті мәселелер жылдан-жылға қордаланып, еркін инерциямен құлдырау кезеңіне жақындап қалды. Қоғамда мамандар тарапынан айтылып жат­қан ұсыныстарды тиісті шешім қабыл­даушы мемлекеттік органдар есті­мей отыр. Естісе де, мән бермей ке­леді. Тәуелсіздікке қол жеткен отыз жыл ішінде жаңадан бірде-бір ірі кен орыны ашылмағаны, әлі күн­ге Кеңес заманында табылып, зерт­телген және бүгінде таусылуға жа­қын қалған кен орындарын игеріп отыр­ғанымыз ешкімді алаңдатар емес.

 

Еліміздің жер қойнауының бар-жоғы 25 пайызы зерттелгенін және 200 метрден терең зерттеулер толық жасал­мағандығын ескерсек, эконо­микалық әлеуетіміздің артуы осы геологияны дамытуды қолға алуы­мызға тікелей байланысты екенін аңғара­мыз. Алайда геология және тау-кен ғы­лым­дары жермен-жексен болды, «Менделеев кестесіндегі металдың бәрі бар» деп күпінгенімізбен, өндірілетін металл түрлері саусақпен санарлық. Экс­портқа көбіне шикізат күйінде кетіп жатыр.

Барлық мәселе 2018 жылы күшіне енген жаңа «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану» Кодексі қабыл­данғаннан кейін шешіледі деген үміт күннен-күнге азайып барады. Себебі Кодекстің толыққанды қолданылуы үшін тиісті ұйымдастыру жұмыстары аяғына дейін атқарылмады. Айта кету керек, жаңа заңнамаға сөз жоқ, батыс елдерінде, әсіресе экономикалық құры­лымы бізге жақын Аустралия, Кана­да сияқты елдерде (тау-кен саласы дамыған, алып кеніштерге бай аума­ғы бар) қолданылатын заңдардан про­грессивті нормалар көптеп алынған, ТМД елдері бойынша көш ілгері жаңа­шыл заңнама ретінде танылған.

Алайда заңымыз жаңашыл болғаны­мен, оны іске асыру, қолдану мәсе­лесі біздегі бюрократияның тепкісіне ұшы­рап, жағдайды одан сайын күрделендіре түсуде. Геология саласын дамытуға, кен өндіру және өңдеу саласын жан­дан­дыруға, саладағы салықтарға қатысты сан алуан мәселелер толық шешімін таппады. Осы мәселелер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде үнемі көтеріліп келеді. Мысалы, 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында: «Бұл ретте еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашыл­мағанын, геологиялық тұрғы­дан зерделену деңгейі төмен екенін қапер­ден шығармаған жөн. Сапалы геоло­гия­лық ақпараттың  инвесторларға қол­жетімділігін арттыру қажет. Осыған орай түрлі ведомстволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек. Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру. Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет. Ұлт жос­пары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлы мәліметтер базасын құрып, оны инвес­торлар үшін қолжетімді ету керек» деп нақты тапсырмалар берген болатын. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі жағдайда бұл тапсырмалардың жарым-жар­тылай ғана, қағаз жүзінде орындалып жатқанын көріп отырмыз.

Сондай-ақ 2022 жылдың 11 қаң­тарын­дағы Парламенттегі сөзінде: «Шикі­заттың бағасының едәуір артуы­на байланысты тау-кен саласындағы кә­сіп­орындардың табысы өсті. Мұны біз білеміз. Үкіметке бюджетке қосымша түсімдерді арттыруды қарастыруды тапсырамын. Оның орнына жаңа кен орындарын барлауға және игеруге кеңінен жеңілдіктер беруге болады» деген-ді. Егер бұл тапсырмалар сапалы орындалатын болса, еліміздің тау-кен саласына серпіліс беретіні анық.

Біз осы орайда аталған саланың Қазақ­­стан экономикасының локомо­тиві­не айналуына кедергі болып отыр­ған мынадай теріс ықпалдарға назар аударып, түйткілді мәселелердің шешімін табу қажет деп санаймыз.

