• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

“ТАЛПЫНҒАННЫҢ ТОҚПАҒЫ ТАСҚА ШЕГЕ ҚАҒАДЫ...”

791 рет
көрсетілді

Елордада Білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподақтарының ХІІ съезі өтті. Жиынға 9191 бастауыш ұйымға біріккен 770 мың кәсіподақ мүшесінің 136 делегаты қатысып, 2005-2009 жылдары атқарылған жұмыс­тарының жетістігі мен кемшілігін саралап, алдағы міндеттерді пысықтады. Негізгі баяндаманы одақтың төрайымы Майра Амантаева жасап, өткен жылдар ішінде кәсіподақтардың өзгермелі қоғамда өз орнын табуы оңай болмағанын, күрделі жолдардан өткенін, жұмыс әдіс-тәсілдері нысандарын жаңғыртып, Отанымыздағы жаңарулармен ұштастырып отыру қажет болғанын, бұл қадам оң жемісін бергенін атап өтті. Қазақ елі деген байтақ еліміздің әлемдегі орны, қуатты болуы оның білім деңгейімен өлшенетіні анық. Олай болса, қандай жақсы реформа мен керемет жоспар­ларды жүзеге асырып, мемле­кетіміздің күш-қуатын әлемге танытуда білім саласы қызметкерлерінің, әсіресе ұстаздардың алар орны, атқарар ісі әр кез ерекше. Осы есеп­ті кезеңде Қазақ елі білім қызметкер­лері­нің әлемдік дағдарыс кезінде ел бірлігі мен ты­ныш­тығын сақтай отырып, адамдар құқы­ғы­­ның бұзылуына жол бермеуге деген талпы­ны­сымызға бүкіл жұртшылық куә деп білемін. Мұғалім беделі көтерілсе, ел мерейінің асқаны болып есептеледі. Содан да болар, Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев жыл сайын білім сала­­сының қызметкерлеріне ерекше көңіл ауда­рып, айлықтарын өсіруге пәрмен беріп, оны Үкімет орындап келеді. Әйтсе де, мұғалімдер­дің қазіргі жалақысы көп жағдайда көңіл көншіте бермейді. Айта­лық, олар ала­тын еңбекақы елдегі орта­ша жалақы­ның 60 пайы­зын ғана құрайды. Егер бюджет қызметкер­лері­нің айлығы өмір сүруіне жет­кі­лік­ті болса, олардан жұмысты жан-жақты талап ете ала­мыз, деді ол. Баян­да­машының сөзіне қара­ғанда, мектептердегі мұғалімдердің дені ере­сек­тер еншісіне тисе, жалпы оқыту­шы­лар­дың 81,3 пайызын әйелдер құрайды екен. 3 жыл қызмет еткен мұғалім 13 пайыз болса, білім ұяларына жастардың келуі 2,6 пайыз көрінеді. Елдің келешегі саналатын жастарға білім беру мен тәрбие үйрету мәселесі де бір сәт на­зар­дан тыс қалмай келе жатқанына нақты дәлел-дәйектер келтірілді. Мұнымен қатар мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, ынта-ықыласын ояту мақсатында қоғамдық ұйым­дармен бірлесе отырып, әр жыл сайын өткізі­ліп келе жатқан жарыстар нәтижесі бойынша жүзден жүйрік шыққандарға “Жылдың озат мұғалімі”, “Озат сынып жетекшісі”, “Үлгілі тәрбиеші” деген атақтар беріліп келеді. Халықпен жұмыс істейтін кәсіподақ ұйымы қызметкерлерін заман талабына сай қайта дайындау жұмысы да үздіксіз жүргізілу үстінде. Қызметкерлеріміз Түркия, Таиланд, Кипр, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, тағы бас­қа мемлекеттерде өткен халықаралық семи­нар­­лар мен конгресс, форумдарға қаты­сып, Отаны­мыздың өмір тынысынан баян­дамалар жасап, семинарлар өткізді. Тәуелсіз мемле­ке­ті­міздің жақсы ісіне әр кез қолдау көрсетіп, кемшілігі болса түзеуге қолұшын беріп келе жатқан біздің мыңдаған ұйым мүшелері биылғы қыстың қытымыр­лығынан зардап шеккен отандастарымызға көмек беруде. Мысалы, Алматы облысы, Ақсу ауданындағы Қызылағаш қасіретін ести салып, бар мүмкін­дігімізді есептей отырып 1,5 млн. теңгені құрай­тын ақшалай да, зат­тай да көмек көрсет­тік. Мұндай көмекті Шығыс Қазақстан, Қы­зыл­орда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы об­лыс­­тары­ның мектеп­теріне де бердік. Кәсіп­одақ ұйымы қашанда азаматтардың еңбегін қорғап, қауіпсіздігін сақтаумен айналысатыны белгілі. Сондық­тан да бізге өтінішпен шығатындар мыңдап саналады. Мәселен, мектептегі кикілжіңнің ­кесірінен, моральдық ахуалдың ушығуынан білім сапасы төмендеп, оқушылардың тәрбиесіне жете мән бермеу орын алған Алматы облысы, Іле ауданы Жетіген ауылындағы орта мектептегі жағдай­ды министрлікпен бірлесе отырып қарадық. Нәтижесінде шындық салтанат құрып, дирек­тор жұмыстан