• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Ақпан, 2022

«Ел тәуелсіздігін нығайтуға тырыстым»: Бауыржан Байбек қызметінен кетті

200 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгін лауазымынан босатылды. Осы оқиғадан кейін ол әлеуметтік желі арқылы Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев пен партияның Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өткен аптадаөткен Nur Otan-ның XXI тарихи Съезінде партияға жаңа міндеттер қойылды. Сондықтан мен партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметімнен босату туралы тиісті өтініш бердім. Бүгін менің өтінішім қанағаттандырылды», деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек мемлекеттік және партиялық қызметте 20 жылдан астам еңбек етті. Екі рет, жалпы алғанда 6 жылға жуық – Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, 3 жылға жуық – Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымдарында, 4 жыл Алматы қаласының әкімі болып жұмыс істеген.

«Қандай қызмет атқарсам да, қай салаға жауапты болсам да, мен әрқашан Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайтуға, қоғамда ішкі саяси тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға өзімнің үлесімді қосуға тырыстым. Өз жұмысымда ашықтық және жауапкершілік қағидаларын басшылыққа алдым. Ар-намыс, сөзге беріктік және іске адалдық деген ұғымдар мен үшін әрқашан бірінші орында болды», деді ол.

Сондай-ақ ол өзіне жүктелген жұмыстарды атқаруда зор сенім білдіргені үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысы, Nur Otan партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа осы жылдары жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс айтамын. Партия аппаратының қызметкерлеріне, сондай-ақ орталықтағы және жергілікті жерлердегі барлық партия мүшелеріне ерекше алғыс білдіремін. Олар – жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықпайтын іскер жандар, Қазақстанның болашағы үшін күн сайын қажырлы еңбек ететін нағыз патриоттар. Сіздермен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды!», деді Б. Байбек.

Сөз соңында ол тағдыршешті кезеңде әрбір азамат өзінің көзқарасы мен сеніміне қарамастан Мемлекет басшысының айналасына топтасуға шақырды.