Президенттің айтқан сөздерін бажайласақ та, соңғы күндері болып жатқан өзгерістерге қарасақ та, қаржы нарығында көп ұзамай елеулі өзгерістер болатынын байқаймыз. Қаржы институттарының нарықта халықпен бетпе-бет қалатын күні де алыс емес секілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың банкирлерге мемлекет көмектеспеуі керек деген сөзі көп нәрсені меңзейді.
Президент пәрмені
«Жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені экономикаға бағыттаған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде артық ақша массасы пайда болды. Бірақ бұл қаражат жетпей жатқан салалар да бар. Банктер, әсіресе ауылдық жерлерде шағын жобаларға қаржы салмайды» дей келе, ендігі кезекте микроқаржылық ұйымдар әлеуетін көтеруге көңіл бөлу, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесе отырып шешімдер пакетін даяр ету керегін тапсырды. Президенттің арнайылап тоқталған тағы бір мәселесі – стрестік активтер жайы.
«Стрестік активтер деңгейін төмендету бойынша жұмыс жүргізу үлкен маңызға ие. Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек деген шешім қабылдадық. Бұғатталған активтерді экономикалық айналымға оралту керек, бірақ тек нарықтық негізде. Бұл үшін заңнамалық база қажет. Үкімет агенттікпен бірлесе отырып жыл соңына дейін заң жобасын Парламентке енгізсін», деді Қ.Тоқаев.
Президент бұл мәселені биыл 21 қаңтарда тағы бір еске салып, стрестік активтердің цифрлы платформасы мен инфрақұрылымын құруды, оны сатып алатын және сататын қосалқы нарық қалыптастыруды, оларды иелену үшін салық ынталандыруымен қоса жағдай жасауды тапсырды.
Шынайы картина қандай?
Стрестік активтер дегеніміз не? Бұл – төлеу мерзімі 90 және одан да көп күннен асып кеткен несие қарыздары, қаржылық жағдайдың нашарлауына байланысты қайта құрылымдалған қарыздар, банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарының балансындағы активтер, сондай-ақ өндіріп алынған мүлік. Қазір мұндай проблемалық қаражат көлемі 2,5 трлн теңге деңгейінде.
Қарапайым халықтың тілімен айтар болсақ, бұл – «уытты» активтер. Экономист Қайырбек Арыстанбеков стрестік активтердің елімізде 2008 жылдан бастап қалыптасқанын, қаржылық-өнеркәсіптік топтар мен трансұлттық компаниялардың бір мүддеге жұмыс істеуі соңында күрмеуі қиын осы проблемаға алып келгенін айтты.
– Бізде белгілі бір топтар коммерциялық банк пен ірі, орта кәсіпорындарды бірдей басқарады. Сосын өзіне қарасты банктен өзіне қарасты кәсіпорынға несие береді. Екеуін де бір қожайын басқарған соң кәсіпорын көп жағдайда несиесінен құтылмайды. Нәтижесінде, банктің шығыны, жұмыс істемейтін активі көбейеді. Сондай шығындарды осы күнге дейін мемлекет сатып алып келді (төленбеген несиенің орнын толтыру, оны қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру үшін мемлекет банкке тағы да ақша береді – ред). Мемлекет құрған стрестік активтер қорына Ұлттық қордан, мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінді. 2014 жылдың өзінде 250 млрд теңге стресті активтерді сатып алуға жұмсалыпты, – дейді экономист.
Агенттік не ұсынады?
Сарапшы сөзінен тамырын тым тереңге жіберген сыбайластық салдарынан мемлекеттің қанша қаржысы көкке ұшқанын, ауыр экономикалық соққы алғанымызды көруге болады. Болар іс болды, енді оны қалайда төмендеткен ләзім. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бірқатар бастама заңда көрініс табады.
