• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Ақпан, 2022

Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруға тиіс

490 рет
көрсетілді

Қаңтар оқиғалары саяси-экономи­калық және әлеуметтік тұрғыдан қаншалықты осал екендігімізді айқ­ын көрсетіп берді. Ендеше, мем­лекеттің негізін шайқалтатын, елдің тәуелсіздігіне қауіп төнді­ретін мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу керектігі бәрімізді тол­ғандыруға тиіс және оған жауап іздеуіміз қажет. Сондықтан қоғам­да бұл мәселе кеңінен талқыланып, пікірталастар мен ой-пікірлер ор­таға салынып та жатыр.

Иә, қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алуы­мыз керек? Оның қайталанбауы үшін не істеуіміз керек? Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстандағы бай­лық­­тың тең жартысы елдегі 162 адам­ның қо­лы­­на шоғырланғанын, ал халықтың жар­­ты­­сы­ның еңбекақысы 50 мың теңгеден ас­­пай­­­ты­нын мысалға келтірді. Осындай бү­кіл ұлт­тық байлықтың ат төбеліндей топ­­тың қолына шоғырлануына не себеп бол­­ды? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл бол­­­ған­да халықтың жартысының 50 мың тең­­­ге­мен (қазіргі азық-түлік бағасының күн­­де өсіп жатқан жағдайында) күн көріп жат­­­қа­нын немен түсіндіруге болады? Мұн­­дай қа­йыр­шылық жағдайға қалай келдік?!

Ең бірінші, әуел бастан айту керек, қазіргі біздің қоғамда ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеу мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Бір қарағанда, осын­­шама территориясы мен қазба бай­лығы және басқа да материалдық ресурс­тары бар Қазақстан сияқты елде 19 млн халықты барлық жағынан толық қам­тамасыз ете алатындай мүмкіндік бар ғой! Ендеше, неге олай емес?!

Қысқаша айтқанда, бұл жағдай – елдің әлеуметтік-экономикалық күш-қуатының ең маңызды көрсеткіші болып табылатын ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеуі, яғни әділетсіз қоғамда өмір сүргеніміз­дің жалпы көрінісі. Сон­дықтан ұлтт­ық байлықты әділ бөлу­дің механизмдері заңдық тұрғыдан бекі­тілуі, экономиканы дамытудағы кем­ші­ліктер мен әлеуметтік саладағы олқы­лық­тарды, сонымен қатар жалпы қоғам өмірі­нің барлық саласындағы жүйелі кем­ші­ліктерді жою батыл жүзеге асырылуға тиіс.

Мұндай тарихи кезеңдердегі мемле­кет­тік күрделі мәселелерді шешкенде Ұлы дала тұлғаларының бай мұрасына жүгін­ген дұрыс. Қазіргі қиын да күрделі заманда қазақ мемлекетін президенттік басқару формасына негізделген саяси жүйе ғана өзін ақтай алады. Бірақ мұнда бірінші басшының рөлі ерекше екенін айтқан жөн. Қазіргі кезде қойылып отырған сая­си және экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыру. Мұны жа­сау үшін бірінші басшының ақылы мен қо­ғам­да тәртіпті қамтамасыз ететін заң жү­зін­дегі тетіктерді қалыптастыратындай әре­кетшіл-парасаты қажет. Осы жерде бірінші басшы туралы Ұлы дала елі­нің данышпан тұлғасы Әл-Фарабидің ілі­мі­нен үзінділер келтірейік: «Бірінші бас­­шы ғылымы, білімі жетілгені сонша, бұл жөнін­де өзіне басшылық ететін бас­­қа адам­ға мүлдем тәуелді болмайтын­ дә­ре­же­де шын жетілген адам. ...Бұл адам ба­қыт­қа жеткізетін әрекеттерді бел­гі­леу­ге және оларға бағыт сілтеуге тама­ша қабілетті. Бірақ бұл жаратылыс қа­сиет­тері өте тамаша, абзал адамдарға, яғни жандары әрекетшіл-парасатпен бірге біт­кен адамдарға ғана тән» деп сипаттама бер­­ген. Ал осыған керісінше, атаққұмар бас­­шы­­лар туралы: «...барлық әдіс-тәсіл­дер­ді қолдана отырып, өзінің және өз ба­ла­­лары­­ның атын мәңгі қалдыруға, өз ба­­ла­ларын өзінің ескерткіші етіп қал­ды­­руы, өз балаларына немесе өз руына өкі­мет билігін қалдыруға тырысуы, ...бай­­лықты басып алып, оны басқаға пай­да­­лан­­дырмауы, ...дүниені үсті-үстіне жи­­най беруі... содан кейін ол адамдардан алшақ­тай түседі», дейді ойшыл.