 Қағазбастылық адым аштырмайды 

Бұл саладағы ең басты, бірінші кезек­тегі мәселе – геологиялық мәлімет­тер­ді цифрландыру және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Жаңа заңнама бойынша жер қой­науына «бірінші келген – бірінші алады» деген қағида енгізілді. Мұның іс­ке асырылуын он күн ішінде қам­тама­сыз ету керек. Алайда қазіргі жағ­дайда барлау лицензиясын алуға үш айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Себебі геологиялық мәліметтер қағаз жүзінде «Казгеоинформ» компания­сына қатысты геологиялық қордың жертөлелерінде үйіліп жатыр, оның өзі толықтай емес. Яғни егер геологиялық лицензия алуға бекінсеңіз, алдымен геологиялық қордағы қағаздарды немесе оның аумақтық бөліміндегі қағаздарды ақтарып, мәлімет іздейсіз. Оған екі-үш айдай уақытыңыз, қомақты ақшаңыз және біршама жүйкеңіз кетеді. Сосын, оның мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (МЖҚҚББ) қосылуын сұрап өкілетті органға өтініш жазасыз. Қаралуы іс жүзінде бес айдай уақытты алады. Содан кейін ғана лицензия алуға өтініш бере аласыз. Бұл әрине, ең оңай жолы. Кейде лицензия алу кезінде «бұл ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіреді» деген бас тарту хатын алуыңыз да мүмкін. Ондай жағдайда алдындағы барлық шығындарыңыз далаға кетті деген сөз.

 Цифрландыру қашан жүзеге асады?

Осындай фактілер біркелкі, басы біріктірілген геологиялық мәлі­мет­тердің цифрландырылған, елге ашық, қол­жетімді нұсқасының жоқтығы себебінен туындап отыр. Өйткені 2015 жылдан бері мемлекеттен қаржы бөлініп, цифр­ландыру жүргізіліп жатқан, 2018 жылы іске қосылуға тиіс болған Ұлттық гео­логиялық мәліметтер қоры әлі де іске қосылған жоқ. Геология комитеті іске қосамыз деп көрсеткен нұсқасы мүлдем шикі, ешқандай қажетті функция­ларды атқара алмайды. Бұл – халық­аралық аренада, біздің елге инвестиция салуға да­­йын шетел инвестор­­лары тұрмақ, өзіміздің ішкі нарық­тағы инвесторлардың алдында күлкіге қал­дыратын жағдай. Аустралия мен Кана­даны айтпағанда, африкалық Намибия, Танза­ния немесе Либерия елдерінің деңгейі­не жете алмай отырмыз (интернет желісі арқылы осы елдердің геоло­гия­­лық қорларын ашып көруге болады).

 Жаңартылған картографиялық мәліметтер жоқ

Екінші мәселе, картография сала­сындағы ел экономикасында қолда­нылатын ашық түрдегі координаттар жүйесінің және жаңаланған масштабы кіші карталаудың жоқтығы.

Бізде СК-42 деген бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі Қорғаныс саласына тиесілі координаттар жүйесі пайдаланылады, оның көп бөлімдері мемлекеттік құпия болып саналады. Осы себепті, геологиялық мәліметтерді зерттеу және зерделеу кезінде көптеген қателікке ұшырап жатады. Бұл мәселе бойынша жылдар бойы қаражат бөлініп келеді. Әр кезде істелінген жұмыстар жайында есеп беріледі, бірақ нақты нәтиже жоқ. Осы уақыт ішінде Гугл, Яндекс, 2GIS компаниялары елімізді үш орап онлайн картаға түсіріп тастады, оның қызығын күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Жұмыстардың есебі жарияланбайды

