• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қаңтар, 2022

Құнды құжаттар қауіпсіздігі

1610 рет
көрсетілді

Архив саласына атүсті қарау­ға болмайды. Себебі рухани жаң­ғырудың бастауы сол жерден таған тартады. Сондықтан тарихи деректерді барынша мұқият сақтап, қолды болуына жол бермеуіміз қажет. Бұл ретте «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Бүгінде елдегі архив мекемелері заманға сай RFID жүйесін іске қосып, құнды құжаттарды қадағалап отыр.

Шынында архив қорын, тарихи мұра­ларды, түпнұсқа құжаттарды болашаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізу парыз. Шежірелі дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақ­ты пайдалану барысында сандық жүйе­нің рөлі жоғары. Қазір архивистер өткен дәуірден бүгінге дейінгі кезеңді қам­титын отандық және шетелдік архивтер дүниесіне ілгері зерттеу жүргізіп жатыр.

Жаһандық індет кезінде онлайн, цифрлы, электрондық форматтың қан­шалықты маңызды екені айқын кө­рінді. Мұны Нұр-Сұлтан қаласының мем­лекеттік архивіне барғанда байқадық. Мұнда электронды архив құрып, соны іске қосу мәселесі оңтайлы шешілген. Ең ғажабы, құнды құжаттардың жоғалуын және рұқсатсыз пайдаланылуын бол­дырмау үшін қалалық мұрағат радиожиі­лік тегтерін (RFID жүйесі) пайдалана отырып, қауіпсіз сақтау және олардың қозғалысын бақылау жүйесін енгізіпті. Яки ақпараттық қауіпсіздік немесе киберқауіпсіздік саясаты әзірленген.

Ол қалай дейсіз ғой?! Мәселен, бар­лық цифрланған құжат кескіні негізгі сер­верден бөлек, желіден тыс сақтық кө­шірме жүйесі арқылы жасалған дис­кілерде сақталады. Алда-жалда де­рек­қор бұзылған жағдайда, барлық ақпа­ратты мүмкіндігінше тез қалпына кел­тіруге болады.

«Біз қойманы дәстүрлі ақпарат құ­рал­дарына арналған заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етудеміз. Мұрағат сөрелерінің жалпы ұзындығы 7,5 мың километрді құрайды», дейді астаналық архив директоры Мейрам Бектембаев.

Оның айтуынша, қазір архивте құнды құжаттарды сақтандыру қоры құрылу­да. Сонымен қатар мұрағат базасында оларды қалпына келтіруге арналған толыққанды зертхана жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұрағат қоры 18 есеге өскен. Құжаттардың жалпы көлемі 50 миллион парақ. Олардың 70 пайызының өңі кеткен немесе төмен контраст мәтінге толы. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалалық архив алдында тұрған ма­ңызды міндет – мұрағат материалдарын толыққанды цифрландыру. Қала әкімдігінің қолдауымен электронды мұра­ғат жүйесі қосылған. Жақында архив қоймасының сыйымдылығын арт­тыру мақсатында 210 терабайт сақ­тау мүмкіндігі бар деректерді өңдеу орталығы құрылыпты.

 Қазіргі таңда архив қызметкерлері 4 миллионға жуық парақты цифрландырды. Алдымен, тұрақты түрде сұранысқа ие материалдарды өңдесе, екіншіден, тарихи құндылығы қымбат бағалы құ­жат­тарға қайта жан бітіруде. Бұл қайта-қай­та пайдалану кезінде бояуы кеткен ескі қағаз материалдарды айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Ал үшін­шіден, мұрағат жеке және заңды тұл­ғалардың өтініштері бойынша сараланып, маңызды мағлұматтарды цифрландыруда.

«Осы жұмыстардың нәтижесінде,  элек­тронды оқу залы құрылды. Қазір мұрағат материалдарымен жұмыс істеуге ниетті тарихшылар немесе ғалымдар құ­жаттардың электронды көшірмелерін ғана пайдаланады. Біз керек деректер­ді пошта арқылы да жібере аламыз. Құ­жаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енді қағаз түпнұсқалары ешкімге берілмейді», дейді М.Бектембаев.

Директордың сөзіне сүйенсек, ерте ме, кеш пе әрбір тұлға өз отбасының шығу тегін, шежіресін зерттей бас­тайды. Бұл ретте елордалық мұрағат ше­жірелік зерттеу жобаларын жүзеге асыру арқылы адамдарға барынша кө­мек көрсететін болады. Қалалық архив өзінің сайтында құнды құжаттар тізім­демелерінің цифр­лы кескіндерін орналастырды. Яғни кез келген адам үйден шықпай-ақ керек ­материалдармен таныса алады.

Айтпақшы, астаналық мұрағат заманауи 3D сканерін пайдалана отырып, оқырманға қызықты экспонаттардың 3D көшірмелерін қамтитын виртуалды өлкетану экспозициясын құрды. Бұл да оқырманға үлкен олжа. Алдағы уақытта архив қызметі ақылы болуы әбден мүмкін. Бұл шетелдік архивтерде бар тәжірибе. Ақылы қызмет қосылса, отандық архивтер мемлекетке қол жаймай, аз да болса өз күнін өзі көруге жағ­дайы келер еді.