«Атап айтқанда, жеке инвесторлардың қатысуы үшін стрестік активтерді сатып алушылардың тізімін кеңейту ұсынылады. Заң жобасында стрестік активтерді сенімді басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар құру көзделген. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін қарыз алушылармен өзара қарым-қатынас бойынша барлық қолданыстағы заңнамалық шектеу жаңа инвесторлар мен сервистік компанияларға қолданылатын болады. Сонымен қатар заң жобасы банктерді өндірілген мүлікті экономикалық айналымға тартуға ынталандыруға бағытталған. Бұл үшін мұндай мүліктің банктердің балансында болуының 3 жылдық мерзімін белгілеу ұсынылады. Тағы бір басым міндет – стрестік активтер нарығына арналған толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру. Бұл стрестік активтерді еркін сатып алу-сату үшін алаң құруды және нарыққа қатысушылар үшін ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді қамтиды. Қазіргі уақытта нарықтың жеке ойыншылары стрестік активтерді сату бойынша жергілікті платформалар арқылы жұмыс істейді», деп мәлімдейді агенттік.
Олардың хабарлауынша, құрылатын бірыңғай платформа сатушы мен инвестор арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге ықпал ететін және сатылатын стрестік активтер жөнінде жалпыға қолжетімді ақпарат көзі болмақ. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы қазіргі баға алшақтығын азайтуға және стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлар базасын кеңейтуге, стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын құруға мүмкіндік бермек.
«Бірінші кезекте, платформа жекелеген кредиттер мен активтер туралы ақпаратты, сондай-ақ бенчмаркинг мақсаттары үшін мәмілелер бағалары жөніндегі деректерді қоса алғанда, деректерді шоғырландырушы болуға тиіс. Сонымен қатар платформа транзакция процесін стандарттай алады. Бұл транзакция шығыстарының төмендеуіне әкеліп, стрестік активтер нарығына әлеуетті инвесторлардың кіруіне кедергілерді жоюды қамтамасыз етеді. Агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп, стрестік активтерді сатып алу және сату бойынша барлық мүдделі инвестор мен проблемалық кредиттерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай платформа құру мәселесін пысықтайды», делінген хабарламада.
Мүдделер қақтығысы
Бұл бір қарағанда қаржы секторының әдеттегі мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Бірақ Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге қарата Қазақстанда табылған табыс Қазақстанда жұмсалуы керек деуі стрестік активтер мәселесінің тым тереңде екенін ұғындырады.
«Шетелдік инвестиция үшін күрес күшейіп тұрған қазіргі жағдайда біздің ішкі резервке арқа сүйеуімізге тура келеді. Әңгіме отандық компаниялардың қаражаты туралы болып отыр. Егер сіз келешегіңізді Қазақстанмен байланыстырсаңыз, онда өз ақшаңызды біздің елге инвестициялауыңыз керек. Сіздің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершілігіңіз осыдан білінеді. «Осында ақша тауып, басқа жақта жұмсаймын» деген ұстанымға енді орын жоқ», деді Қ.Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуінде.
Президенттің айтуынша, бұл тараптағы жұмыс екі бағытта жүргізіледі. Бірі – капиталды елге қайтару немесе капиталдың елге қайтуын ынталандыру. Екіншісі – қаржының офшорға кетуіне кедергілер қою.
«Мұндай механизм әлемнің көп елінде қолданылады, бізге де алға жылжу керек. Осы жұмысқа банктерді қалай тартатынымызды түсіну маңызды. Ақша нарықтағы спекуляцияға емес, нақты экономикаға кетуге тиіс. Біздің банкирлер «нақты бизнес-жобаларды несиелеу» дейтін өздерінің тікелей әрі басты функциясын орындауды бастауы үшін қадағалауда нені түзеген жөн? Әрине, өте қиын мәселе, бірақ оны шешетін кез келді. Экономикадағы тың өзгерістерді тежеп тұрған да басты бөгет осы», деді Президент.
Талай жылғы сайранның да бір сұрауы болуы керек еді, Президент сол мәселені ашық қозғады. Бір оқпен екі қоян алудың ләззатына батқандардың ендігі кезекте мемлекет қаржысына мелдектеп тойып, шығындалса сауықтыр деп Ұлттық қорға тағы алақан жайып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей жүре беруіне анық тосқауыл қойылуға тиіс.