Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Сенат тағайындаған, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату мәселесін қарады. Дауыс беру нәтижесінде ОСК мүшесі Серік Сыдықовты қызметінен босату жөнінде шешім қабылданды.
Отырыста ОСК мүшесі қызметіне тағайындау мәселесі де қаралды. Сенат Төрағасы бұл лауазымға мемлекеттік қызметте және заң шығару ісінде тәжірибесі мол Шавқат Өтемісовтің кандидатурасын ұсынды. Сенаторлар ұсынылған кандидатураны қолдап, Ш.Өтемісов ОСК мүшесі болып тағайындалды.
Сонымен қатар Сенат отырысында «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. «Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия құрылған сәттен бастап 10 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру бөлігінде бірыңғай саясаттың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді. Комиссия трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыру аясында өтініштерді қарау, тергеп-тексерулер жүргізу мен істерді қарау сияқты қажетті ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік құпияға жататын ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік билік органдарынан, заңды және жеке тұлғалардан құпия ақпаратты сұратады әрі алады», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Келісімге 2014 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен бірлесіп қол қойды. Қырғыз Республикасы мен Армения Республикасы Келісімге кейінірек қосылды. «Ратификацияланатын Хаттама редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізу арқылы Келісімнің мәтінін ЕАЭО туралы шартқа сәйкес келтіруге бағытталған. Осы орайда «тараптар» деген сөз «мүше мемлекеттер», «бірыңғай» деген сөз «жалпы», «қызметкерлер» деген сөздер «лауазымды адамдар мен қызметкерлер» деген сөздермен ауыстырылды. «Осылайша, Хаттаманы ратификациялау және қабылдау Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелеріне сәйкес бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін толық іске асыруды қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», деді С.Жұманғарин.
Құжат жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл құжатттың маңызы зор. «Қабылданған заң Еуразиялық экономикалық комиссия қызметінде бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау кезіндегі жекелеген ережелерді нақтылайды. Бұл осы бағыттағы құпия ақпаратты қорғау тәртібін жетілдіруге және оны жария еткені үшін жауапкершілікті күшейтуге құқықтық негіз қалыптастырады», деді М.Әшімбаев.
Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Дәурен Әділбеков Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында электр энергетикасы саласына қатысты бірқатар жүйелі проблеманы атап өтті. Атап айтқанда, сенатор бұл саланы қазір елімізде үш министрлік және квазимемлекеттік сектордың екі компаниясы басқаратынын, яғни бірыңғай салалық орган болмай тұрғанын және бірыңғай ұлттық тарифтік саясат жоқ екенін айтты.
Сенатордың айтуынша, энергетика саласында бірқатар компания өзара кірігіп кеткен, бұл олигополия мен рәсімдерді көрсетпеуге алғышарттар жасайды. «Энергетика саласында өндіруші, энергия жеткізуші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасында тігінен интеграцияланған үлестес құрылымдар құрылды, бұл осы салада олигополияның бар екенін білдіреді. Қазіргі уақытта электр энергиясының 97 пайызы сауда процесі ашық көрсетілмейтін тікелей шарттар бойынша сатылады», деді Дәурен Әділбеков.
Сенатор сондай-ақ «Самұрық-Энерго» мен KEGOC компанияларын Энергетика министрлігінің қарамағына беруді және бірыңғай сатып алушы жүйесіне көшуді ұсынды. Мұндай тәсіл электр энергиясын бірыңғай шекті бағалар бойынша сатып алуға және оны тұтынушыларға жария талқылаудан кейін бекітілуі тиіс бірыңғай бағалар бойынша сатуға мүмкіндік береді.
Әли Бектаев ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі – бағбандық екенін айтып, осы іспен айналысатын шаруаларды қолдаудың және оны дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында сенатор елде жылына 420 мың тоннадай жеміс-жидек өндірілетінін сөз етті. Әлемдегі тамақтану стандарттарына сай әр адамға қажетті жылдық норманы есептесек, халқымызға 2,5 млн тоннадан астам бау-бақша өнімдері қажет. Яғни біз оның 17 пайызын да қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оның үстіне бау-бақшаның гектарынан түсетін таза табыс майлы дақылдармен салыстырғанда 16 есе, астық шаруашылығына қарағанда 25 есе жоғары. «Өкінішке қарай, бұл саланың еліміз үшін аса маңыздылығы, халық денсаулығы үшін пайдалылығы, экономикалық тұрғыдан тиімділігі құзырлы органдар тарапынан ескеріле бермейді. Біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Елімізге жылына 230 мың тоннадан астам бау-бақша өнімдері шеттен әкелінеді. Біздің нарығымызға көршілес Өзбекстан, Қырғызстанды айтпағанда, Түркия, Польша, Беларусь, Молдова, Әзербайжан, Қытай, Иран мемлекеттерінен жеміс-жидек тасымалдануда», деді депутат.
Әли Бектаев депутаттық сауалында Үкіметтің шаруаларды қолдау шараларын сынға алды. Мысал ретінде жүзім және бау-бақша саласындағы жағдайларды келтірді. Депутаттың айтуынша, соңғы 15 жылда бау-бақшаға субсидиялардың 0,02 пайызы ғана бөлінген.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында Рысқали Әбдікеров еліміздегі суицид мәселесін көтерді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау деңгейі бойынша, оның ішінде 15-17 жас аралығындағылар тобында алғашқы орында тұр. «Ғалымдар мен сарапшылардың соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда, жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайды екен. Үйден тыс жерде зәбір көріп, оны ата-анасынан, мұғалімінен жасырып, өз проблемасымен жеке қалған бала ауыр психологиялық дағдарысқа ұшырап, стрестік жағдайды бастан кешеді және оның соңы орны толмас жағдайларға соқтырып жүр. Телекоммуникациялық-ақпараттық жүйелерде өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттап, балаларды суицидке итермелеу ақпараттарының орналасуының барған сайын негізгі рөл ойнап отырғаны алаңдатады», деді депутат.
Өз кезегінде Ольга Булавкина Премьер-Министрге жолдаған сауалында саяжай учаскелерінде тұратын тұрғындардың мәселелеріне назар аударып, Үкіметті осы бағыттағы өзекті проблемаларды шешуге шақырды.