Алаштың білімпаз қайраткерлерінің бірі Ғазымбек Бірімжановтың суреті табылды. Мәскеудегі Петров-Разумовский атындағы ауыл шаруашылығы институтының архивінен табылған фотосурет 1917 жылы түсірілген. Алаш қайраткерінің өмірі мен мұрасын зерттеушілер Ғазымбек Бірімжан 1917 жылы Орынбор реалды училищесін бітіріп, Мәскеу қаласындағы Петров-Разумовский атындағы университетке құжаттарын тапсырған, бұл сурет сонда түсірілсе керек деп болжап отыр.
Бірақ Ғазымбек аталған университетте сол кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты оқи алмаған. Бұл кезең оның Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алаш көсемдерімен бірге жүрген кезі болса керек.
– Сүйінші хабарды Мәскеу қаласынан Ғазымбектің туған інісі Нұрхан Қорғанбекұлының жалғыз қызынан тараған ұрпақ Лейла Нариманқызы жеткізді. Мұның алдында Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивте болдық. Сол кезде 1909-1917 жылы аралығында Ғазымбектің Орынбор реалды училищесінде оқығаны туралы құжаттар таптық. Солардың арасынан 1909 жылы Ғазымбек стипендия иеленгенін білдік. Бұған қол жеткізуге ағасы, 1-2 Мемлекеттік думаның депутаты Ахмет Бірімжан себепші болған. Сол кісі бір жарым беттік өтініш жазыпты. Ал стипендияға үміткер болып, бір орынға таласқан екінші адам – Ахметтің қайнысы, әйелі Гүлжауһар Сейдалинаның туған інісі Сүйінгерей Сейдалин екен. 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасы жарияланды. Бағдарламаны жазған жеті тұлғаның бірі осы Ғазымбек-тін. Бейнетқорлықпен еңбек етті, тағдыры да азапты болды. Алашордашылармен бірге тұтқындалды, жер аударылды. 1937 жылы 41 жасында ату жазасына кесілді. Аяулы арыстың артына қалдырған мұрасын түгендеу – бүгінгі ұрпақтың парызы, – дейді қайраткердің еңбектерін жеке жинақ етіп құрастырып, ғұмырнамасын зерделеп жүрген жас ғалым Данияр Ихсан.
Қостанай облысы