Қаңтардың соңғы күнінде Алматыда 1 556 адам індетке шалдыққан. Өкінішке қарай, індет жұқтырғандар арасында балалар көбейіп келеді. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова алдыңғы аптада 13 508 адам коронавирус жұқтырса, өткен аптада індет 14 213 алматылықтан анықталғанын айтты.
«Алайда 27 қаңтардан бері тұрақтану үрдісі тіркелді. Жалпы, Алматы тұрғындарына жауапкершілік танытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Өйткені бір апта ішінде қайта вакциналанғандардың саны 42 мың адамға немесе 36%-ға артты. Бұл халық арасында иммундық аралықты 56,8%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді (вакциналанғандардың 52,6%-ы, пандемия басталғаннан бері ауырғандардың 4,2%-ы). Бұл дерттің бәсеңдеуіне әсер етті», деді Ә.Қалықова.
Ол індеттің жыл басынан бері Алматыда 18 есе өскенін алға тартты. Дегенмен 20-39 жас аралығындағы науқастар саны 40%-дан 35%-ға дейін азайды.
«Бірақ өткен аптада 14 жасқа дейінгі балалар арасында індет айтарлықтай өршіп 5,4%-ға, ал жасөспірімдер арасында 1%-ға көтерілді, сондай-ақ 60 жастан асқандар арасында 3%-ға өсті. Бір жасқа дейінгі балалар арасында керісінше 450-ден 438 жағдайға дейін сәл төмендегені байқалады. Бірақ оның үлесі балалар арасында айтарлықтай – 22,8%.
Ал енді жұмыссыздар мен өзін өзі асырап отырғандар індетке неліктен жиі шалдығып жатыр? Әсел Қалықова өткен аптада жұмыс істемейтін және өзін өзі жұмыспен қамтыған алматылықтар арасында індет жұқтыру көрсеткіші – 33%, түрлі ұйымдар мен кеңселердің қызметкерлері – 22%, зейнеткерлер – 20%, мектеп оқушылары – 9% және мектеп жасына дейінгі балалар арасында 6% болғанын мәлімдеді.
Соңғы талдаулар алматылықтардың көбінесе індетті сауда-саттық орындарынан жұқтыратынын анықтады. Одан кейін қоғамдық көліктер мен үйдегі адамдардан бір біріне жұғады.
Алматыда 27 қаңтардан бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандар үшін жұмыс және демалыс күндеріндегі уақыт бойынша жұмыс режімі белгіленбейтін болды. Білім беру мекемелеріне білім берудің келесі форматына рұқсат етілген: ата-аналардың өтініші бойынша штаттық форматта; жалпы білім беретін мектептердің жұмысы: 1-4 сыныптар – штаттық форматта; 660 балаға дейінгі мектептер – штаттық форматта; 600-ден астам бала мектептер – 50% қуатымен штаттық форматта.
Қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары КВИ жұқтырғандармен байланыста болған науқастарға қатысты шектеулер мен рұқсаттарға қатысты сөзінде екінші компонентті алғанына 6 айдан аспаған болса, ревакциналау немесе COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алғаны туралы құжаттық растау болған кезде үй карантиніне оқшауланбайтынын жеткізді. «Жетінші күні ПТР әдісімен COVID-19-ға тексеру жүргізіледі. ПТР-зерттеудің теріс нәтижесімен үй карантині аяқталады. Егер жетінші күні COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізілмесе, үй карантині оқшауланған сәттен бастап 10 тәулік өткенге дейін жалғасады», деді ол.
АЛМАТЫ