Алматы облысының аумағында орналасқан «Алтын Орда» базарына қатысты алыпқашпа әңгіме көбейіп тұр. Жалпы, Алматы қаласы мен облысын ғана емес, еліміздің бірқатар аймағын тұтыну тауарымен қамтамасыз етіп отырған бұл сауда алаңы сын өтінде қалғаны рас. Базар төңірегіндегі мәселенің ушыққаны сондай, оны реттеу үшін Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы билікке арнайы тапсырма беріп, көлеңкелі істің ақ-қарасын анықтауды міндеттеді.
– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын Орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айының алғашқы аптасында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Алайда арада айға жуық уақыт өтсе аймақта ахуалды оңалтуға қатысты қандай шаралардың атқарылып жатқанынан жұрт хабарсыз. Есесіне, ел ішінде «Алтын Орда» жабылады екен. 5 мың адам жұмыссыз қалатын болды. Қала мен облыс халқы азық-түлік тапшылығына ұшырайды екен...», деген сыңайдағы алыпқашпа сөз гулеп, тұрғындар көңілі күпті болғаны рас. Дәл осындай күмәнді сұрақ қазір базар ішінде сауда-саттықпен айналысып отырған саудагерлерді де мазалайды.
Біз бұған «Алтын Ордаға» арнайы барған кезімізде куә болдық. Өкінішке қарай, мұндағы жеке кәсіпкерлер де, базар әкімшілігі де сауалымызға ашық жауап беруден жалтаруға тырысатыны байқалды.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, базар қалыпты жұмыс істеп тұр. Сауда орындары ашық, келушілер көп. Сырттан тауар әкеліп өткізушілер де бұрынғыдай тоқтаусыз кіріп, заттарын түсіріп жатыр. Біз базар аумағындағы тәртіпті қадағалаймыз, көліктердің кіріп, шығуына ғана жауаптымыз. Ал басқа нәрсеге жауап бере алмаймыз. Барлық сұрақтарыңызды базар әкімшілігіне қойғандарыңыз дұрыс болар, – деді бізге алғашқы жолығып, жөн сұрасқан базардың күзет қызметінің өкілі.
Ал базар әкімшілігінің өкілі де өз тарапынан қандай да бір жағдайға түсініктеме беруге құқығы жоғын айтады. Анығы, «Алтын Орда» аумағындағы сауда тоқтаған жоқ, шағын кәсіпкерлер жұмыстарын бұрынғыдай жалғастырып жатыр. Тек, соңғы бірер күнде базар аумағына қожалық етіп отырған Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС басшысы атына Алматы облысы, Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұсыным-хаты келіп түскен екен. Онда базар аумағын басқарушы компанияның кейінгі 3 жылдағы табысын қайта есептеп, бюджетке төленетін міндетті төлемдерге қатысты анықтама беру талап етілген көрінеді. Біз салық органдарының бұл талабын түсіндіріп беруді сұрап, Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына бас сұқтық. Басқарма басшысы Айгүл Жолдыбек аудандық кіріс басқармасының Президент тапсырмасынан кейін нақты жұмыс бастағанын, бұл бойынша «Алтын Орда» базарын басқарушы компания – Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС жұмысына тексеру жүргізіліп жатқанын айтады.
– Базар біздің ауданның аумағында орналасқандықтан бюджетке түсетін міндетті төлемдерді қадағалауға міндеттіміз. Заң талабы бойынша, ел аумағында шағын және орта бизнес нысандарын ескертусіз тексеруге тыйым салынған. Әрі пандемия кезеңінде көптеген өндіріс пен сауда орындарының жұмысы шектелген болатын. Осындай жағдайларға байланысты кіріс басқармасы тарапынан тексеруге қатысты уақытша шектеулер болды. Бірақ Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС бұған дейін міндетті төлемдер мен кірістер жайында бізге және статистика бөліміне, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөліміне тиісті есептерін өткізіп тұрды. Бұл тараптан компанияға қояр талабымыз болмады. Алайда біз бұған дейін өткізілген есептерді талдай келе, базар аумағындағы жалға берілетін орындардан түсетін табыстың көлемі компания көрсеткендей емес, одан едәуір жоғары екенін анықтадық. Осыған байланысты, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан серіктестік басшысының атына ескерту жібердік. Енді компания екі ай мерзім ішінде барлық есеп-қисабын бізге жолдауы тиіс. Болмаған жағдайда, салық есебін беруден жалтару бабы бойынша жауапқа тартылатын болады, – деді бізге Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Айгүл Жолдыбек.
