• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2022

Сәбиіне зақым келмеді

492 рет
көрсетілді

Алматыда айы-күні жетіп отырған Талшын есімді келіншек Жаңа жыл қарсаңында тайып жығылып, ауыр жағдайда жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген еді. 27 желтоқсанда болған бұл жағдайды одан кейінгі оқиғалар ұмыттырды.

Көшеде келе жатып қатты тай­ға­на­ған Талшын құлап ба­ра жатып, барынша ішіндегі шаранаға зақым келтірмеуге тырысқандықтан, оң жақ аяғы төмен жағынан екіге бөлініп, сынып кеткенін ойлауға шамасы келмеген еді.

Талшынды №4 қалалық ауру­ха­на­ға әкелген кезде жүк­тілігінің 40-шы аптасы бас­та­лып, тура бір аптадан соң бо­сан­уға тиіс болатын. Травма­то­лог­терге мұндай жағдайда аяғы ауыр әйелдің толғағын келтірмей және іштегі нәрестеге де ешбір зақым тигізбей қалай ота жасауға болады деген күр­де­лі мәселені шешуге тура кел­ді.

«Аяғы морт сынған жүкті әйелдің бізге әкелінгені туралы хабарланған сәттен бастап консилиум жинау туралы шешім қабылданды. Қабылдау бөлімшесінде науқасты клини­ка­ның жетекші травматолог, ортопед, хирург, анестезиолог және гинеколог дәрігерлері қарсы алды. Тез әрекет ету керек болды. 27 жастағы пациент тұңғышына аяғы ауыр екен. Әйелдің босанатын мерзімі жеткенін ескере оты­рып, көмек көрсетудің бір­не­ше әдісі қарастырылды. Хирур­гия­лық ем жүргізу туралы шешім қабылданып, сүйек кемігі ішілік бұғатталатын өзек­шемен асықты жіліктің остео­синтезі жасалды. Бұл әйелге кесарь тілігіне жүгінбей бо­сануға, сондай-ақ тез аяққа тұрып, сәбиді күтуге мүмкіндік беретін еді», дейді Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Марденова.

Шұғыл түрде жүкті науқас жан­сақ­тау бөліміне жатқы­зы­лады. Отаны қабылдау бөлі­мі­нің меңгерушісі Ма­гадин Хай­роев жүргізіп, әріп­те­сіне жетекші травматолог Кон­стан­тин Морозов көмек­те­сті. Күр­де­лі отаға акушер-гинеколог және нео­натологі бар №4 перзентхана дәрігерлерінің бригадасы да қатысты. Операция 1,5 сағатқа созылды. Бұл травматологтен зергерлік дәлдікті талап ететін жағдай болғандықтан, операцияішілік рентген жүйесі қол­данылды.

«Сүйек кемігі ішілік бұ­ғат­талатын өзекшемен оң жақ асықты жіліктің жабық остео­син­тезі жасалды. Бұл – сыртынан бекітпей жасалатын сүйек сынықтарының қосын­ды­сы. Остеосинтез сы­нық­тардың толық біріккенге дейін мықты бекітілуін қамта­ма­сыз етеді. Бұл әдістің артық­шы­лығы сонда, оның ағзаға зақымы барынша аз. Сонымен қатар біз науқастың отадан бірнеше күн өткен соң сынған аяғына күш сала алғанын қалаймыз», деді дәрігер Магадин Хайроев.

Әрі қарай дәрігерлер Тал­шын­ның өз күшімен босануын күтуге шешім қабылдайды, әрине бұл ана­сы­ның қиналмай, нәрестесінің де күйзеліссіз дүниеге келуіне септесті. №4 перзентхананың акушер-гине­ко­лог­тері жүкті әйелге ауруханада күн сайын барып тұрды. Қазір дәрігерлер ота кезеңі мен отадан кейінгі кезеңді сабырмен өткерген Талшынның ерлі­гі­не тәнті болып отыр. Ол үрейге бой алдырмай, ерекше шыдамдылық та­ныт­қан.

Осыдан кейін ғана Талшын босану үшін №4 перзентханасына ауыстырылды, ал 2 қаңтарда ұл туды.

«Біз жұбайым екеуміз №4 қала­лық ауруханасы мен перзентхана дәрі­герлеріне өте ризамыз. Олардың көмегінің арқасында қол-аяғымды бауырыма алып, дұрыс босандым. Ұлымыз 3 400 гр салмақпен дүниеге келді, атын Сұлтан деп койдық. Бұл жарақат пен отадан кейін бір апта өтті, қазір өзім жүре аламын. Дәрі­гер­лердің қарауында бол­ған кезде олардың шынайы қам­қорлығына бөлендім. Құдай ақ халатты абзал жандарға мызғымас денсаулық берсін», деді Талшын перзентханадан шыққан күні.

 

АЛМАТЫ