Елордада онлайн форматта «Ассамблея жастарының» мәжілісі өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, мемлекеттік органдар мен республикалық жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Бүгін біз Ассамблея жастарымен, жастар ұйымдарының және бірлестіктерінің өкілдерімен олардың жұмысындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін кездесіп отырмыз. Қазіргі таңда жастар ұйымы қабылдаған шаралардың тиімділігі мен нәтижелі болуы жастар бастамасын дамытудың өлшеміне айналып отыр. Өткен айда болған оқиғалар жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын, әлеуетін арттыру қажет екенін көрсетті», деді Марат Әзілханов.
Тимур Жұмырбаев «Ассамблея жастары» ұйымының басты бағыты жөнінде айтып берді. «Ұйымның мақсаты – жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастыру, жастардың бастамаларын дамыту және әлеуметтік тұрғыда қолдау. Бүгінде біз алдымызға жастарға нақты көмек беру жөнінде мақсат қойып отырмыз. Бүгінде 14 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада өкілдігіміз бар. Уақыт өте келе моноқалаларға, ауылды елді мекендерге шығамыз. Қазір шағын қалаларда жастармен жұмыс жақсы жолға қойылған», деді ол.