• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Ақпан, 2022

Желкен керген 22 банк

938 рет
көрсетілді

2022 жылға 22 банкпен аяқ бастық. Былтыр төрт банк нарықпен қош айтысты. Оның екеуі Орифджан Шадиевке тиесілі AsiaCredit Bank (ақпан) пен Capital Bank (маусым) болса, бірі – Jusan Bank-ке жұтылған АТФБанк (қазан). Төртіншісі – Пәкістан Ұлттық банкінің еншілес банкі. Мамыр айында өз еркімен лицензиясын қайтарды. 2021 жылы сектордың жиынтық активі 20,7 пайызға өсіп, 37,6 трлн теңгені құраған. Алғашқы бестікте – Halyk Bank (11,6 трлн теңге), «Сбербанк» (4,2 трлн), Kaspi (3,6 трлн), «Отбасы банк» (2,8 трлн) және Jusan (2,6 трлн).

Ешбір банкте актив көлемінің төмен­деуі байқалмаған. Бірақ баяу өсім көрсеткен қаржы инсти­тут­­тары баршылық. Баяу өсім көр­сет­кендер қатарына «Алтын банк», Nurbank, «Банк ЦентрКредит», «Еуразиялық банк» және Forte-ні жатқызуға болады. Сондай-ақ былтыр несиелеу қарқыны да арта түскен. Екінші деңгейлі банк­тердің жалпы қарызы 2021 жылы 4,4 трлн теңгеге өсіп, 20,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл қарқынға күш беріп тұрғандар – банк ар­қылы ипотека рәсімдеушілер мен тұты­ну­шылық несие алушылар. Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің дерегінше, был­тыр ипо­текалық несие де, тұты­ну­шы­­лық несие де 40 пайызға өскен. Агент­тіктің пайымынша, банк­тердің мобилді сервистерді дамытуы тұтынушылық несиенің өсімі­не серпін беріп тұр.

Сөз жоқ, несиелеудің жоғары қарқыны түсер табысты да молайтады. 2021 жылы сектордың жиынтық табысы 78 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрапты. Соның 472 млрд – Halyk Bank, 322 млрд – Kaspi, 130 млрд теңгесі «Сбербанкке» тиесілі. Осы ірі үш ойыншының өзі-ақ бүкіл сектор табысының 72 пайызын еркін ием­деніп отыр деуге болады. Не­сие бел­сенділігінің төмендігіне қара­мас­тан Forte (60,4 млрд теңге) де тәуір табыс тапқан. Өзгелер­дің табысы қанша дегенде мына цифр­ларды келтірсек болады: «Альфа банк» – 32,6 млрд, «Банк Хоум Кредит» – 30,9 млрд, Jusan – 25,3 млрд теңгеге жетеқабыл, «Еура­зиялық банк» – 12,7 млрд, ВТБ (Қазақстан) – 7,8 млрд, Nurbank – 2,1 млрд теңге.

Сектордың жай-күйін өте жақ­сы деп бағалауымызға тағы бір себеп, жалпы жиынтық несие портфеліндегі өтеу мерзімі 90 күннен асқан (NPL+) несие үлесі­нің азаюы. Finprom-ның жа­зуын­ша, NPL+ көлемі – 3,3 пайыз. 90 күннен асып өтелмей тұрған қарыз сомасы 2020 жылдың соңында 1,1 трлн теңге болса, 2021 жылдың соңында 668,8 млрд теңге болған. Яғни 37,9 пайызға қысқарған.

«Секторды сауықтыруға әсер еткен бірден бір ұйым – Jusan Bank. Былтыр банк үздік ондықтағы қаржы институты «АТФБанкпен» сәтті бірігіп, нәтижесінде, жылдар бойы Цеснабанктен «мұраға» қалып келе жатқан проблемадан толық арылды. Банк улы актив­терді тазалап, NPL 90+ көлемін бірден 70,3 пайызға азайтты. Қазір қарыз портфеліндегі NPL 90+ үлесі 9,5 пайызды құрайды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 44,1 пайызды құраған», деп жазады Finprom.

NPL 90+ көлемін қысқарту бо­йынша Bank RBK (-66,2 пайыз) мен «Отбасы банктің» де (-41,1 пайыз) көрсеткіші тәуір.

Сектордағы қолайлы жағдай­ды халықаралық сарапшылар да растайды. Fitch Ratings агент­тігі Қазақ­станның дербес рейтингін «Тұрақты» деңгейде деп жариялады. Аналитиктер негізінен NPL төмендеуін, жоғары өтімділікті және кірістілігін атап өтеді.

Банктердің табысы халық табы­сының азаюы себепті өсіп жат­қаны былай да белгілі. Аз табыс, арзан қызмет, қымбат тауар сәт санап халықты банктер алдын­да кіріптар ете түсуде. Қазір елімізде банктен займ алмаған 3 млн ғана адам қалыпты. Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2021 жылы бөлшек несие қарқынды өскен. Бөлшек несиенің жалпы несие портфеліндегі үлесі 11 трлн теңге, 43 пайызды құрайды.

«Қазір орташа есеппен несиені бір жылға дейін рәсімдейді. Оның көбі бөліп төлеу шартымен алған қарыздар және аз көлемдегі сомалар. Орташа тұтынушылық займ көлемі 300 мың теңгеден сәл асады», дейді Алматы бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.

Нарықта осыншама табысты болып отырғанына қарамастан банк­тердің де жаза басып жатқан сәт­тері жетерлік. Былтыр екінші дең­гейлі банктерге 161 айыппұл са­лын­ған. Соның 106-сы – бір ғана банк­тің еншісіндегі айып. Ranking порталының жазуына қара­ғанда, 2021 жылдың қаңтар-желтоқ­сан айлары аралығында екінші дең­гейлі банктерге салынған айып­пұлдың жиынтық көлемі 185,1 млн теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 11,4 пайызға төмен.

Былтыр әкімшілік жауапкер­шілікке тартылған 15 банктің екеуі – AsiaCredit Bank пен Capital Bank сектордан кетіп тынды. Айып­пұлдың басым бөлігі «Банк Хоум Кредит» (78,6 млн теңге), ForteBank (33,7 млн), Al-Hilal (26,5 млн) және Bank RBK-ға (23,6 млн) салынды. Көріп отырғанымыздай, 161 айып­пұлдың 106-сын «еншілеген» қар­жы ұйымы – «Банк Хоум Кредит». Көбіне бұл банк несие бюросына ақ­парат жеткізбегені немесе сенім­сіз ақпарат ұсынғаны үшін айыпталған.

Әлбетте, мұндай майда-шүйде айыптаулар банктердің қылшығын да қисайтпайды. Олар еңселерін тік ұстап, жыл сайын қоржындарын молайта түскен қалпы алға қарай аршындап баса бермек. Не болмаса 22 банкті көкжиегі сағымданған көк теңіздің толқындарын жарып аққан 22 кемеге теңесек те болғандай. Желкен керген 22 кемеге. Әр барған адам «енді желкемнің шұқыры көрсін» деп шығатын, бірақ меңдуана жегендей арбалып, екінші қайтара келгенін аңғармай да қалатын 22 кемеге...