Аудандық кіріс басқармасының болжамынша, «Алтын Орда» базарының аумағындағы 2019-2020 жыл аралығындағы тауар айналымынан түсетін қаржы көлемі 400 млн теңге шамасында болуы тиіс. Өйткені базар аумағындағы сауда нүктелерінің саны мен олардан алынатын алымның жобасын салыстырғанда осынша қаржы жиналуы тиіс екен. Мысалға, қазір базарда 5 050 шамасында сауда нүктесі болса, олар орташа көлемде 40 мың теңге жалдау ақысын төлеп отыр. Демек, компанияның бір жыл ішінде тапқан табысы мен бюджетке аударуы тиіс міндетті төлемдерінің арасында айырма болуы мүмкін. Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша, компания бюджетке 100 млн теңге шамасында салық төлеген.
Мұндай мәліметті Сауда және интеграция министрлігі де таратып отыр. Жақында министрлік өкілі «Алтын Орда» базарының аумағы Kurylys LTD ЖШС-нің меншігі екенін жариялап, қазір бұл аумақты Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС жалға алғанын растаған болатын. Бір анығы, базар аумағының иесі саналатын Kurylys LTD ЖШС-нің құрылтайшысы – Болат Назарбаев. Яғни бұл серіктестік екінші компанияға жалпы аумағы 218 151 шаршы метр болатын жерді жалға беріп отырған көрінеді. Дерек бойынша, базардағы бір ай ішіндегі тауар айналымының орташа көлемі 147 млн теңгеге жуықтайды. Ал сауда орны қақпасынан күн сайын 500 автокөлік жүк артып енетін көрінеді. Тұтынушы қатары да аз емес, шамамен күн сайын 8 мыңнан15 мыңға дейін адам «Алтын Ордадан» сауда жасайды-мыс.
– «Алтын Орда» базарында 5 050 сауда орны бар. Оларды 45 440 адам жалға алады. Жалдау құны орта есеппен 42,5 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ базар аумағында «Алтын Орда» қонақүйі орналасқан. Осындай есепке сүйене отырып, министрлік базар ішкі сауда ережелерімен белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін, сауданың көлеңкелі айналымы бар екенін мәлімдейді. Алайда ведомство базар жұмысын бірден тоқтату жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін деп есептейді. Мысалы, базардағы сауда және жұмыс орындарының санын қысқарту ол жердегілердің наразылығын туғызады. Сондай-ақ тауар ағыны Қырғызстанның Дордой базарына көшіп, сауда орындарында апатты жағдайлардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Жақын маңдағы базарлар үлкен тауар ағынына төтеп бере алмайды. Алматы облысында 84 базар, Алматыда 45 базар жұмыс істейді. Бірақ оларда артық орындар жоқ, – делінген министрліктің хабарламасында.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінен ұққанымыз, қазір «Алтын Орда» базарының жұмысына қандай да бір шектеу енгізілмейді. Демек, базар аумағынан нәпақасын тауып жүрген саудагерлер мен тұтынушылардың алаңдауына негіз жоқ. Алайда базардағы көлеңкелі сауданы реттеу кезек күттірмейтін іс. Өйткені базар аумағындағы сауданы әкімшілік пен сатушылар емес, «үшінші күштердің» реттейтіні туралы сөз бар. Мұны бізге аты-жөнін жарияламауды өтінген шағын кәсіп иесі де айтты. Кәсіпкер алты жылға жуық базарда ет сатады екен. Бастапқыда жағдай қалыпты болған көрінеді. Келе-келе базарға өз өнімдерін әкеліп өткізетін шаруалардың ісіне делдалдар араласа бастаған. Олардың бетімен кеткені сондай, адал малын сойып, көтерме бағамен сатушыға өткізуге келген кезінде аяқасты пайда болатын делдалдар тобы өнімге өз бағаларын белгілеп, одан қымбатқа өткізуге шектеу қойып отырған. «Олар ешкімді тыңдамайды және аямайды. Бізге ет әкелген адаммен тікелей саудаласып, ортақ бағада алған тиімді ғой. Ал олар мал иесінен арзанға алады да, бізге көтерме бағамен сатуға береді. Бұған көнбеген шаруаларды базар маңына жолатпай қояды. Біз де бірден сырттан алуға қорқамыз. Бұл жерде талай төбелес, ұрып-соғу, қорқыту болған. Бәріміз орынды жалға алып отырмыз, күнкөрісіміз болғасын қарсы келе алмаймыз...», дейді мұңын шаққан кәсіпкер.
