• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Ақпан, 2022

Сенатор: Ауылдық елді мекенге қалдырылған салық түсімі көп мәселені шешеді

288 рет
көрсетілді

Мұндай пікірді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында бірқатар нақты тапсырмалар беріп, болашақта атқарылатын жұмыстарды белгіледі. Алда тұрған ауқымды істердің басым көпшілігі – халықтың әл-ауқатын көтеру мен еліміздің экономикасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар болып отыр. Мемлекет басшысы қаңтар айындағы сөзінде де еліміздің жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстың жалғасатындығын айтқан болатын. Оны халық дұрыс қабылдап, дұрыс түсініп отыр.

Оның ішінде негізгі басымдықтардың бірі - көптен бері шешілмей жүрген бюджеттік қалыптастыру, бюджеттік ара-қатынас мәселесі. Бізде біраз қаржы көлемдерін жергілікті жерге қалдыру мәселесі айтылып келе жатқанына көп болды. Яғни, жергілікті жердегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге, инфоқұрылым мәселелері бар, жалпы әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалатын қаржыларды орнымен пайдалану керек болып отыр», деді Нұрлан Бекназаров. 

Ол президенттің табыс көзі мен орташа айлық арасындағы алшақтықты нақты  көзбояушылық дегенін атап өтті. Осы орайда көптеген азаматтардың өмірдегі тұрмыс жағдайы мен қағаз жүзіндегі статистика сәйкес келмейтінін айтты.

«Ауылдық елді мекендерге баса назар аударылып отыр. Ол мәселелер Сенат қабырғасында да қаралып келеді. Президенттің осы мәселеге қатысты толық көлемде қаржыландыру туралы тапсырмасының маңызы зор.

Бізде 2186-дай ауылдық елді мекен бар. 2021 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес сол елді мекендердің, ауыл мен село әкімдерін халық өзі сайлап алды. Яғни, халық сенім білдірген әкімдердің ары қарайғы жұмысы көп жағдайда  қаржыға келіп тіреледі. Орташа есеппен алатын болсақ, қазіргі статистика жалпы өздерінің салықтары мен жинаған қаражаты 100 пайыз қажеттіліктің 17 пайызын ғана жауып отыр. Сондықтан бұл жерде халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін жергілікті жерде сайланған әкіммен бірлесе отырып, ауылдық елді мекендердің қосымша салық түрлерін өздеріне қалдыру мәселесі қаралып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржы және экономика министріліктерінің мамандары мәселені алдын ала пысықтап, зерделеп шығу керек. Өйткені ауылдық елді мекенге қалдырылған қаржы барлық мәселені шешеді», деді ол.