Осы ретте айта кеткен орынды, Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұр­ғын­дарының көзқарастары» атты фило­софиялық трактатында «қайрат», «ақыл» және «жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», дейді. Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі – ұлы Абай негізін қалаған «толық адам» ілімінің түп-төркіні қайда жатқандығын білдіретін құнды дерек көздеріне жатады. Әл-Фарабидің осы философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші» қарасөзінде өзінің логикалық жалғасын тапқандай. Абайдың осы сөзінде «қайрат», «ақыл» және «жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Ғылым: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым», деген қорытындыға келеді.

Жоғарыда келтірілген ұлы тұлғалар­дың сөздерінен төмендегідей тұжырым шығады. Біріншіден, бірінші басшыда Ұлы дала елінің даналары айтқандай, ақыл мен қайратты өзіне біріктіретін, «халқым», «елім» деп соғатын жүрек болу керек! Жоғарыда аталған басшылық қасиеттерді (әрекетшіл-парасат, ақыл мен қайратты жүрекке бағындыру сияқты) қазіргі Президентіміздің бойынан байқап отырмыз. Биылғы 21 қаңтарда өткен ірі бизнес-қауымдастық басшыларымен кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен үшін мемлекет мүддесі бі­реу­мен жақсы қарым-қатынастан жо­ға­ры», деп мәлімдеді. Мұндағы Прези­дент­тің «мемлекет мүддесі» дегені халық­тың мүддесін бірінші, жоғары қо­йып отыр­ған­дығы айдан анық. Кешегі Nur Otan пар­тия­сының съезінде ұйымдық және кадр­­лық тұрғыдан алғашқы өзгеріс­тер жа­сал­ды. Ұйымның 55 пайызы жа­ңар­­тылып, қатарына негізінен жас­тар ен­гізілді. Бұл бағытта да халықты өзіне тар­татын және соның қолдауына ие болу үшін әлі де тиянақты жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Бұл саяси, экономикалық және әлеу­мет­тік реформаларды аяғына де­йін ба­тыл­­дықпен жеткізу үшін күресте (тарих­тағы ұлы француз революционері Жорж Жак Дантон: «Батылдық, батылдық және тағы да батылдық керек», деп айт­қан­дай), бірінші басшымыздың істі аяғы­на де­йін жеткізуге деген «әрекетшіл-па­ра­са­ты» мен оған халықтың сенімі мен қол­дауы жеңіске жеткізетіндігі ақи­қат. Сон­дық­тан мұндай, жүрегімен бас­қа­ратын, «әрекетшіл-парасатты» бірін­ші басшы өзінің қол астындағы қыз­мет­­керлерінің әділдігін, халық үшін бері­ліп қызмет істейтіндерін бірте-бірте сұ­рып­тап, өз командасын қалыптастыруға қа­жет. Бұл іске біздей халқы аз, бәрі ала­қан­дағы­дай көрініп тұратын ел үшін қөп уа­қыт­тың керегі жоқ. Мемлекеттік басқару ор­ган­да­ры мен жергілікті әкімдіктердегі кадр­лар ең бірінші ұлттық сезімі жоғары, жү­ре­гі­мен елім деп қызмет істейтін адамдар­дан, әсіресе жастардан жасақталуға тиіс. Олар жемқорлықпен айналысқан және өзі­нің пай­дасын ғана ойлаған бұ­рын­ғы қыз­мет­кер­лердің қоластында іс­те­меген, таза болуы керек. Ондай жас­тард­ың басқару тәжі­ри­бесі аз болса да, еліне қызмет етуге ын­та-жігері болып, жү­регі­мен және халықтан бұқпай, қайта оны­мен бірлесіп қызмет етсе, шаруаны алға алып кететіні сөзсіз.

