Ата-бабаларымыз әлімсақтан ұстанып келе жатқан ислам дінінде «хуббул-уатан минәл-иман» деп айтылатын мағынасы терең риуаят, яғни өсиет бар. Бұл ұғымды қазақша тәпсірлесек, «елді, отанды, жерді сүю – иманнан» дегенді білдіреді екен. Демек пенде баласының елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі һәм адал махаббаты жүрегіне сіңген иман қуатымен өлшенбек. Абайша айтсақ, «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін, Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін». Дана атамыздың мына сөзін тәпсірлер болсақ, иманы кәміл, ықыласы кемел адам ғана елін, жерін, Отанын сүйе алары хақ.
Осы орайда айтпағымыз, қазақ халқының сан ғасырлық тарихында елін, жерін, Отанын сүюдің үлгісі көп. Соның ішінде бүгінгі таңда – қазақ баласына үлгі-өнеге боларлығы – Алаш арыстарының ісі. Тарихшы, алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісұлы 2010 жылы жарық көрген «Алаштұлғалы» атты еңбегінде: «Елді сүю керек. Бірақ қалай сүю керек, қайтіп сүю керек? Дәл осы мәселенің байыбына бара бермейміз. Мұның керемет үлгісін бізге Алаш зиялылары көрсетіп кетті», деп жазады. Расында, солай!
Мысалы, аса қуатты эпик-жыршы Ілияс Жансүгіров:
«Халқыңның сырын өзің білесің де,
Ісіне күйінесің де, күлесің де,
Қаласың кейде күйіп, кейде мәз боп,
Әйтеуір сол халықты сүйесің де» десе, дүлдүл ақын Мағжан Жұмабаев:
«Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін!», – деп тереңнен бұлқынып шыққан жүрек сөзін арнаса, Алаш ардагері Әлихан Бөкейханов өзінің естелігінде Абайдан озық тәрбие көрген шәкірттерінің бірі Кәкітай Ысқақұлы жайлы былай дейді: «1906 жылдың январь (қаңтар) айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Омарбек пен Кәкітай мені қашыртпақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. Тұзқалаға бір көш жетпей ұсталғанымды естіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамға жолықсам да қашпақ емеспін. Мен қашсам, іздеп отряд шығып, қырдағы қазақты қор қылмай ма. Абақты да бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы емес пе» деп, қайран Әлекең басына іс түскенде қара басын емес, елінің қамын ойлаған екен. Міне, бұл елін сүюдің ерен үлгісі емес пе?!
Сол сияқты «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында былай делініпті: «Газеттің 80-ші нөмір санында жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф төлеу немесе үш ай абақтыға қамау жайлы үкім етеді. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болатынын ойлап, үш ай қамауда отыруға риза болғаннан кейін 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызды», дейді. Қазақтың қамын күйттеп, халықтың көзі мен құлағына айналған газетін сақтап қалу үшін қайран Ахаң қара халықтан жылу жинаудың орнына өзі барып түрмеге түскен екен.
Осыдан көп жыл бұрын этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметов мына бір әңгімені айтып берген еді: «Біздің бала кезімізде Торғайда қылағай қызыл сиырлар болды. Жүдеубастау, тұрқы кішкене, сүті аз мал. Ел бұл малдарды баяғы аштық жылдары Семей жақтан айдалып келген сиырдың тұқымы деуші еді», дейді жарықтық. Сөйтсек, 1920-1921 жылдары Торғайда алапат аштық болған тұста Алаш арыстары Жүсіпбек Аймауытов бас болып, М.Дулатов, Қ.Сәтбаев қостап, Семей өңірінен жүздеген сиыр жинап, аштықтан өзегі талған Торғайға жаяу жалпы айдап келіп, елге тегін таратып берген екен. Сөйтіп, халықты аштықтан аман алып қалған.
Сөзімізді түйіндер болсақ, марқұм жазушы Дидахмет Әшімханов бір жазбасында: «Қазір халық алдындағы барлық проблема түгел шешіліп бітті ме? Бітпесе, елім, жерім, тілім, дінім, салт-дәстүрім деп жанын жалаулатып жүрер азаматтар неге аз?! Неге соншама енжар-бұйығымыз?! Ұлттық қан, ұлттық сана, ұлттық намыс қалай салқындап қалған бойымызда?! Бұдан құтылар жол біреу, ол – отаншылдық сезімді ояту, бұрынғы өткен замандағы елді, халықты сүюдің үлгілерін насихаттау», деген екен. Ендеше, қазіргідей «елді сүюдің» үлгісі шау тартқан тұста, жоғарыдағы Алаш арыстарының өнегесін неге насихаттамаймыз?!