БЕРЛИН. Еуропадағы XXI ғасырдағы соғыс енді ақылға қонымсыз емес. Бірнеше аптаға созылған «Ресей Украинаға басып кіреді» деген болжамдардан кейін Еуропалық халықаралық қатынастар кеңесі (ECFR) жақында жалпыеуропалық сауалдама жүргізді. Оған қатысқан респонденттердің басым көпшілігі соғыс өрті тұтануы мүмкін және Еуропа бұған жауап беруі керек деп есептейді.
Әр елдің қорқынышы да әртүрлі. Бұл бұған дейін бастарынан өткен нәубеттерге ішінара байланысты. Беларусьтың Таяу Шығыстан келген мигранттарды шекарадан өткізуге талпынуымен басы қатып жүрген Польшаға босқындардың жаңа толқыны үрей әкеледі. Франция мен Швецияда кибершабуылдар басты қауіпке айналып отыр. Аталған елдер өздеріндегі ұлттық сайлауларға Ресей араласа ма деп алаңдайды. Ал немістер, италиялықтар және румындар үшін энергия тапшылығы – ең үлкен қорқыныш.
Еуропалықтар сыртқы қауіпті әртүрлі қабылдаса да, баршасына төнген үлкен қауіп бір. Немістің ұлы стратегі Карл фон Клаузевиц соғысты саясаттың басқа әдіспен жасалуы деп атады. Украина дағдарысының алғашқы апталарында көптеген елдің соғыс қаупіне қатысты көзқарасы ондағы ішкі саясаттан мол мағлұмат берді.
Ұлыбританияны алайық. Көптеген адам премьер-министр Борис Джонсонның Шығыс Еуропаға кенеттен алаңдауы оның Украинаның жағдайына қам жегенінен емес деп есептейді. Сарапшылар пікірінше, бұл қадам – елдегі локдаун кезінде Даунинг-стритте түрлі салтанатты кеш өткізгені жөніндегі даудан халықтың назарын бұру ниетіне байланысты. Бұдан басқа дағдарыс оған Америка Құрама Штаттарына «Брекситтен» кейінгі Ұлыбританияның әлі де маңызы бар екенін көрсетуге мүмкіндік береді.
АҚШ президенті Джо Байденге келсек, оның бірінші мақсаты – дағдарыспен күресуге қажетті ресурстар мен уақытты барынша азайту. Ақүй тізгінін ұстағаннан кейінгі оның миссиясы орта тапқа пайда әкелетін саясатты жүзеге асырып, АҚШ-тың сыртқы саясатын Үнді-Тынық мұхиты аймағына және Қытаймен арадағы кикілжіңге аудару. Дональд Трамптың билікке қайта ораламын деген мәлімдемелерінен кейін, түйткіл тек Американың Украина мен Ресей жөніндегі саясатына ғана қатысты емес. Америкалық демократияның болашағына да әсер етеді.
Американың ұстанымы Шығыс және Орталық Еуропа елдерін қатты алаңдатады. Олар Американың нашарлап бара жатқан саясаты мен Ресейдің агрессиялық әрекетіне қарсы шара қолданбауын құптаған жоқ. Олардың ең үлкен қорқынышы – егер ресейлік танктер Украинаға басып кірсе, олардың келесі баратын жері Таллин, Рига немесе тіпті Варшава болуы мүмкін.
Ал Германия, Италия, Аустрия және Грекия секілді елдер Украина төңірегіндегі жанжал Ресеймен қалыпты қарым-қатынас орнату мүмкіндігіне кедергі келтіреді деп қауіптенеді. Германия Батыс құндылықтары, Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен ынтымақтастығы және соғыстан кейінгі пацифистік дәстүрдің ортасында тұр. Осылайша, канцлер Олаф Шольц Батыс елдерінің көшбасшыларына уәде беріп, Германия соғыс жағдайында берік одақтасқа айналатынына сендіруге талпынады. Сонымен қатар ол кез келген жалпы еуропалық мәселеде басты рөлді алуға ынталы емес.
О.Шольцтың ұстанымы Франция президенті Эммануэль Макронның ұстанымына мүлде қайшы. Ол дағдарысты еуропалық «стратегиялық еркіндікті» көрсету мүмкіндігі ретінде қарастырады. Бұл – Макронның ел тізгінін ұстағалы бергі саяси мақсаты. Әрине, Украина дағдарысын шешуде көзге түсетін көшбасшылық рөлді қолына алған Макрон биылғы көктемде Францияда өтетін президенттік сайлау қарсаңында да өзінің беделін көтере алады.
Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер географиясы мен тарихы бойынша бөлінгендіктен, түйткілдің түйінін тарқату ұйым үшін оңайға соқпай тұр. Көпшілік ұйымды белсенді емес, әлсіз және жедел әрекет етпейді деп есептейді. Сондықтан қауіпсіздік тәртібін қорғауды немесе қайта қарауды қаламайды деп есептейтін стереотип көзқарас басым. Сын айтушылар Еуропалық одақ ахуалдың екі бағытта өрбуінен қауіптенеді деп санайды. Біріншісі – жаппай соғыс, екіншісі – Ялта 2.0 сценарийі. Мұндай жағдайда Ресей мен Америка еуропалықтармен кеңеспей-ақ Еуропа үшін жаңа келісімге қол жеткізеді.
Бірақ анық көрінетін айырмашылықтардың астарында барлық еуропалықтың ортақ мүддесі жатыр. Атап айтқанда, Еуропадағы тағы бір соғысты болдырмауға ұмтылу, НАТО-ға деген сенімді сақтау және Украинаны ресейлік қамыттың астында қалудан құтқару жауапкершілігі. Еуропалық саясат құрудағы ерекшелік сол, оның ішкі саяси басымдығын халықаралық дипломатиямен үйлестіре алу қабілеті. ECFR сауалдамасы кейінгі бірнеше аптада еуропалық саясаткерлер басқыншылыққа қарсы тұру жөнінде ортақ пікір қалыптасқанын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар еуропалық елдер өздеріндегі мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға кірісті. Көптеген Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттеріне дипломатиялық келіссөздер ыңғайсыз екеніне қарамастан, олар АҚШ-тың немесе Францияның Ресеймен келісімге келуіне кедергі келтіруге тырыспады. Ал өз кезегінде Макрон басқа елдермен кеңесіп, еуропалық қауіпсіздік пен Украинаның егемендігіне қатысты келісілген принциптерді ұстануға уәде берді.
Оның үстіне, бастапқыда екіұшты жауап беріп, үнсіз қалған Германия санкциялардың бәрін салуға дайын екенін білдірді. Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан да осы айдың басында Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен кезде, негізінен Еуропалық одақтың ортақ бағытын ұстанды.
Еуропаға соғыс қаупі төніп тұрғанын түсінген еуропалықтар ортақ бейбітшілікті сақтап қалу үшін бәріне дайын. Украина шекарасы маңына әскерін топтастырғандағы басты мақсаты басқа екеніне қарамастан, Путиннің өзі байқаусызда Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің басын біріктірді. Осылайша, түрлі көзқарастағы елдерді қауіпсіздігі үшін ортақ мүддеге жұмылдырды.
Марк ЛЕОНАРД,
Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры, The Age of Unpeace: How Connectivity Causes Conflict (Bantam Press, 2021) кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org