• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Ақпан, 2022

Денсаулық мекемелеріне арыз-шағым көп

581 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында баспана салудың бастырмалата жүргізіліп жатқанын бұрын да айтқанбыз. Бұл жағынан құрылыс саласына кінәрат арта алмайсың. Ал медицина саласында мәселе деген жетіп-артылады. Мәселен, ондағы сапасыз қызмет, басшылық тарапының қалыптасқан жағдайға қатысты немқұрайды көзқарасы тұрғындардың орынды өкпе-ренішін тудырып отыр. Сол сияқты өңірдегі жолаушылар тасымалында да толғағы жеткен мәселе бастан асады. Міне, осы мәселелерді шешу үшін іске жан бітіретін жаңашыл қадамдар керек болып тұр.

Пандемия Қарағанды облы­сын­дағы медицинаның жетістігі мен кемшілігін ашып көрсетті. Жетіс­ті­гі деп дәрігерлер қауымының жан­кеш­ті еңбегін айтсақ, кем­шілікке осы саладағы шенеунік­тер­дің іске кел­ген­дегі тоңмойындығын жат­қызуға бо­латын шығар...

Медицинадағы проблемалар және саланың болашақтағы дамуы жайында әңгіме көтерілген онлайн-жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевты қатаң сынға алғаны да тегін емес. Өңір басшысы бұл саладағы салдыр-салақтықтың, шаруа­ға деген қыр­сыздықтың дәрігерлердің ерен ең­бегін, төккен терін жуып-шайып кететініне қынжылыс білдірді. Мә­селен, бүгінде тұрғындар тарапы­нан медицина мекемелеріндегі қыз­мет көрсетудің сапасыздығын, тамақ­та­нудың тым қарабайырлығын айтып дабыл қаққан арыз-шағымдар көптеп түсіп жатыр. Ал Тоқсамбаев бас­қаратын ведомство болса, бұл жағдай­лар­ға немқұрайды қарайтын сияқты.

– Пандемия кезінде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр. Ал медицинадағы ше­неу­ніктер болса, проблемаларды көрмейді немесе оған көз жұма қарайды. Сіздер тұрғындардың жаз­ға­нын оқымайсыздар деген пікір бар. Бұл мәселеде тәртіп орнатыңыздар, мердігерлермен жұмыс істеңіздер, мониторинг, талдау жасаңыздар, пациенттер арасында сауалдама жүр­гі­зіңіз­дер, – деп шегелеп айтқан өңір бас­шысы.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевтың бұл сынды мойындамасқа амалы жоқ. Осы орайда ол пациенттерді қолдау қызметтерін қайта ұйымдастыру жос­пары әзірленгенін алға тартты. Ол қызмет­терді қадағалау құрамына қо­ғам өкілдері мен мәслихат депутаттары енетін бақылау кеңесіне бекітіліп берілмек екен.

Қазіргі таңда облыста ана мен бала өлімі мәселесі өткір күйінде тұр. Мә­­селен, былтыр жеті бірдей жүк­ті әйел коронавирус инфекциясы­нан қайтыс болған. Басқарма басшы­сы мұның себебін босандыру қыз­меті мамандарының тапшылығы мен білік­ті­лігінің төмендігінен кө­ре­ді. Сондай-ақ ол босандыру бө­лім­шелерінің жеткіліксіз тұрғыда жарақ­тан­ды­ры­л­уы да бұл мәселеге себепкер еке­нін а­й­тады.

Дегенмен, облыста медицинаның түйінді мәселелерінің біртіндеп шешім тауып келе жатқаны да рас. Алдағы уақытта ірі медициналық ұйымдар заманауи техникамен жабдықталады. Резидентурада дипломнан кейінгі білім алатын мамандар саны артып ке­леді: биыл «Ана мен баланы қор­ғау» бағыты бойынша 26 резидент шығарылмақ.

Кадр тапшылығына келгенде, атал­ған олқылықты жоюдың бірден-бір жолы – жас мамандарды баспанамен қам­тамасыз ету. Бұл тұрғыда облыста ілгері жылжу бар. Мысалы, 2021 жылы жас мамандар 199 жайлы баспанаға ие болса, биыл оларға кем дегенде 200 пәтер беріледі.

Бұдан бөлек денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды жетілдіру аса маңызды міндеттердің бірі. Биыл 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталмақ. Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реани­ма­циялық блогы да пайдалануға бері­ле­ді. Мұның өзі жасалатын оталар санын жылына бір мыңға арттыруға мүмкіндік береді. Қадамдық қол­же­тім­ділік негізінде бес емхана ашу жоспарда бар. Сонымен бірге «Қа­зақмыс» корпорациясымен арада Сәт­баев қаласында консультациялық-диагностикалық орталық салу туралы келісім де күшіне енген. Бұл бағыттағы игі жобалардан ауылдық жерлер де тыс қалмайды. Мысалы, биыл тағы төрт фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарда бар.

 

Қарағанды облысы