алынды. Облыс әкімі аудандық білім басқармасының бастығын қыз­метіне сай емес деп тауып, ақыры орны­нан босатты, дей келіп, Майра Амантаева кәсіподақ жұ­мы­сының пәрменді болуы, оны басқарып отырған көшбасшыларына байланысты екенін айтты. Бұдан кейінгі сөзді жоғары оқу орын­дары ассоциациясының президенті, белгілі экономист-ғалым Рахман Алшанов жалғас­тырып, елі­міздің экономикасына жан-жақты шолу жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың биыл­ғы Жолдауында атап өткен шикізат өндіруден өндірісті елге айналу жөніндегі тапсырмаларын тілге тиек етіп, оны орын­дау­дың басты жолы жастарға білімді тиімді беру керектігін атап өтті. Ол сонымен қатар, 40 мыңнан аса студенттің жатақханасыз жүр­ге­нін, кейбір оқу орын­дарының базасына көңілі толмайтынын, бірнеше ауысымда оқыған жерде сапалы маман әзірленбейті­нін, жағдай жасай алмайтын күйде тұрып студент қабылдау қате екенін назарға салды. Алды­мен білім берудің төрт құбыласын түгендеп алып барып талапкерлерді қабыл­дау керекті­гін айтқан ол, білім орындарын тексеруші­лер­дің көп екендігіне өкініш білдірді. Демо­кратиялық қоғамда сенімге селкеу түсіріп, сенімсіздік көрсету, өзін-өзі басқару жөнін­дегі әдемі идеяны ысырып қою жақсы ны­шан еместігіне, мұндай жағ­­дайда оқыту­шы­лардың көп уақыты есеп беру­мен кете­тініне, ақша төленбейтін қоғам­дық жұмыс­тардың да адамдарды жалық­тыра­ты­нына дәлел-дәйектер келтіріп, мұндай жайсыз істердің алдын алуды алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып жүргізу оң нәтиже береді, деген ол еліміздегі Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ­тарының жұмысына көңілі толатынын, қашанда ха­лық­қа қызмет ету жағынан алдыңғы шептен көрініп келе жатқанын ерекше атап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Ферхо Парламентте қаралып жатқан заңдар туралы ой қозғаса, Жамбыл облысы білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподағы кеңесі­нің аппарат жетекшісі Ерұлан Мағзым­беков қолданыс­тағы “Кәсіподақтар туралы” Заңды өзгерте­тін уақыттың жеткенін айтып, оған дәлел ретінде жаңа Конституцияның салтанат құрып жатқанын, Азаматтық кодекс, Еңбек кодексі, коммерциялық емес ұйымдар, қо­ғам­дық бірлестіктер туралы заңдар және кәсіподақтар қызметіне, құқықтары мен кепілдіктеріне қатысты өзге де заңнамалық актілер қабылданғанын, Қазақ елі Парла­менті Халықаралық еңбек ұйымының кәсіподақтар қызметіне тікелей қатысы бар бірқатар конвенцияларды мақұлдап, қол­да­ныс­қа енгізгенінен дәйек келтірді. Кәсіп­одақтар туралы қолданыстағы заң Кеңестік кәсіподақтар принциптеріне негізделген және кәсіподақ құрылымында жаңа бетбұрыстар жасап, жаңа әдістер қолдануға мүмкіндік бермейді дей келіп, мұғалімдердің айлығы әлі де болса төмен екендігін айтып, пән кабинеттерінің ішінде физика, химияға мән берілгенмен, өзге каби­неттер ескерусіз қалып жатқанын, сынып жетекшілеріне бала санына қарай ақша төлеу қажеттігін алға тартты. Жас мамандарға кредитті жеңілдетіп беру, бұл тек оларға ғана емес, білім сала­сының қызмет­кер­леріне қатысты болса деген тілегін де атап өтті. Білім саласының мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында барлық мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан жыл он екі ай үздіксіз тексерулер жүріп жатады. Мекеме басшы­лары осы тексерістерден бас көтермей, нәтижесінде оқыту мен тәрбиелеу шараларын өткізуге тікелей қатыса алмайды. Ол өз кезе­гінде жалпы білім беру жағдайына кері ықпал етіп, ата-аналар мен білім алушылар тара­­пы­нан көптеген наразылықтар, арыз-шағымдар тудырады. Бұл тексерулерді бір жолға түсіретін уақыт жетті, – деген ол, бүгінде қоғам дамуын тежеп, халық алдында билікті тұрпайы етіп, адамдардың заңдылық пен әділеттілікке деген сенімін жоғалтып, мемлекетке шашетектен зиян келтіріп отырған қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі – сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу жайында әңгіме қозғады. Біз съезге қатысқан азаматтармен де ой бөліскен едік. Алғашқы