Үшінші мәселе, мемлекеттен қаржы бөлініп осы күнге дейін жасалып келе жатқан аумақтық геологиялық мем­лекеттік зерттеу жұмыстарының нәти­жесінің жоқтығы. 2003-2019 жылдары осы мақсатқа бөлінген ақша сомасы 200 млрд теңгені құрап отыр (Экология, геология және табиғи ресурстары ми­нистр­лігінің ресми мәліметтеріне сәйкес). Алайда ешқандай нәтиже көрін­бейді: жаңадан ашылған үлкен кен орындары да, қаржының қандай жұмыстарға жұмсалғандығы да, ең болмағанда сол бұрғылау арқылы жа­сал­ған жұмыстардың қолжетімді қо­ры­тынды есептері де жоқ. Дамыған елдерде қолданылатын заманауи техно­логиялардың бұл бағытта қол­данылмауы да түсініксіз. Мысалы, спут­ник арқылы гео­логиялық-мине­рало­гиялық зерттеулер, ұшақ, тікұшақ немесе дрондарды пайдаланып, аумақтық аэро­геофизикалық зерттеулер, ол нәти­желерді зерделеу арқылы аумақ­тық көріністерді, карталарды түзу жұмыс­тары неліктен жүргізілмейді?

 Салықтық өзгерістер һәм қаржы мәселесі

Төртінші мәселе, жаңа заңнамалар­мен басқаша жүйе құрылғанына қарамас­тан, салықтар бойынша қажетті өзгеріс­тер жасалмады. Мысалы, геоло­гиялық зерттеулер жүргізу кезіндегі алынатын қызметтер мен жұмыстарды қосымша құн салығынан босату, бірнеше жер қойнауы телімдерін алғанда, біреуінен ешқандай пайдалы қазбалар табылмаған жағдайда, оның шығындарын басқа телімдерге есепке алу. Мұндай шаралар геологиялық зерттеулерге қаржы салуды ынталандырып, кейіннен еселеп салықтар әкеледі. Бұл салықтардың оңтайландырылуы жақсы серпіліс берер еді.

Бесінші мәселе, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қар­жы көздерінің жоқтығы. Біздің елде қар­жы көзі не банк несиесі, не мемле­кет­тік қаржы. Басқа елдердің көбінде осы сег­ментте істейтін қор биржалары, ар­найы тікелей инвестициялау қор­­лары сияқты құралдар баршылық. «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғы­ның құрылуына қарамастан, бізде бұл ба­ғыт­та атқарылған жұмыстар жеткі­лік­сіз. Басқа елдердегі сияқты геология және тау-кен саласындағы шағын ком­пания­лар­дың бізде дамымағаны осы мәселеге де бай­ланысты. Бүгінде жу­ниор компания­лар ре­тінде танымал осын­дай құрылым­дар­мен әлемде 65%-ға дейін жаңа кен орын­дары ашылуда. Ал біздің елде бұл сала­дағы шағын компаниялар мешел күйде.

Тағы бір мәселе, бытыраңқы мекеме­лердің негізінде, тиімді Ұлттық геология қызметін құру қажеттілігі. Мұны Президентіміз де айтып отыр.

Сала мамандарының осы туралы айтқан ұсыныстары тиісті министрлік тарапынан түсініспеушілікке ұшырауда. Мұндай қызмет көптеген елде ұйымдас­тырылған және геологиялық компетенциялар мен зерттеу, зерделеу ғылыми орталықтары ретінде танымал.

Жаңа заңнамаларға сәйкес Қазақ­стандағы ресурстарды есептеудің халық­аралық стандарттары қабылданды (Мысалы, Аустралияда JORC, Канадада 43-101, елімізде ҚазRC), соған бай­ланыс­ты көптеген мемлекеттік функ­ция басқаша өзгерді. Алайда кей­бір мемлекеттік органдар тарапынан ескі жүйені қалдыру үшін саботаж­дар жасалып, сол жүйеге қайту үшін белсенді әрекеттер жасалуда. Сон­дық­тан жақында шыққан Үкімет қаулы­сына сәйкес Ұлттық геологиялық қыз­меті «Қазгеоинформ» мемлекеттік компа­ния­сының негізінде құрылып, оған «Қаз­геология» АҚ-ын қосу міндеттеліп отыр. Ал ешқандай функциясыз қалған Геология комитеті ше? Әр ведомствода өгейдің күйін кешіп жүрген геология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары ше? Нақты айтқанда, Президент тапсырмасы атүсті орындалды десе де болады. Бұл бюрократия мен ведомство мүдделері үшін күрестің нәтижесі екендігі айдан анық.

