Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партия Саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Саяси кеңес бюросының мүшелері, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері және Үкімет мүшелері қатысты. Онда Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Қазақстан халқына Жолдауында және “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойылған тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев партия Саяси кеңесі бюросының отырысын ашардағы сөзінде “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты соңғы кезде халық арасында ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтті. Партия Төрағасының айтуынша, партияның Орталық аппараты, облыстық, қалалық және аудандық ұйымдары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын көпшілік арасында насихаттап, түсіндіруде көптеген іс-шаралар атқарып келеді. Ондағы басты мәселе Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады. Біз мұндай тапсырмаларды бұрын-соңды көрген емеспіз, деді Президент осыған байланысты. Қазіргі кезде әрбір нысанды қаржыландыру қамтамасыз етілді, қай нысанның қай облыста, қай қалада салынатынын білеміз. Сол нысандардың құрылысы қашан аяқталатыны, қанша жұмыс орны ашылатыны нақтыланған. “Нұр Отан” партиясы осыларға мемлекеттен бөлінетін қаржыға бақылау жасауы тиіс.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселеге орай “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин баяндама жасап, Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында және “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойған тапсырмалардың орындалу барысын ортаға салды. Баяндамада атап өтілгеніндей, Президенттің жаңа Қазақстан құру жолындағы тапсырмаларына байланысты “Нұр Отан” партиясының жұмысында бірқатар жаңа қадамдар жасалды. Ол, біріншіден, еліміздің алдағы онжылдық даму жолдарын көрсеткен тарихи Жолдауда, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында және партияның Халықтық тұғырнамасында көрсетілген негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін Үкіметпен, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеу. Екіншіден, еліміздегі басқа да саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық институттармен әріптестікті нығайту. Үшіншіден, партияның аймақтардағы филиалдарының, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту.
Қазіргі уақытта тек орталық қана емес, алыстағы қалалар мен аудандарда еліміз үшін аса маңызды жұмыстарды белсенді жүргізу үшін бастауыш партия ұйымдарымен тікелей байланыс жасау жолдарын енгіздік, деді әрі қарай Нұрлан Нығматулин. Бүгінгі күні бұл ұйымдардың саны 6 мыңға жетті. Олардың барлығын әрқашан елмен бірге жүретін, көмек көрсететін, партиямыздың беделін көтеретін негізгі күш деп білеміз. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері де халық арасында кеңінен қолдауға ие болып отыр. Партия Төрағасының бірінші орынбасары бұған мысал ретінде өткен төрт айдың өзінде ғана республика бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 25 мыңдай өтініш түскенін, бұл ел азаматтарының Президентке деген, Президенттің партиясына деген зор сенімінің көрсеткіші екенін атап өтті.
Болашақта Еуразия деңгейіндегі жаңа экономикалық дамудың жолын ашатын Кеден одағы Қазақстан үшін де, басқа мемлекеттер үшін де өте маңызды әрі өте тиімді екені белгілі. Баяндамашы осы маңызды мәселеге де арнайы тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің тоқталып өткеніндей, “Нұр Отан” мен “Единая Россия” партиялары алдағы уақытта екі ел партияларының парламенттердегі фракциялары арқылы Кеден одағына қатысты жұмыстарды бірлесіп жасауға қол жеткізді. Осы Кеден одағы бойынша, сондай-ақ Жолдауда көрсетілген басқа да стратегиялық мақсаттарды орындау үшін оларды сапалы заңдық құжаттармен қамтамасыз ету керек. Бұл жерде партияның депутаттық фракциясының орны да ерекше, мүмкіндігі де зор.
Бүгінде “Нұр Отан” партиясы барлық салада Жолдауда нақтыланған стратегиялық мақсаттардың орындалуына бақылау жасап, тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Осы мақсатта құрылған бақылау бекеттері, республикалық, аймақтық кеңестер өз тиімділігін көрсетіп отыр. Әсіресе, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы партияның мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе қолға алған жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Қол жеткізілген жетістіктермен қатар, алда атқарылатын жұмыстар да жетерлік. Сондықтан партия бар мүмкіндікті толық пайдалана отырып, өткір де өзекті проблемаларды шешуді одан әрі жалғастыра беретін болады.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары алда тұрған маңызды тапсырмалардың бірі – Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудағы стратегиялық басымдықтар: партиялық бақылау мен мониторингтің тиімділігін қамтамасыз ету жайларына да тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің атап өтуінше, бұл бірқатар бағытта жұмыс істеуді қажет етеді. Бірінші – аса маңызды жоба ретінде индустрияландыру картасына енгізілген партиялық бақылау бекеттерін құру. Бұл өзінің тиімділігін “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру барысында дәлелдеді. Бүгінде осындай аса маңызды жобалардың бірі –“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізі болып табылады. Екінші – партияның мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін және оның сапасын арттыру мақсатында тұрақты негізде мониторинг өткізуі. Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жандандыруға бағытталған. Үшінші – партияның Халықтық тұғырнамасын орындау барысында тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастыру.