пікірлесіміз Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков: – Біздің министрлік пен кәсіп­одақ ұйымының арасында 2008-2010 жыл­дарға арналып жасалған келісім-шарт бар. Соның не­гізінде жұмыс істеп келеміз. Ең бастысы, сол шарттың бабында нақты­ланған педагог қызметкерлердің құқығын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әсіресе жас ма­мандарға бірінші кезек­те жағдай жасау қарастырылған. Қазір жас мамандардың ауыл­ға бару мәселесі бірінші кезекте тұр. Біз осы жұмысты кәсіп­одақ ұйым­дарымен бірле­сіп атқарудамыз. Парла­ментке ұсынылған “Білім туралы” Заңға қосылған өз­герістер мен қо­сым­шалар ара­сында педагог қызметкерлер­дің мәртебесін нығайту бірінші кезекте тұр. Мұға­лім мәрте­бесінің артуы бұл білім сапасы­ның өсуі­не, тәрбиенің тиянақты болуына жол ашады, – деді. Ақтөбе қаласындағы №1 кәсіптік лицей кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Онбаев: – Күн санап кәсіподақ ұйымы жан­данып келеді. Мұғалімдер мен өндіріс­тік-оқыту шеберлері құқығын қорғау, жала­қы­сын көтеру, өмірге сәби әкелген анаға жәрдемақы төлеу мәселелері бойынша атқа­рып жатқан жұмыстарымыз аз емес. Кей жағдайларда әкімшілікпен келісе алмай қала­тын тұстар да болып жатады. Ондай кез­де заңға жүгінеміз. Жалпы, халықтың бізге деген сенімі ерекше. Облысымызда 34 мыңнан аса адамның басын біріктіріп отыр­ған 523 бастауыш ұйым бар. Соңғы жыл­дары бір кездері кәсіподақтың керегі не деген азаматтар қайтадан келіп жатыр. Бая­ғы кезең жоқ, демократия салтанат құрған дәуірде айтылар сөз ашық. Біздің лицей 60 жылға таяу уақыттан бері 9 маман­дық бойынша құрылысшылар әзірлейді. Соңғы жылдары түлектерге деген сұраныс ерекше. Осының бәрінде де біздің кәсіподақ ұйымы әкімшілікпен бірлікте жұмыс жасап келеді, деген ойын білдірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті “Сұңқар” студентттер кәсіп­ода­ғы­ның төрайымы Арайлым Өмірбекова: – Біздің кәсіподақ ұйымы 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Заңдылық, жариялылық, демо­кра­тиялық негізде жұмыс атқаруды басты мін­детіміз деп білеміз. Ең негізгісі – сту­дент­­тер­дің әлеуметтік құқығын қорғау, отаншылдық рухын ояту. Бұл игілікті жұ­мыс­ты іске асыру кезінде атқарылатын іс-шара­ларды біздің кәсіподақ ұйымы дербес атқара­ды. Жастарға деген университет басшы­лығы­ның қамқорлы­ғы әр кез мол. Университе­ті­міздің Ыстықкөл жағасында спорттық-сауық­тыру кешені бар. Оған жыл сайын жақсы оқи­тын, белсенді 100 студентті тегін, ал 300 сту­дентті 50 пайыздық жеңіл­дікпен жіберіп оты­рамыз. Мен кәсіподақ ұйымын ұстаз, студент, әкімшілік арасын­дағы дәнекер деп білемін. Оқу орнындағы жастармен тиянақты жұмыс істеп келе жатқан ұйым “Сұңқар” екені рас, деп ой қорытты. Құрылтайда білім қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мен еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақы­лау жасау, кәсіподақтың рөлін көтеру, педагог кадрларды орынсыз қысқартуға жол бермеу, сол секілді ұстаздардың, студенттер­дің конс­ти­туциялық құқықтары мен кепіл­діктерін іске асыруға бағытталған кешенді ұйымдық және құқықтық іс-шараларды өткізу, білім ұйым­дарында еңбек қауіпсіз­дігін сақтау, қызмет­кер­лерге жеңілдіктер мен төлемақы­ларын алуға мүмкіндік жасау, басқа аймақтан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және өзге нақты мәселелер бойынша әңгіме өрбіп, арнайы қаулы қабылданды. Қазақтың хас батыры Бауыржан Мо­мыш­ұлы “Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қағады...” деген екен. Шынында, білім саласы қызметкерлерінің құқығын тиісті орындармен тіл табыса отырып қорғап келе жатқан Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының 5 жыл ішіндегі жұмыс қоры­тындысын бағдарлай келіп, алда атқа­ра­­тын істеріне көз жүгірткенде қиюын тапса бітпейтін жұмыс, алынбайтын қамал жоқ дегенге ат байладық. Қалай десек те, бұқара­ның жоқшысы болып отырған кәсіп­одақтың қадір-қасиеті келешекте артып, кемел істерге ұйытқы болады деген сенімдеміз. Сүлеймен МӘМЕТ.