Мысалы, қазір «Алтын Орданың» ет павильонында сиыр етінің килосы 2 500-2 600 теңгенің арасында сатылып жатыр. Ал сатушылар етті 2 200 теңгеден алады. Бұл – делдалдар қойған көтерме баға. Яғни сатылымға келген мал етінің әр килосынан түсетін 300-400 теңге аралығындағы ақша ортадағы «үшінші күштің» қалтасына құйылып жатқаны анық. Жалпы, мұндағы саудагерлердің барлығы Президент пәрменінен кейін базардағы жағдайдың реттелетініне сенімді. Әсіресе, тойымсыз делдалдардың ісіне тыйым салынса, тауар бағасы арзандап, тұтынушылардың қалтасына түсетін салмақ азаяр еді дейді кәсіпкерлер. Сондай-ақ базар аумағында жалға берілетін орындардың да жағдайы сын көтермейді. Сатушылардың көбі қысы-жазы ашық аспан астында тауар сатуға мәжбүр. Тіпті, азық-түлік, ет және ет өнімдері сататын орындардың өзінде тиісті талаптар сақталмайды. Бұл да базар әкімшілігінің таяу арада шешуі тиіс мәселесі екені сөзсіз. Қазір базар аумағында заманауи сауда кешенінің құрылысы басталған. Оның толық іске қосылуына әлі 5 жылдай уақыт кететін көрінеді.
Осы жерде «Алтын Орда» базары төңірегіндегі шудың бұған дейін де ұдайы айтылып жүргенін еске салғымыз келеді. Мәселен, Алматы қаласына кіретін күре жолдың бойына орналасқан сауда орны сол маңдағы көлік кептелісі жиі болатын аумақ санатында болғаны рас. Тіпті, былтыр іске қосылған кең жолақты тас жолдың құрылысы осы базардың тұсына келгенде тоқтап, бірнеше жыл бойы қозғалыссыз тұрғанын көзіміз көрген. Ақыры мемлекет базарға тиісті кейбір сауда нүктелерін көшіру мен арнайы көпір мен жол қиылысын салуға мәжбүр болып, бұған 12 млрд теңге көлемінде бюджет қаржысы жұмсалған деген дерек бар.
Айтпақшы, базар орналасқан аумақтағы салық түсімдерін қадағалайтын Қарасай аудандық кіріс басқармасының мамандары бізбен қоштасып тұрып ел арасындағы алыпқашпа әңгімеге тезірек нүкте қойылса деген емеурін танытты. Өйткені қазір «Алтын Ордадағы» алаң жұрт «базар жабылса күнімізді қалай көреміз?» деген сауалға жауап іздеп жүрген көрінеді.
– Жыл басында Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының талабымен аудандық сот «Рынок Алтын Орда» ЖШС-нің жұмысын тоқтатқан болатын. Тұрғындар арасында осыдан кейін түсінбеушілік болған сияқты. Адамдар жабылған компанияны жұмыс істеп тұрған «Алтын Орда» базары деп ойлайды. Бірақ бұл жай ғана атаудың сәйкестігі еді. Ал базарға Kurylys LTD ЖШС мен Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС иелік етеді. Сот шешімімен жабылған «Рынок Алтын Орда» ЖШС аталған базарға 2000 жылдардың басында иелік еткені рас. Қазіргі иелік етіп отырған компаниялар үш жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді, – дейді Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Анарбек Сейітов.
Тоқетерін айтқанда, «Алтын Орда» базарының айналасындағы заңсыздықты реттеу әзірге Алматы облысы мен мегаполистің атқарушы билігіне сын болып тұр. Яғни сауда орнындағы жағдайды оңалту мен көлеңкелі экономикамен күреске қатысты қандай да бір ұстаным жария болған жоқ.