Отыз жыл бедерінде құрылған, ең бастысы еліміздегі медициналық туризмді алға жылжытуға үлес қосып келе жатқандардың бірі – Алматыдағы кардиология орталығы. Осы жылдарда аталған орталық отандық медицинаның дамуына, озық технологиялардың келуіне, заманауи күрделі операциялардың елімізде жасалуына жұмыс істей алды ма? Бұл сұрақтарды «Қалалық кардиология орталығы» МКК директоры, Қазақстанның үздік кардиохирургтары байқауының «Ақ жүрек» номинациясының лауреаты, 2015 жылғы «Жыл дәрігері» және 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Алмат Қодасбаевқа қойдық.
– Алмат Тұрысбекұлы, қазір медицинадағы бүкіл мәселе коронавирустан айналып өте алмайды. Пандемия қалалық Кардиология орталығының өміріне қалай әсер етті?
– Әрине, жаһандық індет кезінде біз «кардиологиялық орталықпыз» деп қарап отыра алмадық. Өзіміз бастама көтеріп, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының келісімімен Кардиологиялық орталық инфекциялық аурухана ретінде көмек көрсете бастады. Медициналық мүмкіндіктерімізді ескере отырып, бізді бірінші эшелон дәрежесіне қосты. Осылай үлкен жауапкершілік пен сенім артып отырған соң, біз оны ақтауға тырыстық және ақтадық. Жалпы, біздің орталықтың тағы бір ерекшелігі – экстракорпоральды мембраналық окцигенация (ЭКМО) аппараты, яғни қызметі нашарлаған өкпенің орнына арнайы аппарат қосу арқылы науқастың қанын оттегімен қажетті мөлшерде толық қамтамасыз ету. Оны қосудың да өз ерекшелігі бар: үлкен катетерлердің көмегімен жүрекке күретамырлар арқылы қосылады да, адамның денесіндегі қанды аппаратқа алып, оттегімен қанықтырып, қайтадан адамның денесіне үздіксіз беріп отырады. Бұл аппараттың қызметін біз өз орталығымызда ғана емес, басқа орталықтарда, атап айтқанда, инфекциялық ауруханаларға және перзентханаларға барып, ЭКМО аппаратын қосып, ковидпен ауырып жатқан ауыр науқастарға көмек көрсеттік.
Сондай-ақ орталық дәрігерлері Германияда мыңдаған адамға ЭКМО аппаратын қойған Ганновер қаласындағы медициналық орталықтың дәрігерлерімен байланыста болды. Ганновердегі медициналық орталық пандемия кезіндегі көмек көрсетуде ең алдыңғы қатардағы орталық болып қызмет атқарған. Аталған орталықтың реанимация бөлімінің дәрігерлерімен байланыс орнатып, бір науқасты бірлесе емдеп, қарайтындай жағдайға жеттік және бұл тәжірибе алмасу жағынан өте жақсы көмек болды. Ол жақтағы мамандар біздің ЭКМО аппаратымен айналысатын дәрігерлер білімінің жоғары, тәжірибесінің жеткілікті екенін айтып, жақсы баға берді.
– Пандемия кезінде кардиологиялық пациенттерді емдеу қалай жүргізілді?
– Әрине, өз пациенттерімізді де қараусыз қалдырған жоқпыз. Жалпы, коронавирус инфекциясының патогенезіне сүйенетін болсақ, оттегінің организмге жетіспеушілік жағдайын тудыра отырып, ішкі ағзалар, соның ішінде оттегіні өте қажет ететін жүрек қантамырлары жүйесіне өте үлкен зақым келетіні дәлелденді. Ол майда қантамырларды зақымдай отырып, организмнің оттегімен қамтамасыз ету дәрежесін төмендетеді. Осындай дертке өте сезімтал кардиологиялық аурулары бар науқастар көптеп шалдыға бастады. Бұл науқастардың коронавирусты жұқтырған белгілерін байқай тұра, біздің дәрігерлер олардан бас тартпай, өз өмірін қатерге тіге отырып, күрделі кардиологиялық операция жасауға дейін барды. Жүрек тамырларының зақымдануын анықтау үшін коронарография және стендтеу операциялары жасалынды. Жүрек ырғағы бұзылған жағдайда, оларға қойылатын кардиостимулятор аппараттарын хирургиялық жолмен қою операциялары өте көп жасалды. Айта кететін өте ауыр жағдайлардың бірі – індет жұқтырған науқастарды қарап емдеу үшін біздің орталық дәрігерлері ғана емес, бүкіл медицина қызметкерлері, оның ішінде санитарлар, электриктер, мейіргерлер бар, барлығы 24 сағат арнайы қорғаныс костюмдерімен жүруге тура келді. Медициналық көмектен басқа, науқастарға бірінші кезекте психологиялық, адамгершілік көмектер де қажет болды. Осы орайда індетті жеңуге біздің ауызбіршілігіміз көмектескенін айтар едім. Сонымен қатар медициналық көмек көрсететін ғимараттар және заман талабына сай құрал-жабдықтарымыздың барлығы жеткілікті болды, оны пайдалана алатын білікті мамандарымыз да табылды.