 Кен өндіру және байыту саласындағы түйткілдер

Ең басты мәселе – жоғарыда айтыл­ған геологиядағы түйткілдерден туын­дайтын минералдық шикізат қор­ларын көбейту. Негізі, тау-кен саласы дамыған мемлекеттерде шикізат қорларын да­йындау коэффициенті екіге тең. Яғни әр өндірілген кенге екі есе көп шикізат қоры зерттеліп, дайындалуы керек. Алай­да бұл өте ауыр мәселе, кен өндіруші үл­кен компаниялардың геологиялық зерт­­­­теулерді күшейтуі, арнайы еншілес кәсіп­­­орындарды құруы осыған тікелей бай­­ланысты қажеттілік. Жоғарыда айт­қандай, шағын компаниялар да тиісінше осы себепті дами алмай отыр.

Екінші мәселе – салық жүйесі. Бұл саладағы ресурстарды есептеудің халық­аралық стандарттарына өткеніне қара­мастан, салық жүйесі Кеңестік кезең­дегідей жүйеде қалып отыр. Дамыған мем­лекеттердегідей сатылатын өнім көлеміне салынатын роялтидың орнына өндірілген әр кен салмағына салынатын пайдалы қазбалар өндіру салығы сақталған. Бұл – өнімді терең өңдеуге ынталандырмайтын, жер қойнауында металл қалмайтындай қопарып алуға міндеттейтін жүйе. Яғни қоршаған ортаны сақтау шаралары үшін де тиімсіз. Айтылған ұсыныстарды салық органдары мүлдем қабылдамайды, ертеңгі күнді, ұзақ мерзімді жоспарлауды ойластырмайды. Бұдан басқа, негізгі металдармен бірге кенде кездесетін сирек металдарды өндіруді ынталандыру үшін оларды факті бойынша есепке алу жүйесін енгізуді де салық органдары қабылдамай тастады. Бұл дегеніміз, сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндіру ісіне балта шабу деген сөз. Егер ұсынылғандай механизм енгізілетін болса, ол салық түсімін көбейтетіні де шүбәсіз.

Үшінші мәселе, 2010 жылдарға дейін заңнамаларда болған Қазақстанда өндірілген металл концентраттарын инс­пекциялық бақылаудан өткізу жүйесінің «жоғалып» кетуі. Осы себепті, елден экспортқа кетіп жатқан концентраттар құрамында өндіруге жарамды бағалы немесе сирек металдардың бар-жоғын ешкім білмейді. Бұл да салық салынбай кетіп жатқан металдардың есебі жоқ екендігін көрсетеді. Мұндай бақылау әрине еліміздегі ірі компанияларға аса ұнай қоймайды.

Геология және тау-кен саласындағы ғылымның жағдайы қандай?

Бүгінде біз бұрғылаудан алған керн­нен (бұрғылау кезінде алынатын нұсқа) бастап, кеннен металды бөлу әдісін табуға сынақ жасау мақсатында алынатын кен көлеміне дейін барлығын зерттеп, зерделеу үшін шетелдердегі халық­аралық лабораториялық ғылы­ми орталықтарға жібереміз. Сол орталық­тарда кезекке тұрып, өте көп көлемде уақыт пен қаржы жұмсау арқылы нәти­желерін аламыз. Яғни «Менделеев кесте­сіндегі барлық металл бар» деп мақ­танатын елімізде халықаралық дең­гейде танылған лабораториялар мен сынақ өт­кізетін ғылыми орталықтар жоқ. Көп­теген нұсқа Еуропа, Канада, Ресей және Қытай ғылыми орталық­тары­на жіберіліп, сол жақтан нәтиже кү­тіп телміреміз. Өзіміздегі бар ғы­лы­ми-зерттеу институттары мен орта­лық­тардың қорытындылары халықара­лық деңгейде мойындалмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке де қатысты мәселе екенін ұмытпайық.

