• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2022

Жайылым көлемі ұлғайды

705 рет
көрсетілді

Егін шаруашылығы дамыған өңірлердегі жайылым тапшылы­ғы көптен шешім таппай келе жат­қаны жасырын емес. Мәселен, Қостанай облысының солтүстік аудандарындағы бай алқаптардың арасында мал жаятын отты жер таба алмай тарығып отырған елді мекендер әлі де азаяр емес. Бұл ауылдарда тұрып жатқан адам­дардың әл-ауқатын арттыру үшін ең бірінші кезекте мал өрісін ке­ңейту керек екені белгілі.

 

Былтыр 26 қаңтарда өткен Үкі­меттің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бұл мәселеге арнайы тоқталып, жайылымның ауыл тұрғындарына қолжетімді болу керектігін қадап айтқан еді. Президент жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отырған жергілікті әкімдіктерді сын тезіне ала отырып: «Салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Бүгінде жа­йылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алай­да оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», деген еді.

Биыл 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­ле­кет басшысы жайылым мәсе­ле­сіне қайта оралып, Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің көзбояу­шылықпен айналысып отырғанын сынға алды.

– Бос жатқан жерлерді тезі­рек қайтарып алып, оны ауыл тұрғын­дарына беруді тапсырған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен әкім­діктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 млн гек­тарға немесе 32 пайызға азайды деп мәлімет беріп отыр, – деген Президент бірқатар өңірде жа­йылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймағанын, әсіресе Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалғанын, шын мәнінде жайылым тапшылығы қағаз бетінде ғана азайғанын айта келіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға мәселені түбегейлі шешуді қатаң тапсырған болатын.

Президент тапсырмасына сәй­кес, 21 ақпанда Қостанай об­лысы әкімдігінде жайылым жер­лер­дің тапшылығын азайту мәсе­лесі тал­қыланды. Алқалы жиында баян­да­ма жасаған облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қаты­настары басқармасының басшысы Тимур Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде өңір тұрғындарының қолында 335 мыңнан астам мал басы бар.

– Ауылдық елді мекендерде мал жаюға арналған 1 млн 294 мың гек­­тар жайылымдық жер бар. Ал бүгінде тұрғындардың қолындағы малды жаюға 2 млн 181 мың гектар жер керек. Яғни 887 мың гек­тар жайылым жетпейді, – деді Т.Бейсембаев.

Өткен жылы ауылдық елді ме­кендердегі жайылым тапшы­лы­ғын азайтуға бағытталған бірқатар іс-ша­ра­ атқарылыпты. Мәселен, оңтүстік аудандардағы жайылым тапшылығы 331,7 мың гектарға тө­­мендеген. Сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдіктері мен жеке шаруашылықтардың арасында мал өрістейтін жайылымдық жер­­лерді ауыл халқына өтеусіз беру туралы меморандумдар мен келісімшарттар жасалып, нәти­же­сінде, облыстағы жайылым тап­шы­лығы 200 мың гектарға дейін азайған.

– Мұның сыртында, орманды алқаптардағы 47,3 мың гектар жа­йылымдық және шабындық жер­­лер­де жекенің малы жайыла­ды. Елді мекендердің маңайын­да­ғы жа­­йылымдар іргелес жатқан қо­сал­­қы жерлер есебінен 9,1 мың гек­тарға ұлғайтылды. Осындай іс-шаралардың есебінен облыста 587 мың га алқаптағы жайы­лым тап­шылығы 300 мың гектарға ­де­йін төмендеді, – деді басқарма бас­шысы.

Сонымен қатар облыстағы бір­­­қатар аудан мен Арқалық қа­ла­сы­ның әкімдігі мемлекет қо­рын­дағы жер телімдерін резервте қал­дыруды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сы басшысының айтуынша, мұн­дай шаралар жайылым тап­шы­лығын азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет жерін резервке қалдыру арқылы облыстағы жа­йылым көлемін 320 мың гектар­ға дейін ұлғайтуға болады екен.

Жиын соңында аймақ басшы­сы Архимед Мұхамбетов 15 сәуір­ге дейін жайылымдарды бас­қару және оларды пайдалану жөніндегі екіжылдық жоспар әзірлеуді тапсырды.

Жайылым көлемін ұлғайту мә­селесін баяндағанда ауыл ша­руа­шылығы басқармасының басшысы көбіне онсыз да жайылымы мол, астығы аз оңтүстік аудандарды мысал етіп отырды. Ал жайылым тапшылығы ушығып тұрған солтүстік аудандарда мәселені шешуге бағытталған қандай нақты іс-шаралар атқарылып жатқанын ашып айтпады. Сондықтан алдағы алқалы жиындарда егін жақсы шығатын Алтынсарин, Сарыкөл, Ұзынкөл, Федоров, Бейімбет Майлин, Қостанай аудандарында жайылымға қолы жетпей отырған малсақ жұрттың мұңы да ескеріліп қалар деген үміт бар.

 

Қостанай облысы