NEET санатындағы жастарға қамқорлық керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Парламент Мәжілісінің отырысында «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін», деді. Президент осы сөзі арқылы жастарға қатысты мәселелердің кең ауқымын атап көрсетті. Шын мәнінде Үкімет тарапынан жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар бағдарлама қабылданса да «жұмыс күтіп жүрмін», «жұмыс іздеудемін» деген жастар қатары кемімей тұр. Бұдан басқа да мәселелер жеткілікті.
Әлемнің қай елінде де болсын не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не қандай да бір іске қызығушылығы жоқ жастар тобы кездеседі. Бұл топқа бүгінде халықаралық қоғамдастық NEET (Not in Empoloyment. Education or Training) деген айдар тағып, атау берген. Басқасын қайдам, біздің елімізде бұл санаттағылардың қатары жыл сайын толыға түсуде. Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде 2021 жылғы үшінші тоқсан бойынша NEET жастар үлесі 6,7 пайызды құраған. Яғни елдегі 255 197 жас не жұмыс істемейді, не оқымайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2020 жылға қарағанда бұл санаттағы жастардың 0,7 пайызға азайғанын мәлімдейді.
Статистикаға қарасақ, Қарағанды облысында жастардың 9,9 пайызы NEET санатына кіреді екен. Ақмола облысында бұл көрсеткіш – 8,8 пайыз. Қызылорда жастарының 8 пайызы жұмыспен де, оқумен де қамтылмаған. Солтүстік облыстарда көрсеткіш салыстырмалы түрде аз. Павлодар облысында NEET санатындағы жастардың үлесі 4,9 пайыз деп көрсетілген. Ал Батыс Қазақстан облысында тіпті 2,7 пайыз. Ресми статистикаға сүйенсек, бәрі «қатып тұр».
Атқарушы билік тарапы жұмысы жоқ, оқуға құлықсыз жастардың санын азайту мәселесін, әлбетте, назардан тыс қалдырмайтынын айтады. Осы уақытқа дейін қабылданған түрлі құжат пен бағдарлама арасында аталған санаттағы жастардың санын қысқарту бағытын көздейтіндері де бар. Мәселен, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында жүзеге асатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты 2025 жылға қарай NEET жастар көрсеткішін 5 пайызға дейін төмендетуді көздейді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Асхат Ерғабылов 2021 жылы Республикалық жобалық кеңсе құрылып, аймақтардағы жастар ресурстық орталықтарында NEET санатындағы жастармен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер ашылғанын айтады. «11 аймақта жұмысын бастаған бұл бөлімдер көрсеткішті төмендетуге белсенді түрде кірісті», дейді ол. Бұл жоба гранттық негізде жүзеге асырылады. Бұған министрлік 39 млн 998 мың теңге бөлген. Министрлік өкілі республикалық жобалық кеңсе 2022 жылы да жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
Ведомство өкілі коронадағдарыс салдарынан NEET санатындағы жастар санының артуы әлем бойынша байқалып отырғанын жеткізді. «Мәселен, Еуростат мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Еуропалық одаққа мүше елдерде аталған санаттағы жастар саны 1,2 пайызға артып, 17,6 пайызға жетті. Бразилия, Колумбия, Коста-Рика, Италия, ОАР, Түркияда жастардың 25 пайызы жұмыспен, оқумен қамтылмаған. Қазақстан – «жасыл аймақта». Елімізде бұл санаттағы жастар саны салыстырмалы түрде аз. Жалпы, халықаралық тәжірибеде NEET санатындағы жастардың үлесін анықтау үшін екі формула бар. Бірі – Халықаралық еңбек ұйымының формуласы, бұл тәсілді Қазақстан қолданады. Екіншісі – Еуропа кеңесінің Статистика қызметінің (Еуростат) формуласы», дейді А.Ерғабыл.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, елімізде жастарды санатқа бөлуде, NEET санатындағы жастардың үлесін анықтауда әдістемелік мәселелер бар көрінеді. Ұлттық статистика бюросы Халықаралық еңбек ұйымы методологиясына сәйкес есеп жүргізсе, кейбір орталық және жергілікті атқару органдары бұл санатқа өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды, «фрилансерлерді» қосуды жөн көреді. Ал бұл тәсіл Статистика бюросының методологиясын жоққа шығарады.
Министрлік өкілінің сөзіне назар салсақ, жүргізілген зерттеу нәтижесінде еліміздегі не оқуын жалғастырмай, не жұмысқа тұрмай, жұмыс істей алса да еңбекке араласпайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар, үй шаруасындағылар NEET санатына жатқызылады. Осы ретте Astana IT University Әлеуметтік ғылымдар департаменті Саясат ғылымдарының қауымдастырылған профессоры Диана Тоимбектің пікірі төмендегіге саяды.
«Ұлттық статистика бюросы назарға ұсынған дерекке жүгінсек, жастар арасындағы жұмыссыздық 2001 жылдан бері 16,1%-дан 2020 жылы 3,8%-ға төмендеген. Бұл – жалпы әлемдік деңгеймен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бірақ білім деңгейі бойынша сараласақ, пайыздық ара салмағында жоғары білімді, орта кәсіптік (арнаулы) немесе жалпы орта білімді жастар арасындағы жұмыссыздардың айырмашылығы үлкен емес. Ересектердің сауатын зерттейтін халықаралық PIAAC зерттеуінде еліміздегі сауаттылық көрсеткіші жоғары және төмен азаматтар арасында үлкен айырмашылық жоқ екені және еңбек нарығымен кері өзара байланыс (корреляция) орнатып жатқаны туралы айтылған. Оған қоса зерттеуге қатысқан басқа мемлекеттерге қарағанда, Қазақстандағы жоғары білімді ересектердің денсаулығы, әлеуметтік сенімділігі мен саяси тиімділігі жақсы нәтиже көрсетпейді.