Баяндамада партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы соңғы жылдары едәуір жақсара түскендігі де аталды. Үстіміздегі жылдың өткен 4 айында партияның қоғамдық бөлмелеріне 25 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15 пайызға көп. Азаматтардан түскен өтініштердің басым көпшілігін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, лауазымды тұлғалардың және құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар құрайды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйлерді бөлуге байланысты азаматтардан көп өтініштер түскендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Астана қаласы мен басқа да бірқатар өңірлерге қатысты. Осыған байланысты жақын арада “Нұр Отан” партиясы мемлекеттік және жалға берілетін пәтерлерді бөлу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені салаларын дамыту бағдарламалары жобаларын, сондай-ақ электр қуатын үнемдеу мәселелерін кең көлемде талқыға ұсынуды жоспарлап отыр екен.
Баяндамашы өз сөзінде маңызды мәселенің тағы бірі – партия активтерін оқыту және оларды қайта дайындау жайына да арнайы тоқталды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары атап өткеніндей, Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы рөлі артып келеді. Осыған орай партиялық жұмыстарды жоғары талапқа сай ұйымдастыру, партияның саяси имиджін нығайтып, партия қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қажет. Партия Төрағасы партияның кезектен тыс ХІІ съезінде осындай тапсырма берген болатын. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Бүгінде Жоғары партия мектебі құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Партия Төрағасы Саяси кеңес бюросының осының алдында өткен отырысында еліміздегі барлық саяси партиялармен өзара іс-қимыл орнату қажеттігін де айтқан болатын. Осыған байланысты “Нұр Отан” партиясы бүгінде еліміздегі негізгі саяси ұйымдармен және саяси партиялармен ынтымақтастық орната білді. Соның нәтижесінде еліміздегі 7 саяси партия бірігіп, Партияаралық кеңес құрды.
Партия Саяси кеңесі бюросының отырысында “Нұр Отан” ХДП хатшылары Сергей Громов пен Ерлан Қарин сөз алып, партияның партиялық ұйымдастыру жұмыстарымен және ақпараттық-идеологиялық қызметтерімен таныстырды. Партия хатшысы Сергей Громовтың хабардар етуінше, бүгінде “Нұр Отан” партиясының 790 мың мүшесі бар. Партияның 6600 бастауыш ұйымы жұмыс істейді, мүшелер қатары 6 есеге өсті. Бұл уақыт өткен сайын көпшіліктің “Нұр Отан” партиясына деген сенімі нығая түскенін көрсетеді. Нұротандықтар қатарының 80 пайыздан астамын жастары 50-ге дейінгілер құрайды. Әсіресе, соңғы жылдары жастардың “Нұр Отанға” мүшелікке өтулері артып келеді.
Партия хатшысы, сондай-ақ жыл басынан бері жүзеге асырылған іс-шараларға да тоқталды. Хатшының атап өтуінше, өткен 4 ай ішінде партияның Орталық аппараты мен жергілікті ұйымдары 10 мыңнан астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуге ұйытқы болды. Бұл шараларға 3 млн.-ға жуық адам қатысты. Бүгінде партияның жергілікті ұйымдарының қызметін жандандыруға баса назар аударылып отыр. Партияның филиалдары мен бастауыш ұйымдарын қайта құрылымдау нәтижесінде соңғы екі жылда 733 партия ұйымы жаңадан құрылды. Осының барлығы жергілікті жерлердің ерекшелігін ескере отырып жүзеге асырылды.
Ал партия хатшысы Ерлан Қариннің сөзіне қарағанда, “Нұр Отан” партиясы бүгінде өз жұмысын партия Төрағасының шешімдері мен тапсырмаларына сәйкес құра білген. Бұл жерде партияның ақпараттық-идеологиялық қызметіне үлкен жауапкершілік жүктелген. Кез келген саяси партияның күші, ең алдымен, санаулы уақытта өз жақтастарын жұмылдыру қабілетімен өлшенеді. Қазіргі кезде партия органдары соған ұмтылуда. Бұған “Нұр Отанның” Президент Жолдауын қазақстандықтарға түсіндіру жұмыстарын кең ауқымда жүргізіп келе жатқандығы дәлел болады.
Партия хатшысы осыған қатысты соңғы 4 айда өткізілген іс-шараларды атады. Оның айтуынша, осы аралықта 4,5 мың шара өткізіліп, оған жарты миллионнан астам адам қатысқан. Тек партиялық БАҚ-тарда ғана 320 хабар эфирге шығып, 700 материал жарық көрген. Әлеуметтік сұрау салудың нәтижесі бойынша, Елбасының Жолдауын халыққа ақпарат арқылы жеткізу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артып, 80 пайызды құраған. Жолдауды түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да белсенді жүргізілетін болады.
Отырыста, сондай-ақ партия Саяси кеңесі бюросының мүшелері – Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, Парламент Мәжілісінің депутаты Ромин Мәдинов және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов сөз алып, партияның Президент Жолдауын жүзеге асырудағы жұмыстарын жоғары бағалады.
“Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесі бюросының отырысын ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қорытты. Президент қорытынды сөзінде партия жұмысына оң баға беріп, соңғы уақытта партияның Орталық аппараты, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық ұйымдары ауқымды жұмыстар атқарғандығын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев нұротандықтарға Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыруға қатысты партиялық бақылауды күшейтуді және саяси-партиялық жұмыстарды жетілдіруді тапсырды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.