• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2022

Жолдар қашан жөнге келеді?

18685 рет
көрсетілді

Атырау облысы «қара алтынға» баланып, баррельмен бағаланған мол мұнайдың үстінде отыр. Алайда мұндағы көкейкесті мәселелердің түйіні дер кезінде тарқатылмайтыны несі? Соның бастысы – сапалы жолдың жоқтығы. Бұл өңірден төрт бағытқа қатынайтын күре жол бар. Оның үшеуі көлігіңізді Ақтөбе мен Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарына жетелейді. Ал Ақтөбе облысынан бастау алып, мұнайлы өңір арқылы Ресей Федерациясының шекарасына дейін жеткізетін жолды жаңғырту мәселесі аңызға айналып бара жатыр.

Бұл жол 1975 жылы пайда­ла­нуға берілген. Кезінде Қазақ­ста­ндағы сапалы жолдың бірі еді. Алайда жарты ғасырға жуық мерзімнен бері оған бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Жол сапасының нашарлауына транзиттік жүк кө­­лік­терінің көбейгені себеп бол­ған. Қазір бұл жолмен жүру мүм­­кін емес. Сондықтан шұрық те­сік жолды жаңғырту мәсе­ле­сі биік мінберден талай рет кө­те­рілді. Бірақ халықаралық ма­ңызы бар жол әлі толық жөн­дел­ген жоқ.

Кезінде Атырау облысы әкі­мі­нің бірінші орынбасары болған, қазір Парламент Сена­тының депутаты Ғұмар Дүйсембаев өңірдегі жолдардың сын көтер­мей­тін жағ­дайға жеткеніне алаң­дау­шы­лы­ғын білдіріп отыр. Мұндай жайт тұрғындардың ренішін тудырары даусыз.

– Біреулер Атырау облысын­да ақша көп, мұнда барлық проб­лема шешілген деп ойлайды. Өкінішке қарай, жол сапасы бо­йынша өңірлер арасында со­ңы­н­ан санағанда үшінші орында тұр. Қазір Атыраудан Ресейдің Астрахан өңіріне қатынайтын жол құрылысы ертегіге айналып отыр. Президент хаттамасында бұл жолды 2021 жылға дейін бітіру керек деп жазылған. Бірақ жол салынып жатқан жоқ. Тоқтап тұр. Тұрғындардың 300 шақырым жолдың зардабын тартуына не себеп? Кімнен кемшілік кетті? – дейді сенатор.

Атыраудан Ресей Федера­ция­сының шекарасына дейінгі жолдың жалпы ұзындығы – 277 шақырым. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан екі бағыттағы жолдың бірі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев аталған жолды жөндеудің екінші кезеңі созылып кеткенін жасырмады.

– Мұның мынадай себебі бар. Жолды жөндеуден өткізуге байланысты жобаны Семейдегі жол жобалау институты жасақтады. Сол институт мамандары жер­гі­лікті жердің топырағын құ­ры­лысқа пайдалануға қосқан. Бұл жобалық-сметалық құжат­та­­мада ескерілді. Алайда жұ­мыс басталғанда топы­рақ сапа­сы жол құрылысына жа­ра­­майтыны анықталды. Өйт­кені то­пырақтың құрамында тұз, гипс бар. Мердігер компания басшылары мұндай топырақ жол құрылысына пайдаланған кезде оның сапасы болмайтынын айтып отыр. Сондықтан институт жазаға тартылып, өз қаражатына қайтадан жобалық-сметалық құ­жаттама әзірледі. Былтыр бұл құ­жаттама сараптамадан өтті. Жол қара­жаты толық көзделген. Келесі жылы жолды жөндеу жұмысын толық аяқтау жоспарланып отыр, – дейді министр.

Өңірде бас ауыртар мәселеге айналған «Құлсары – Мұқыр» бағытындағы жол да бар. Осы мәселеге байланысты сенатор Ғұмар Дүйсембаев Үкімет бас­шысының атына депутаттық сауал жолдаған: «Азия даму бан­кі ара­сында келісім жасалып жат­қа­ны, үнемделген қаражатқа атал­ған жолды салу басталатыны айтылған еді. Содан бері үш жыл өтті. Жол құрылысының негіздемесі жасалып бітпеген. 24 млрд, 48 млрд теңге үндемделіп жатыр. Жол құрылысын бастаймыз», деп еді Үкімет басшысы. Жұмыс әлі басталған жоқ. Енді соңғы берілген ақпаратта құрылыс жұмыстары 2025 жылға қарай ығыстырылғаны айтылады. Неге?», дейді Ғ.Дүйсембаев.