Біздің қоғамдағы басты жеккөрінішті құбылыс жемқорлық екені белгілі. Прези­дент жемқорлықтың жүйеге айнал­ған­дығын «Қаңтар трагедиясының» басты бір себебі ретінде атады. Сондықтан же­келе­ген іс-шаралар жемқорлықты түбі­рі­мен жоя алмайды. Оны жою үшін ке­шен­­ді саяси және экономикалық жү­йе­лі ре­фор­малар жүргізілуге тиіс. Бір жағынан, оның техникалық базасын жасай отырып (мы­салы цифрландыру және т.б), екінші жа­ғы­нан заңды жетілдіру және дұрыс кадр­лық саясатты қолға алу қажет. Әлемде жем­қор­лықтың тамырына балта шабатын заңдарды жасау тәжірибесі мол. Оны біз­де­гі маман-құқықтанушы жастардың ба­сын біріктіріп, жемқорлықтың алдын ала­тын және жемқордың жазаланбай қал­май­тындай тиімді заңдар құрылымын әр сала бойынша жасап шығару және оны қол­дану барысында жетілдіріп отыруды қол­ға алу керек. Міне, осыған қабілетті жас­т­арды заң шығаратын парламентке өт­кізген дұрыс. Кадрлық саясатта да ше­неу­нік­тердің туысқандары мен бизнес сала­сын­дағы тамыр-таныстарын қызметке алу­ды доғарып, оны қатаң бақылау және ол үшін жазалау шараларын заң жүзінде бекіткен оңды.

Жалпы, жоғарыда айтылған реформаларды мемлекеттің Конституциясына өзгерістер енгізбей сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан халықты кеңі­нен қатыстыра отырып, Ата Заңның то­лық­­тырылған және өзгертілген нұс­қасын қабылдау қажет. Ата Заңға өзгеріс енгізу мен саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тетіктерін жасау үшін біз шетелде және өзімізде оқыған, өз елінің болашағы үшін жанын аямайтын, алдыңғы қатарлы жастардан әр сала бойынша жұмыс топтары құрылуы керек. Оларға қаражат және материалдық тұр­ғы­дан барлық жағдай жасалуға тиіс. Әлем­дік тәжірибе мен ұлттық мента­ли­тет­ті ескере отырып, жұмыс істейтін топ­тар­дың қай сала болсын негізгі көз­дей­тін мақсаттары: ұлттық байлықтың әділ бөлінуі мен қоғамда ашықтықты қам­та­масыз ету, қандай іс болсын халық­тың ба­рын­ша толық қатысуы, қай салада бол­сын жемқорлыққа мүмкіндік беріл­­мей­тін жағдайлардың жасалуы сияқ­­ты ма­ңызды мәселелер міндетті түрде орын алуы керек. Ондай іспен айналы­са ал­а­­тын жас­тар бізде бар және олар да­­йын! Тек қана мемлекет тарапы­нан толық қол­дау қажет. Жастарды көше­ге шы­ға­ру­­дың орнына оларды осындай ел үшін жа­с­ам­­паздық істерге тарту қажет. Сонда ғана Қазақ елінің өрке­ниет­тілігін, жасам­паздығын әлемге паш ете ала­мыз! Бірақ, әрине, бұл өрке­ниет­тілік пен жасам­паздық басқа елге емес, алдымен өзімізге керек!

Сонымен, қазіргі ел тағдыры шеші­лер кезеңде Ұлы дала даналарының айтқан­дарын ескере отырып, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ: бойындағы барлық қасиетін: қайтпас қайрат пен нұрлы ақылды қара халқым деп соққан жүрекке бағындыру арқылы Президент өзінің алға қойған мақсатына жеткенше аяғына дейін әрекетшіл-парасатты тұлға болып қалуды Қазақ елі күтеді. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек!

 

Сыздық САТАЕВ,

профессор