• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Ақпан, 2022

Конференцияға қатысқан жоқ

333 рет
көрсетілді

Германия Федеративті Республикасының Мюнхен қаласында жыл са­йын дәстүрлі түрде өтетін «Мюнхен қауіпсіздік конференциясы» жексенбіде қорытындыланды. Екі күнге созылған халықаралық жиында бірқатар елдің көшбасшылары, саясаткерлер мен сарапшылар бас қосты.

Конференцияға биыл 35 ел мен үкімет басшылары, жүзге жуық министр, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Олардың қатарында БҰҰ, НАТО, Еуропалық одақ басшылары да бар. Биылғы конференцияның күн тәртібіндегі басты тақырып – Украина мәселесі болды. Одан бөлек «Бавария сарайында» Ресей мен Еуропа мәсе­лесі де талқыланды. Сарапшылар қыр­­­ғи­қабақ соғыс аяқталғаннан бері мұн­дай форумдар үлкен маңызға ие болды деген пікір айтады. Сондықтан бұл Батыстық форум көптің назарын аударды.

14 жыл бойы «Мюнхен қауіпсіздік конференциясының» төрағасы болып келген Вольфганг Ишингер конференция төрағалығын Ангела Меркельдің бұрынғы кеңесшісі Кристоф Хойсгенге табыстайтыны мәлім болды.

Алайда бұл конференцияда төраға өз пікірін жасырмай ашық айтып, бірқатар елдің басшыларына өз пікі­рін жеткізді. Бәрінен бұрын кон­фере­н­цияға қатысудан бас тартқан Ресей тарапын сынға алды. Бұған дейін Вольфганг Ишингер Ресей пре­зиденті Владимир Путин Мюнхенге шақырудан бас тартқанын, алайда онлайн режімде қатысатынын айтқанын жеткізген-ді. 2021 жылы конференция онлайн режімде өткізілді. Биыл төраға «омикрон» штамының таралуына қарамастан, бұрынғы форматқа оралуды ұсынып, саясаткерлер мен сарапшыларды Мюнхенге шақырды. Төраға саясаткерлер қауіпсіздік мәселесін жеке кездесулерде де талқылай алуы керек деп түсіндірді.

Дәстүрлі түрде Bayerischer Hof қонақүйінде өткізілетін жиында санитарлық шаралар қатаң бақылауда болды. Пандемияға дейін жиынға 2 000-нан астам адам қатыса алса, биыл тек 600 делегат шақырту алды. Ұйымдастырушылар қатысушы санын тағы да азайтуға ниетті болған. Шараға қатысушылардың барлығы коронавирусқа қатысты екпе салдыруы керек. Сонымен қатар күн сайын ПТР-тест тапсырып, вирус жұқ­тырғанын не жұқтырмағанын тек­серіп тұруға міндетті.

НАТО бас хатшысы Йенс Стол­тен­берг Ресей сыртқы істер министрі Сер­гей Лавровқа Украинамен шие­леніс­ті шешу мақсатында диалогті кеңей­ту ұсынысын білдіргенін ортаға салды. АҚШ вице-президенті Камала Харрис Ресей Украинаға басып кірген жағдайда экономикалық санк­циялар жариялайтынын ескертті.

Жиынды қорытындылаған Вольф­ганг Ишингер Ресейдің қатыспағаны жағдайды қиындата түскенін тағы бір ескертіп, «Мюнхен қауіпсіздік конференциясы» негізінен адамзатқа қауіп төндіретін жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, пандемиямен күрес сияқты мәселелерді талқылау керек­тігін, алайда күрмеуі шешілмей тұр­ған Ресей-Украина мәселесі биыл­ғы жиынның негізгі тақырыбына айналғанын айтып өтті.

Жиыннан кейін жарияланған 2022 жылғы Мюнхен қауіпсіздік баяндамасында Батыс елдерінде «топтық әлсіз­дік» бары атап өтілген. Бұл COVID-19 пан­демиясы, климаттың өзгеруі, геосаяси мәселелер салдарынан туындап отырса керек. Вольфганг Ишингер жиын­ның ашылуында әлем елдерінде бұл мәсе­лені шешуге қажетті барлық тә­сіл мен құрал болса да әлсіздік мәсе­лесі белең ал­ға­нын атап өтті. Оның ай­­­туын­­­ша, кейбір жағдайлар елдердің қол қу­­­сы­­рып қарап отыруға да мәжбүр еткен.

Халықаралық басқосуға АҚШ вице-президенті Камала Харрис, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, ГФР канцлері Олаф Шольц, ГФР Сыртқы істер министрі Анналена Бербок, ГФР Қорғаныс министрі Кристина Ламбрехт, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, Польшаның Үкімет басшысы Матеуш Моравецкий қатысты. Сондай-ақ жиынға Еуропа одағынан үш көш­бас­шы Шарль Мишель, Урсула фон дер Ляйен, Жозеп Боррель келді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутер­риш те, НАТО Бас хат­шысы Йенс Стол­тенберг те, Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдоллахиан да жиында бой көрсетті.