Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына сұхбат берген кезде жастар үшін маңызды үш мәселе айтылды. Соның алғашқысы – еліміздегі реформалар жөнінде болып отыр. Ел Президенті бүгінде Үкіметпен бірлесіп көптеген реформаны қолға алып жатыр. Алайда реформа жүргізу – барлығын бір күнде түбегейлі өзгерту деген сөз емес. Мемлекет басшысы сұхбатта осыны анық айтты.
Жастар да мұны түсінуге тиіс. Түрлі мәселелерді біржолата шешу үшін де сабырлық, байып, шыдамдылық пен уақыт керек. Жастар қауымы әлеуметтік желілерде Үкімет тарасын, анау қызметінен кетсін, мынау лауазымын босатсын деген пікірлерді жарыса жазып жатқанын жақсы білеміз. Бірақ одан түк өзгермейді. Әрбір реформа үшін уақыт қажет.
Екіншіден, ел Президенті жалған ақпарат тарату мәселесі туралы да сөз қозғады. Кейбір адамдар «Қасіретті қаңтар» кезінде жалған ақпарат таратқаны жасырын емес. Бұл – аса қауіпті әрекет. Себебі жастар қауымы сол жалған ақпараттарға сеніп, ойы бұзық адамдардың соңынан ереді. Соның салдарынан мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төнеді. Сондықтан өскелең ұрпақ әр мәліметтің анық-қанығына жетіп барып шешім қабылдауды санаға сіңіргені жөн.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы сұхбат кезінде «Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мəселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол ең алдымен, əрбір азаматтың еңбегіне байланысты. Елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек. Біздің жастарымыз осыны айқын ұғынса деймін», деген болатын. Расымен де, әр жас азамат өз ісінің білікті маманы болған кезде ғана еліміз гүлденеді, мемлекетіміз түрленеді. Өзгеріс тек Президентке, не болмаса Үкіметке ғана керек десек, қателесеміз. Себебі Қазақ елі тек Президент пен Үкіметтен тұрмайды. Байтақ даламызды Қазақстан халқы мекен етеді. Сондықтан жастар қауымы сапалы білім алуға, білікті маман болуға ұмтылуға тиіс. Сонда ғана жаһан жұртына еңбекқор халық ретінде таныла аламыз.
Ал жастар қауымын еңбекке ынталандыру үшін не істеу керек? Ең алдымен, кәсіптік, техникалық мамандықтарды көбірек жарнамалап, еңбек адамының қоғамға пайдасын, табатын табысын үлгі еткеніміз жөн болар еді. Қарапайым мысал келтіре кетейін. Мәселен, кез келген қалада сантехниктің, не болмаса тоқ жөндеушінің пәтер ішіндегі қызметі кемі 5 мың теңге тұрады. Ондай маман күніне кем дегенде 4 пәтерге барып қызмет көрсететін болса, айналдырған 4-5 сағатта 20 мың теңгеге жуық қаражат табады. Оны 22 жұмыс күніне көбейтетін болсақ, шамамен 440 мың теңге шығады. Ал мемлекеттік қызметте немесе түрлі компанияда менеджер болып жұмыс істеген адам ары кетсе 150-200 мың теңге айлық алады. Сондықтан кәсіптік, техникалық білімнің мәні де, маңызы да жоғары. Ондай мамандар қашанда қажет. Сұранысқа ие. Көлік жөндейтін техникалық қызмет көрсету стансаларына барсаңыз да маманның еңбекақысы жоғары. Тіпті өз ісінің нағыз маманы біз айтқан 5 мың теңгенің орнына 10-15 мың теңге де алады. Міне, біз осы мәселені көбірек айтып, жастарды жұмыс істеуге талпындыруымыз, ынталандыруымыз қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдары да, әлеуметтік желілер де осыны ұдайы айтып, дұрыс жол сілтеп тұрғаны абзал. Жоғары оқу орындарында мамандық жәрмеңкелері ұйымдастырылған кезде де алдымен осы туралы сөз қозғалғаны дұрыс болар еді. Болашақта мұндай кәсіптік, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны да артуға тиіс. Бірер жыл бұрын еліміздегі колледж қабырғаларында мұндай мамандықтар тегін оқытыла бастады. Алайда колледжді толық білім деп айтуға болмайды. Колледжді тәмамдаған түлек жоғары оқу орнына түсуі керек. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарында мұндай мамандықтарға бөлінетін грант саны көп емес. Сондықтан бухгалтерлер мен экономистердің санын қыстартып, кәсіптік мамандықтарға бөлінетін гранттарға мән берген жөн болар еді.
Тоқтар БОЛЫСОВ,
Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры