Таяуда Көкшетаудағы зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылардың қатысуымен «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы құрылды.
Сонау бір жылдары елімізде, біздің өңірімізде де осындай қоғамның белсенді жұмыс жасағаны бар еді. Уақыт өте келе, өзге жұмыстардың тасасында қалды. Құрылтайы өтіп, тамырына қан жүгірмегелі он жыл болыпты.
Атқаратын шаруа шаш-етектен. Жеріне жеткізілмеген іс жетерлік. Солтүстік өңірде қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдайтыны жалпақ жұрттан жасырын емес. Жергілікті жерлердегі оңтайландыру мәселесінің салдарынан әне бір жылы Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан тәрізді облыстарда тіл басқармалары қысқартылып, өзге басқарманың құрамына бөлім болып енгізілді. Бұл қадам қазақ тілінің дамуына жасалып отырған қиянат. Бәлкім, жергілікті ұлт тілі мен ғажайып салт-дәстүрі жақсы дамыған оңтүстік өңірге тіл басқармасының аса қажет болмауы мүмкін, ал тыңның эпицентрі атанған солтүстік өңірге өте-мөте қажет еді. Басқарманың барында біршама шаруа тындырылды. Тіл төңірегіндегі үміт түгел көктеп кетпегенімен, болашаққа деген үміт басым-тұғын. Өйткені қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылатын іс-шараларды, ономастика жұмыстарын тіл басқармалары жүзеге асырып келді. Тамыры тарылған тіл мұңын айтпағанның өзінде солтүстік өңірдегі ономастика мәселесінің өзі аса ауқымды дүние емес пе?
– Ономастика тақырыбы өте нәзік. Сондықтан бұл арада қамырдан қыл суырғандай ептілік керек, – дейді «Ел бірлігі» қоғамдық қорының жетекшісі, журналист Бақыт Смағұл, – негізі кез келген елді мекеннің атауын өзгерту оңай-оспақ шаруа емес. Елді мекендердің аты бір кезде сыңаржақ саясаттың салдарынан орын алғанымен, жаңаша сипатқа ие болып жатқандығы белгілі. Бұрнағы жылдары Целиноград ауданындағы Семеновка селосының атауын өзгерту кезінде кейбір адамдар көп қарсылық көрсетті. Шағым жазбаған жері қалмады, ақыры ауылға Қараменде батыр атауы берілді. Асылында, қазақ жер-су аттарына өте байыппен қараған. Ақыл таразысына салсаңыз, кісі атауынан гөрі табиғат сипаты басымдау. Мысалы, Шоққарағай, Алтынды, Қайыңды деген тәрізді. Ал сонау патша заманынан бері қарай келе жатқан, жаны соншалықты сірі Антоновка, Ивановка атаулары әлі де қаптап тұр. Облыс өңірінде 200-ден аса елді мекен атаулары мен 500-ден астам көше аттары идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген. Тәуелсіз ел болған соң тілімізді жандандырып, жадымызды жаңғырту үшін қарекет ету керек қой. Құлдық санадан құтылатын уақыт жетті. Жер-су атауларын тарихи қалпына келтіру ұлттық идеологияның өзегі. Айналып келгенде тілімізді дамытуға, ұлттық ұғымды мықтауға септігін тигізетін жай емес пе?
Осы бір тіл түйткілін шешетін тағдырлы тұста аудан, қалаларда да мәдениет пен тілдерді дамыту бөлімдері ішкі саясат немесе спорт бөлімдерімен біріктірілуінің өзі үлкен соққы болды. Осындай өрескелдіктің салдарынан аудандарда тіл мәселесімен айналысатын маман мүлдем қалған жоқ.
– Тіл басқармаларын жауып, қыл аяғы құрдымға жіберу, ұлттың тамырына балта шапқанмен бірдей болды, – дейді қарт ұстаз Аяған Сейілов, – шындығын айтқанда бұл дегеніңіз жергілікті әкімдіктердің қазақ тіліне деген көзқарасын білдіреді. Тілі дамымаған халықтың қалай өмір сүретіндігі ақылға сыймайды.
Ел ағасы айтса айтқандай, тіл мәселесі дәл қазір мақтанарлық жағдайда емес. Қоғамдық орындарда өз қандастарымыз әлі де ана тілінде сөйлемейді, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жұқалап айтқанда менсіне бермейді. Жүсіп Баласағұни бабамыз «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деген екен. Ұққан ұрпаққа ұлағат болатын-ақ сөз емес пе? Басқа тілдің бірсыпырасын білгенмен, өз ана тілін білмейтіндерді көріп, жүрегің тұз сепкендей ашиды. Кейбір деректерге қарағанда, біздің өңірде мемлекеттік тілде таза сөйлеп, сауатты жазатындардың саны 30 пайыздың төңірегінде екен. Ана тілінің жанашырлары биліктегілерді кінәлайды. Мемлекеттік тіл туралы заң шала деседі. Тіл заңында еш кемтіктің болмауы да мүмкін, анығында ақсап жатқаны, оның орындалуы. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында әңгіме аз айтылып жатқан жоқ. Жергілікті ұлт тілін оқытуға келгенде енжарлық басым. Біздегі ассамблеяның өзінде 8-9 тілді оқытатын топ жұмыс істейді. Оқытса, оқытсын жөн шаруа, дегенмен мемлекеттік тілді оқыту негізгі назарда болса ғой.
