• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Ақпан, 2022

Цифрлы құқығымызды жариялау

133 рет
көрсетілді

БРЮССЕЛЬ. Бизнеспен айналысуға, оқуға, дүкенге баруға, байланыста болуға, серіктес табуға немесе отбасымен, достармен уақыт өткізуге интернет керек екенін анықтау үшін пандемия қажет емес. Бірақ пандемия онлайн тәжірибені қалыптастыруға талпынғанда оны дұрыс жүргізу керек екенін еске салды. Цифрлы әлемді қалай басқаратынымыз кім екенімізді көрсетеді.

Бірақ оны қалай басқара ала­мыз? Біріншіден, қандай нәти­жеге қол жеткізуден үмітті екенімізді анықтауға көмектеседі. Мысалы, адамдардың арзан интернет желілеріне қол жеткіз­генін, технологияны пайдалануды меңгергенін қалаймыз. Қандай деректерді бөлісіп, оны қашан және кімге сеніп тапсыра­тынымызды таңдағымыз келе­ді. Планшеттерімізді жасауда бөлін­ген көміртегі газы туралы біліп, бөліскен видеолары­мызды көр­гіміз келеді. Офлайн өмір­дегідей, желіде де қор­ғалғы­мыз, сол се­кіл­ді мәлімет­тері­мізді керек кез­де өшіріп тастағымыз келеді.

Еуропадағы және әлемнің қалған бөлігіндегі әрбір адам осы негізгі принциптерге сүйене алуы керек. Әрбір адам бұл құқықтардың бар екенін және қорғауға лайық екенін білуі тиіс. Мемлекеттер мен Еуропалық парламент мүшелерінен бөлек, Еуропалық одаққа мүше 27 елдегі тұрғындардың 82 пайызы Еуропалық комиссияның цифр­лы құқықтар мен принциптердің ортақ шеңберін анықтап, ілгері­летуін қалайтынын айтады.

Осылайша, біз дәл күткен­де­гідей жоба жасадық. Комиссия­ның өткен айдың соңында жария­ланған цифрлы құқықтар мен принциптер туралы декларациясы адамды бірінші орынға қояды. Цифрлы саясат адамға бағытталған және ешкімді назардан тыс етпейтіндей жасалуы керек. Цифрлы технология­лар әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірде барған са­йын маңызды рөл атқарып жат­қан кезеңде бәріне тең қарай­тын, құқықтарымыз бен құн­ды­лықтарымызды құрметтейтін қауіпсіз құралдарды қалайты­нымыз анық.

Осы көзқарасқа сүйене отырып, ұсынылған қағидаттар мен құқықтарымызды алты тарауға топтадық. Біріншіден, техно­логияның арнайы мақсаты болу керек. Цифрлы транзит­тің қақ ортасында тұрған бізге, яғни адам­затқа қызмет етуге тиіс. Өзі­міздің қауіпсіз екенімізді және негізгі құқықтарымыз сақ­та­латынын біле отырып, талпынысымызды жүзеге асыра білуіміз керек.

Екіншіден, әлеуметтік ынты­мақ­тастық маңызды. Әр адам өзін тиесілі сезіне алуы керек, сондай-ақ цифрлы өмірдің пайдасын көруі қажет. Сондықтан біз ұсынған алаң цифрлы білім беруді, желіге қосылу мүм­кін­дігін және цифрлы мемлекет­тік қызметтер бойынша міндет­те­ме­­лерді қамтиды. Еуропалық одақ­­тағы цифрлы медициналық кө­мек­ке сенімді түрде қол жет­кізу де (бұл пандемия кезінде көп кө­мек­тескен еді) осыған кіреді.

Үшінші тарауда таңдау еркін­дігіне назар аударылады. Жа­санды интеллект технологиялары адамдардың шешімдерін алдын ала анықтамауға тиіс. Алго­ритм­дер ашық болуы керек және деректер үлгілері мүмкіндігінше бейтарап жиналуы қажет. Бұл принциптер құқықтарымыз бен жеке ұстанымымызға ғана емес, сонымен бірге денсаулығымыз бен қауіпсіздігімізді де қорғау үшін қажет.

Төртіншіден, цифрлы қоғам­дық салаға халықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз еткеніміз жөн. Бұл сөз бостандығын немесе заңсыз мәтін немесе жалған ақпараттан қорғайтын ережелер арқылы демократиямызды сақтаудың маңызын көрсетеді. Онлайн ақпараттық экожүйенің қиял әлемін қалыптастырып, бөліну мен полярлануға әкел­мей, оның орнына демократия­лық пікірталас тудырғанын қалай­мыз. Адамдар өздері білетін тілде түрлі ақпарат көздеріне қол жеткізуі керек.