Аталған көрсеткіштер білім беру саласының жалпылама төмен сапасын білдіргенімен, бұған жан-жақты, үлкен себептер барын ескеру керек. Яғни әлеуметтік, экономикалық, саяси, тарихи, психологиялық факторлар тоғысып, өзара тығыз байланысып жатқанын ұмытпау керек», дейді Диана Тоимбек.
Сарапшы соңғы жылдары Қазақстандағы білім беру саласының жалпы бюджеті жыл сайын өсіп, білім беру мекемелері халықаралық деңгейге сай өз жемісін беріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды деген пікірде. «Қазіргі қазақстандықтарды, жалпы алғанда, ел тарихындағы ең білімді ұрпақ деп санау артық болмас. Алайда қалалар мен шалғай аймақтағы білім беру мекемелеріндегі материалдық ресурс және адам капиталы арасындағы көрсеткіштердің алшақтығы жер мен көктей. Яғни сапалы білім алу мүмкіндіктерінің өзі ауқымды теңсіздіктің өршуіне жол беруде. Оған қоса болашақ ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру мәселесі қозғалғанда, көбіне тек жоғары білімге ғана мән беріледі», дейді сарапшы.
Д.Тоимбек NEET санатындағы жастардың көбеюіне саяси және экономикалық мүмкіндіктердің шектеулі болуын тағы бір себеп ретінде көрсетеді. «Білімді жастардың шетелге кетуі, көбіне өз елінде оңтайлы мүмкіндік жасалмағанынан деп есептеймін. Ал елде қалған жастардың көпшілігі мансаптық жағынан өсуге адал жету мүмкіндігіне бей-жай қарайды. Бұл жерде Үкімет ешқандай шара қолданбайды деп кесіп айтуға болмайды. Алайда он жерден халықаралық білім беру мекемелерін ашып, сонша реформа қабылданса да, «жалпы қолайлы орта» деген түсінікті естен шығармау керек. Яғни орталықтандырылған саяси-экономикалық институттар, демократиялық принциптердің ашық жүрмеуі, сыбайлас жемқорлықтың жаппай орын алуы, жүйелі оппозицияның жоқтығы, непотизм секілді тәжірибелер жастар үшін тұйық шеңбер. Әрине, бұл бір күнде жөнделе салатын дүние емес. Десек те қазірден нақты қадамдар жасалатын болса, адам құндылықтарын жоғары қойған нағыз даму жолына түсеміз», дейді Диана Тоимбек.
Сарапшының пікірінше, көп жағдайда жастар арасындағы жұмыссыздық пен олардың болашағы туралы сөз қозғалғанда ел ағалары жиналып «дұрыс-бұрысын» саралап, «оң» жолды сызып бермекке тырысады. Оған қоса жастардың мүдделерін білдіру мен қолдауға шақырылған мемлекеттік қызметтегі жастар сол мүдделерді өздері көре алмағанынан жастар тарапынан үлкен сынға ұшырайды.
«Менің ойымша, саяси, әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктер жасалған соң, жастарға құлақ асып, еркіндік беріп, сенім білдіру керек. Жастар арасындағы жұмыссыздық, өкінішке қарай, қай заманда да болатын дүние. Ол әлемнің ең дамыған елдерінде де қалыптасқан үрдіс. Бұл жердегі басты мәселе – адал еңбегінің жемісін көруге ұмтылған жастарға барынша жақсы орта құру және мүмкіндігінше білім беру мекемелерінде өнегелік қағидаларға баулудан бастау керек», деп түйіндеді Д. Тоимбек.
Түрлі зерттеулер көрсеткендей, көбіне әлеуметтік қажеттіліктері реттелмеген отбасында өскен балалар аталған санат қатарын толықтырады. Еңбекке ерте араласуға мәжбүр болу, оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмау, мемлекеттік бағдарламалар туралы білмеу немесе мүлде қызығушылық танытпау салдарынан не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жасқа айналады. Яғни жоғарыда айтылғандай, мәселеге тек бір қырынан қарауға болмайды. Мұнда отбасылардың әлеуметтік жағдайы, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, оның білім алуына жағдай жасауы, жастардың кәсіпте жетістікке жете алатынына сенуі сынды «көрінбейтін» себептер бар. Жұмыссызға жұмыс тауып, оқымағанды оқуға түсіру арқылы мәселенің шешіле қоймайтыны анық.
Президенттің жақында өткен Парламент Мәжілісі отырысында ұсынған бірқатар бастамасы да осы кешенді жұмыстарды қамтиды. Яғни бюрократия жойылмай, сапалы білім қолжетімді болмай, әлеуметтік әділдік мәселелері жолға қойылмай жұмыс істемейтін жастардың, ең жаманы еңбекке зауқы жоқтардың санын азайту қиын. Жаңа жылда жаңа құраммен іске кіріскен Үкімет мәселеге жан-жақты қарап, алдына қойылған мақсатқа жеткізер тиімді шешім қабылдайды деп сенеміз.