Қазақ тілінің әдеби нормасында көп қолданылатын «қауым» деген сөз бар. Кейде «ұлт» ұғымын осы сөздің баламасы ретінде пайдаланып жүрміз. Бірақ біздің пайым бойынша, «қауым» ол «ұлттан» әлдеқайда аясы кең түсінік. Мысалы, мұсылман дінін алайық ол жеке ұлтқа түскен жоқ, қауымға түсті. Сондықтан да біз «мұсылман ұлты» деп емес, «мұсылман қауымы» деп айтамыз.
Әсіресе, Кеңес одағында қауым мен ұлт ұғымдары идеологиялық тұрғыдан әдейі бұрмаланып, күмәнді түсінікте сипатталды. Ал біз қазіргі әлемде тұтас қауымдық құрылым негізінде қалыптасқан экономикалық һәм саяси-әлеуметтік себептерді сараптай отырып, қауым дегеніміз – индустриялық дамудың заңды шарттарына жан-жақты жауап бере алатын ұлттық дамудың ең жоғарғы сатысы, деген тұжырым айтқымыз келеді.
Бұл жерде оқырманның есіне сала кететін маңызды ескерту – кез келген халық әуелі біртұтас ұлт болып толық қалыптаспайынша ол ешуақытта қауымға айнала алмайды. Бұл өткен және қазіргі адамзат баласының басынан кешкен және кешіп жатқан өмір тәжірибесі. Біз ойдан шығарған дүние емес.
Адамзат тарихында дара мемлекеттік басқару жүйесін дәстүрге сай жетілдіре отырып, елдегі саяси, ғылыми, мәдени және әлеуметтік мәселелерді дер кезінде дұрыс бағыттап, осы мәселелерден туындаған іс-әрекеттерді сәтті ұйымдастырып, экономиканың өндіргіш қуатын өз адамдарының ой-сана, күш-жігерімен орнатып үлгерген ұлт қана қауым бола алады.
Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада өнеркәсіп революциясы басталғаннан кейін әлемдік экономиканың негізін қалаушы ағылшын, неміс, француз, орыс сияқты ірі-ірі қауымдардың қалыптасу процесі едел-жедел жүрілді. Бұл процесс бірнеше ғасырға созылып, ХХ ғасырда Азия құрлығында да жапон, корей, қытай сияқты экономикасы қуатты ірі-ірі қауымдастықтар дүниеге келді.
Ал біздің жағдайда аграрлы ауылшаруашылық елдер қатарынан индустриялы держава дәрежесіне өз күшімізбен көтеріліп шыққан жағдайда ғана ірі қауым болып қалыптаса аламыз. Өкінішке қарай, осындай қауым болу мүмкіндігін қазақ халқына тағдыр әлі сыйламай келеді.
Батыс Еуропада индустриялық қоғам тудырған қауымдастықтардың қалыптасуы негізінен «бір ұлт – бір мемлекет» принципі бойынша іске асты. Ұлттық мүдделерді мақсат тұтқан үстемшіл саясаттың, озық ғылым мен терең білімнің негізінде құрылған қуатты экономиканың арқасында ағылшын, неміс, француз, орыс сияқты үлкен-үлкен ұлттар өздерінің ана тілдерін аймақтық және әлемдік тілдерге айналдырып үлгерді.
Қауым болып қалыптасқан осы ұлттар кезінде сандық және сапалық (ой-өрістік, кәсіпкерлік) жағынан басқалардан әлдеқайда артықшылықта бола білді. Осындай прогресшіл ұлттардың озық өкілдері ғана әлемдік экономиканың негізін салып, бүгінгі адамзат өркениетінің көшін бастап, экономикалық, саяси, әскери бәсекелерде алдарына жан салмай салтанат құрып келеді. Ал өркениеттен кенжелеп қалған халықтар мен ұлттар өздерінің өмірдегі сәтсіздігі мен қоғамдағы кертартпалығын сол ұлы қауымдастықтардың озбырлығынан емес, өздерінің ой-өрістерінің тарлығынан көргендері дұрыс.
Еуропа ұлттарының қауым боп қалыптасуы нәтижесінде, қала өмірі мен ауыл өмірі бір деңгейде өркендеді. Ел азаматтары тұрмыста, мәдениетте біркелкі әлеуметтік теңдікке қол жеткізді. Ұлттар мен халықтарда кездесе беретін көне қоғаммен бірге қалыптасқан кертартпа ой-сананың қалдығы – рушылдық һәм тайпалық қарым-қатынастар жойылды. Халықтық демократия деген түсінік пайда болды. Қауым құрушы ұлт басқарған мемлекеттің әлеуметтік деңгейі бұрынғыдай олардың ұлттық құндылықтарымен емес, енді өз экономикасының жетістіктерінің жемісімен, тұрғындар өмірінің өскелең игіліктерімен өлшенетін болды. Нәтижесінде, қоғамдағы қарым-қатынастар өркениетті түрге көшті де, ұлттық мемлекет тұтас қауымға айналды.
Қазіргі типтік парламенттік еуропалық мемлекет – мемлекет-қауым. Мемлекет-қауымға жеке азаматтылықтың қатысы аз. Себебі азаматтылық – адамның шыққан тегі және этностық сипатымен байланысы жоқ құқықтық санат. Азаматтықтан шығуға болады, азаматтықты қабылдауға болады. Бірақ бұдан жеке адамның қандай халыққа, қандай ұлтқа, қандай қауымға жататындығы өзгермейді. Сондықтан, неміс қайда да - неміс, жапон қайда да - жапон. Олар қай елге барса да өз қауымдастығының құрметі мен мәртебесіне ие.