Бесіншіден, қауіпсіздік, қор­ғаныс және мүмкіндік құқы­ғын кеңейту өте маңызды. Әрбір адам кибершабуылдарға ұшыра­май­тын және пайдаланушының жеке өмірін қорғауға арналған цифр­лы технологияларға, өнімдерге және қызметтерге қол жеткізуі керек. Біз, әсіресе, балаларымызды интернет арқылы жасалатын немесе оның көмегімен жасалатын қылмыстардан қорғауымыз керек.

Соңғы басымдық – тұрақ­тылық. Біз пайдаланушылар­дың тех­нология мен қоршаған орта арасындағы байланысқа қа­тыс­­ты ақпаратқа қол жеткізуін қам­­та­масыз етіп, климатты қор­­ғау жөніндегі мақсаттар­ға жол ашатын технологиялар­ды іл­­гері­летуіміз қажет. Ба­қы­­­ты­­­мызға орай, цифрлы техно­ло­гиялар инно­вациялық биз­нес-модель­дер­ді, тиімді қызмет­тер­ді және ре­сурс­тарды жақсы басқаруды қамта­масыз етеді. Осы арқылы пар­никті газдар шығарылымын айтар­лық­тай қысқартуға көмектеседі.

Қысқасы, біздің деклара­ция еуропалықтардың күнде­лік­­ті өміріндегі ең маңызды мәсе­ле­лер­ді қамтиды. Мүмкін­діктер­ді кеңейту, қатысу, қолжетім­ділік, ресурстарды пайдалану және қауіпсіздік секілді салалар ескерілген. Құжат технология­ны адамдарды бөлетін емес, бірік­тіретін құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Осы қағидаттар мен құқықтарды тұжырымдай отырып, цифрлы транзит жоспарына нақты анықтама бере аламыз. Бұл жаңа бастамаларды дамытатын саясаткерлер және жаңа технологиялармен жұмыс істейтін бизнес үшін алғашқы қадам.

Цифрлы қағидаларымыз ар­қылы еуропалық стандартты орнатуға талпынамыз. Осылайша, бүкіл әлемге ортақ ережелердің алғышартын қалыптастырудан үміттенеміз. Деректерді және тұтынушылардың құқықтарын қорғау секілді мәселелерде көш­бас­шылық танытқанымыз секіл­ді. Көптеген халықаралық се­рік­тес­іміз осындай пікір­талас­тар өткізіп жатыр. Таяуда Ва­шинг­тонда (Колумбия округі) көз­­қарасымызды талқылаға­ным­­да оның Америка Құрама Штат­тарындағы цифрлы құқық­тар туралы заңда айтылған мә­се­лелермен өте ұқсас екенін байқадым.

Оған лайық баға беру үшін декларацияға осы көктемде Еуро­палық парламент, Еуропалық кеңес және Еуропалық комиссия президенттері қол қойғанын қалаймыз. Сондай-ақ оны Еуро­палық одақтың 2030 жылғы цифр­­лы мақсаттарына жетудегі ілгерілеудің жыл сайынғы мони­торингіне қосуды жоспарлап отыр­мыз. Бұдан бөлек жыл са­йын еуропалықтарға цифрлы мәсе­лелер мен оның басымдық­тары туралы кеңес береміз.

Бірнеше ай бұрын еуропа­лықтар арасында сауалдама жүргізген кезде оның сегізі цифр­лы құралдардың кем­ші­лігінен артықшылығы көп деген жауап берді. Бірақ респон­дент­тердің айтарлықтай бөлігі (40 па­йызға жуығы) олардың офлайн режі­мін­дегідей негізгі құқықтары (сөз бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, кемсітпеу) бар екенін білмеді.

Консультацияларымыз дәл мә­селені қозғағанымызды көр­сетіп отыр. Қоғамымыз цифр­лан­дырылған сайын құқықтарымыз туралы хабардар болып, оның онлайнда сақталуын жақсарту қажет. Цифрлы құқықтар мен прин­циптердің декларациясы бас­­ты көзқарасымызға айналуы ке­рек. Цифрлы транзит адамға ба­ғыт­­талған көзқарас ретінде бар­­ша­­сының негізі болуы керек. Бұл соншалықты қарапайым мәсел­е. Негізгі құқықтарды желі­­де де, офлайн режімінде де құр­мет­теу маңызды.

 

Маргрете ВЕСТАГЕР,

Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org