– Кардиологиялық орталықтың қандай инновациялық жаңалықтары бар?
– Біздің орталық 2007-2008 жылдары халыққа көрсетілетін кардиологиялық қызметті жақсарту мақсатында ашылған еді. Осы күнге дейін қалалық кардиология орталығы халықаралық деңгейде көмек көрсете алатын медициналық орталыққа айналды. Үкімет тарапынан жоғарғы талап қойылды, сол сенімді ақтауға тырыстық. Екіншіден, осы халықаралық деңгейге көтерілу үшін өте көп мүмкіндік жасалды: заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді, сол жабдықтарды толық игере алатын, тілін білетін мамандар дайындалды. Еңбек режімі жоғарғы талапқа сай, еңбекақы уақтылы беріледі, жұмыс нәтижесіне қарай сараланған қосымша ақылар беріледі – осының бәрі біздің дәрігерлердің өз жұмысын алаңсыз атқаруына мүмкіндік берді. Біздің орталықта қызмет істей жүріп, өз дәрежесін көтеру барысында еуропалық және басқа әлем деңгейіндегі кардиологиялық орталықпен бірлесе жұмыс істеп жүрген, орталықтың жұмысын жандандырып жүрген үлкен мамандар бар. Мысалы, Оразбек Сахов – Еуропалық интервециялық кардиологтер қоғамының мүшесі, ағылшын тілінде еркін сөйлейді, шетелдерде біздің Орталықтың қол жеткізген жетістіктері, инновациялық жаңалықтары туралы баяндама жасап жүрген білікті маман. Кардиологиялық бөлімшелерде жұмыс істейтін бөлім меңгерушілерінің бәрі Еуропалық кардиологтер қоғамының мүшелері. Олар жылда өтетін халықаралық конгрестерге қатысып, ғылым, медицина жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Жалпы, осы кардиологиялық орталықтың тағы бір қол жеткізген жеңістерінің бірі – медициналық туризм. Оның бір айғағы – қысқы универсиада кезінде шетел азаматтары біздің орталыққа келіп, медициналық көмекке жүгінді. Мысалы, ФИСУ төрағасының орынбасары жүрек талмасына ұшырап, сол кісіге біздің орталықта жедел түрде кардиологиялық көмек көрсетілді. Кейін мұның дер кезінде жасалған сәтті операция, жоғары дәрежеде көрсетілген медициналық көмек екені шетелдік газеттерде жазылып, біздің орталықтың дәрігерлеріне оң баға берілді. Қазіргі уақытқа дейін Монғолиядан бастап Бразилияға дейін, жалпы дүние жүзінің 36 мемлекетінің өкілдері бізге, яғни кардиологиялық жоғары мамандандырылған медициналық көмекке жүгінген екен.
Орталықта бірнеше инновациялық технология іске қосылды, оның бірі – жүректің ашық операциясы кезінде жүрек ырғағын қалпына келтіру, қосарланған операция жасау және екіншісі – жүректің күрделі зақымдану кезінде жүрек қақпақшаларының клапандарын ауыстыру мен коронарлы шунттау операциясын бір мезетте жүргізу.
Осы орталық дәрігерлері облыс орталықтарына барып, күрделі операциялар жасап тұрады. Қалалық кардиологиялық орталық С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің оқу базасы болғандықтан, бізде болашақ кардиологтер, кардиохирургтер резидентурадан, жылына ондаған кардиохирург пен 50-60-қа жуық кардиолог мамандар даярлықтан өтеді. Олар кардиология, оның ішінде жедел кардиологиялық көмек көрсету ісі бойынша білім алады, білімін жетілдіреді. Бүгінгі таңда қалалық кардиология орталығы Қазақстанның түкпір-түкпіріне қажетті кадрлар даярлайтын орталық ретінде танылып отыр.