Жоғарыда айтылған жайттар осы саладағы негізгі мәселелердің аз ғана бөлігі. Тау-кен саласының әлеуеті біздің елде зор екендігі белгілі. Мысалы, бір үлкен кен орнының ашылуы тікелей және жанама он мыңға жуық адамды жұ­мыс­пен қамтитыны, өңірдің және тұтас елі­міз­дің экономикасына са­лықтар мен тү­сім­дер артатыны құпия емес. Мұндай кен орындарының көп­теп ашылуы индуст­рия­­­­л­андыруды қар­қынды жүргізуге үлкен сер­пін бере­ді, әлеуметтік-экономикалық дамуға тіке­лей ықпал етеді. Сондықтан сала­ның қарқынды дамуы үшін жаңа заңна­мамен басталған реформаларды аяғына дейін жеткізу қажет деп есептейміз. Сөзімізді түйіндей айтсақ, геологиялық мәлі­меттерді цифрландырып, оны эколо­гиялық, жер қатынастары, елді мекендер, инфрақұрылымдық объекті­лермен үйлестіріп, қолжетімді ету, мемлекеттік органдардың ықпалын азайтып, адам факторын жою керек. Бұл ішкі және шетел инвесторларын көптеп тартуға көмек береді.

– Қазақстан аумағының түгел қол­жетім­ділігін ашып, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын (МЖҚҚББ) жою қажет. Бұл уақытша өтпелі кезеңде қолданылуға тиіс болатын. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа жетелеуі мүмкін факторға айналды.

– Ел экономикасында пайдаланатын жаңа координаттар жүйесін енгізу, масштабы кіші геологиялық карталарды жасау жұмыстарын жедел қолға алу;

– Жер қойнауын мемлекеттік геоло­гиялық зерттеу жұмыстарына осы күнге дейін бөлінген қаржының жұмсалуын зерттеп, сол жұмыстардың қорытынды есептерін ашық жариялау. Мемлекеттің есебінен тек аумақтық зерттеулерді жүргізу, спутниктік, аэрогеофизикалық замануи әдістерді қолдану, мемлекет есебінен бұрғылауға тыйым салу;

– Геология және тау-кен саласында салықтық жүйені реттеу, геологиялық жұмыстарда алынатын қызметтер мен жұмыстарды қосымша құн салығынан босату, бірнеше жер қойнауы телімдерін алғанда, біреуінен ешқандай пайдалы қазбалар табылмаған жағдайда, оның шығындарын басқа телімдерге есепке алу, роялтиды енгізу, кенде кездесетін сирек металдарды факт бойынша есепке алу жүйесін енгізу;

– Геологиялық зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін қаржы көздерін ынталандыратын құралдарды ұйымдастыру. Мысалы, Халықаралық «Астана» қаржы орталығы негізінде шағын компаниялар үшін биржа ұйымдастыру, арнайы тікелей инвестициялар қорларын құруға жеңілдіктер жасау;

– Тиімді Ұлттық геология қызметін құру. Оның құрамына «Қазгеоинформ» мемлекеттік компаниясы, «Қазгеология» АҚ (бұрғылау құрылымдарын және басқа компаниялармен құрылған бірлескен кәсіпорындарын нарыққа шығарып тас­тау арқылы), Геология комитеті және геология саласындағы барлық ғылыми-зерттеу институттары кіруге тиіс;

– Металл концентраттарын инспек­циялық бақылаудан өткізудің жүйесін қалпына келтіру. Ондай бақылауды жүргізуге мемлекет арқылы аккредитация жасап, халықаралық зертханаларды тартуға болады;

– Халықаралық деңгейде танылған лабораториялық ғылыми орталықтар құрып, олардың жұмысын ынталандыру қажет.

 

Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕН,

бизнес сарапшы, Grey Wolf Management компаниясының директоры