Министр Қайырбек Өс­кен­баев­тың айтуынша, «Құл­сары-Мұқыр» жолының техни­ка­лық-экономикалық негіздемесі сараптамадан өткізіліп жатыр. Бұл осы жылдың наурызында аяқталады. Содан кейін жобалау жұмыстары, қаржыландыру көзі анықталады. Барлық іс-шара аяқталғаннан кейін жол құрылысы 2024, не 2025 жылы басталады.

Сондай-ақ 519 шақырымдық «Атырау – Орал» жолын қайта жөндеу мәселесі туындап отыр. Тағы да министрдің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысының аума­ғында бұл жолдың 184 ша­қырымы бар. Биыл жолдың жобасы әзірленіп, келесі жылы құ­рылыс жұмыстарын бастау көз­деліпті. Жолдың Атырау облы­сы­ның аумағындағы бөлігін са­луға 100 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бұл қаржының 90 млрд теңгесі басқа жобалардан босатылып тұр.

Жөндеу жұмыстары бас­тал­ғанымен, сағыздай созылып, қашан аяқталары белгісіз тағы бір жол бар. Бұл – «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» жолы. Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың пікірінше, бұл жолды жөндеу қар­жының тапшылығынан тоқтап қалған.

– Жол жөндеу жұмысының басталғанына 4-5 жыл болды. Әлі бітпеді. Себеп – қаржының тапшылығы. Биыл республикалық бюджеттен 8 млрд теңгенің 2,4 млрд теңгесі ғана бөлінді. Бұл жолдың жөндеуін аяқтау үшін 10 млрд теңге керек деген есеп бар. Сонда 80 шақырым жолды 10 жыл жөндейміз бе? – дейді Дүйсенбай Тұрғанов.

Бұған орай министр Қайырбек Өскенбаевтың айтар уәжі басқаша екен. Мердігерлер жұмысын жақсы атқарып отыр. Қазір бұл жолдың жөндеуін жалғастыруға 9,5 млрд теңге керек болып тұр. Оны наурыз айында бюжетті нақтылау жос­парына ұсынбақ. Бірақ аталған жолды жөндеуді жалғастыруға қаржы бөлуді Үкі­мет қолдай ма, жоқ па? Міне, мәселе осында. Қажетті қаржы биыл бөлінбесе, келесі жылы қайта қарас­ты­рыл­мақ.

Жол құрылысынан хабары мол мамандар мердігерлікке тар­тыл­ған компаниялармен келі­сім­шарт жасалғаннан кейін дизель мен құрылыс материал­да­рының бағасы көтеріліп ке­те­тінін алға тартады. Бұл жол құрылысының шығынын өсіруге негіз болмай ма? Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрінің орынбасары Берік Камалиевтың дерегіне сүйен­сек, бір шақырым жолды салуға жұм­салатын қаражат көлемі оның санатына байланысты анық­­талады. Мәселен, елімізде 1-санаттағы жолдардың бір ша­қы­­­рымына 4 млн долларға де­йін қаржы жұмсалады. Ал бір шақырымына 1 млн доллар шы­ғындалатын жолдар 3-санатқа жа­тады. Жолдардың санатын оны­мен өтетін көліктердің санымен байланыстыруға болады.

– Бір бағыттағы жолмен тәу­лі­гіне 10 мың көлік өтетін бол­са, онда мұндай жол 1-санатты және 4 жолақты үлгімен салынуға тиіс. Мәселен, «Атырау – Орал» жолы, Атыраудан Доссорға қатынайтын жол 1-санатты болуы керек. Ал Ақтөбеден Қандыағашқа баратын 110 шақырымдық жол 1-санатқа жатады. Сондай-ақ 2-санатты жолдарға кететін шығын көлемі 2,5 млн долларға дейін жетеді. Қазір жол жабындысының қалыңдығына өзгерту енгізілді. Кезінде Алматыдан елордаға дейін салынған жолдың қалың­дығы 40 сантиметр болған еді. Енді салынып жатқан жолдардың қалыңдығы 80 сантиметрге жет­кізілді. Жол табаны төселген соң үш қабат асфальт жабынды­сы салынады. Сондықтан жол­ды салуға кететін қаражат осындай себептерге байланысты есеп­те­ле­ді, – дейді министрдің орынбасары.

«Бәрін айт та, бірін айт» де­мек­ші, Атырау облысының тұр­ғындары тегіс жолды тағы да түсінде көретіні даусыз. Өйткені биыл жөндеу жүргізіліп жатқан жолдар пайдалануға берілмейтіні анықталып отыр. Ал «Құлсары – Мұқыр» бағытындағы жолдың қашан жөнге келері әлі белгісіз.

 

Атырау облысы