Тіл түйткілі қордаланып қалған жер – білім ошақтары. Облыстағы 555 мектептің 178-і орыс тілінде, 220-сы аралас білім ордалары. Оқушылардың мемлекеттік тілде оқитындары әлі күнге дейін 50 пайызға жеткен жоқ. Колледждер туралы да дәл осындай сын айтуға болады. Өңірдегі 32 колледждің екеуінде ғана қазақ тілінде білім беріледі. Білім алушылардың саны 21 мыңнан ассса, мемлекеттік тілде мамандық игеріп жатқандардың көлемі 6 мыңның ғана айналасында.
Арыға бармай-ақ, облыс орталығындағы жағдайды алып қарайықшы. Көкшетаудағы ұлттық тілде тәлім-тәрбие беретін мектеп саусақпен санарлық. Отыздан астам білім ошағының негізі орыс тілінде, қалғаны аралас мектептер. Ал аралас мектептердегі жағдай белгілі, не әрі, не бері емес.
Биылғы жылы облыс білім ошақтарында 86 175 қазақ баласы білім алып жүрсе, соның 23 532-і таза орыс тілінде оқиды. Бірінші орыс сыныптарына 15 042 жергілікті ұлт өкілдерінің балалары барып отыр. Біз кейбір ата-аналармен тілдестік, уәждері негізінен бірдей. Өздері ана тілдерін еркін меңгермегендіктен, балаларына сабақ оқуына көмектесе алмаймыз деген желеу айтады. Осы тақырыпта ақсақалды ата, ақ жаулықты әжемен де сөйлестік.
– Кешегі кеңес заманында орыс тілін білмеген адам не қызмет істеп, не жоғары оқу орнында білім алып жарыта алмайды ғой. Сосын амалсыздан бала-шағамызды орыс тілінде оқыттық. Сол кезде тілі орысша шыққан балалар қазір өз балаларын орыс тілінде тәрибелеп жатыр, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Қоныс Есенов, – қазір отау үйдің бәрінің тілі негізінен орысша. Тәлім-тәрбие де солай, ұлағат та сананың ұңғысына солай сіңіп жатыр. Өкінішті екенін білеміз, өзегіміз өртенеді, бірақ істейтін амалымыз қанша?!
Білім ордаларындағы жағдай осындай болғанда бала бақшалардың да көсегесі көгеріп тұрғандығы шамалы. Ауылдық жерлерді қайдам, облыс орталығындағы мектепке дейінгі мекемелердегі мән-жайды көрген тіл жанашырының иманы қасым болар еді. Негізі тілдік ортаны қалыптастыратын тәрбиенің ақ бесігі осы балалар бақшасы десек, онда да сәбилердің тілі орысша шығып келеді.
Ата-аналардың айтуына қарағанда, тәрбиенің тінін сөгіп тұрған тағы бір күрделі мәселе гаджет. Бала-шаға күнімен телефонға тесілуде. Оның тілі әрине, орысша. Орысшаны айтасыз, ағылшын тіліне ауған. Айналып келгенде, технологияның қайсыбір тақсыретін тартып отырған қазақ тілі.
– Біздің өңірде балалардың жанын баурайтын қазақ тіліндегі басылымдар өте аз, – дейді көпбалалы ана Самал Оспанова, – дүңгіршектерде көздің жауын алатын балаларға арналған басылымдар қаптап тұр. Аңыз-ертегілер де. Бірақ барлығы дерлік Ресейдің баспа өнімдері. Таяуда қазақ тіліндегі ертегілер жинағын алып көрдім, аударма екен. Орыс ертегілерін қазақ тілінде сөйлетіпті. Ал жинақтағы сурет сол елдің аңыздары желісі бойынша құрылған. Өзіміздің төл туындыларымыз тәрбиеге жаратылмай жатыр.
Қазір кез келген мемлекеттік мекемеде Тіл туралы заң талабының бұзылуын таба алмайсыз. Бүкіл құжат екі тілде сөйлеп тұр. Бірақ кейде басшылардың қазақ тіліндегі нұсқаға қол қоймайтындығы кездесіп қалады. Бұл мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 90 пайыздың төңірегінде деген ақпарат үшін ғана керек дүние. Шынтуайтында жергілікті ұлт тіліндегі нұсқаға ешкім көңіл аударып жатқан жоқ. Барлық құжат ең алдымен, орыс тілінде дайындалып, сосын қазақ тіліне аударылады. Шіркін-ай, дейсің, алдымен қазақ тілінде дайындалып, сосын орыс тіліне аударылса ше? Әйтпесе, ана тілі аударма тіл болып қалып тұр.
Тіл төңірегіндегі түйткілді мәселе жаңа қоғам құрылған соң жақсарып кетсе жарар еді. Әйтпесе. тіл жанашырларының жүрегін қазақ тілінің көсегесі қашан көгереді деген сауал тұз сепкендей ашытып тұр.