Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт саласындағы 2021 жылғы қызметі қорытындыланып, министрліктің 2022 жылға жоспарланған негізгі міндеттері талқыланған алқа мәжілісі өтті.
Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жанат Искаков, Мәдениет және спорт министр Дәурен Абаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, жаттықтырушылар қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Ведомство басшысы Дәурен Абаев жиын барысында ең бірінші 2021 жыл спорт саласында атқарылған жұмыстар мен спортшылардың жеткен жетістіктеріне тоқталды. Былтырдан бастап елімізде алғаш рет спорт секцияларына жан басына шаққандағы қаржыландыру институты енгізілгені белгілі. Соның арқасында былтыр 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысқан. Спорт секцияларын ашуға мемлекеттен 6 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық дәрістер жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілді. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы 25 пайыз өсті. 2023 жылға дейін жалақы жыл сайын көбейтіліп, 2023 жылға қарай бұл өсім 100 пайызды құрайды. Спортшылардың допингке қарсы зертханасы мен Ұлттық допингке қарсы орталықтың, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының басқарушы және негізгі қызметкерлердің жалақы мөлшері лауазымдық жалақыдан 100 пайыз өсті. Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» және «Асық ату» ұлттық спорт түрлері міндетті компонент ретінде енгізілді», деді Д.Абаев.
Сондай-ақ министр былтыр саламатты өмір салтын насихаттау аясында республика бойынша 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Оған жалпы саны 1,5 млн адам қатысқан болса, оның 900 мыңы ауылдық жерлерде. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар түрлі деңгейдегі 474 халықаралық жарыста бақ сынап, әртүрлі дәрежедегі 632 медаль жеңіп алған. Ал республика аумағында 51 халықаралық жарыс өткізілген.
Жиын барысында Дәурен Абаев 2022 жылы министрліктің алдында тұрған бес өзекті міндет тұрғанын айтты. Оның ең біріншісі және қазіргі таңдағы ең маңыздысы – спорт инфрақұрылымының болмауы.
«Қазіргі таңда республика бойынша жабық спорт ғимараттарының саны өте аз. Ел бойынша ең жағдайы нашар Түркістан және Алматы облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары болып тұр. Ал ең қолайлы жағдай Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Алайда, бұл өңірлерде де инфрақұрылымның тапшылығы сезіледі.
Екінші міндет – бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде мемлекеттік спорттық тапсырысты дұрыс орындау. Президент осы бағыт бойынша нақты тапсырма берді. Бұл – азаматтардың әлеуметтік көңіл күйін жақсартудың ең ұтымды жолы.
Үшінші – жаттықтырушыларды, төрешілерді және спорт ардагерлерін қамтамасыз ету. Жүргізілген талдау бойынша елімізде жоғары білікті жаттықтырушылардың жетіспеушілігі анықталды. Мұның басты себебі – жалақының аздығы. Бүгінде еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес біліктілігі орташа деңгейдегі санаты жоқ жаттықтырушының жалақысы 63 мың теңге.
Төртінші – ұлттық спорт резервін даярлау. Ұлттық құрама командалардың құрамын лайықты орынбасарлармен қамтамасыз етпей, үлкен жетістіктерге жету мүмкін емес. Бұл үшін бүгінде барлық алғышарт бар, бұған жастар құрама командаларының әлем чемпионаттарындағы, Азия чемпионаттарындағы, Әлем кубоктарындағы нәтижелері дәлел бола алады. Өсіп келе жатқан жастардың спорттық әлеуеті жоғары және біз оларды назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Бесінші – спорттық медицинаға тиісті көңіл бөлу. Бүгінде Алматы қаласындағы допингке қарсы зертхананың WADA аккредиттеуін қайтару бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. 2021 жылы елімізде допингке қарсы ережелерді бұзудың 41 жағдайы анықталды», деді министр.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Олимпиада резервін даярлаудың біртұтас жүйесін құру керек екенін айтты. «Олимпиада резервін даярлаудың біртұтас жүйесін құру уақыты келді. Бұл салада түбегейлі іс-шара қабылдау қажет. Министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, әкімдіктер, ғылыми институттар мен федерациялар спортшыларды даярлау барысында өздерінің міндеттері мен рөлдерін анық түсініп, оларды тиянақты орындауы тиіс. Осы жұмысты үйлестіру – министрліктің басты міндеті. Олимпиада резервін даярлау қызметін нақты деңгейлерге бөліп, әрбір деңгей үшін тиісті нормативтерді, көрсеткіштерді, жауапты ұйымдарды және қаржыландыру көздерін анықтау қажет», деді вице-премьер.
Жиын барысында Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, Гимнастика федерациясының президенті, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әлия Юсупова, ауыр атлетикадан ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұржан Смаханов, Qazaq Batyry жекпе-жек академиясының негізін қалаушы Қанат Алин, Солтүстік Қазақстан облысының «Қуаныш» волейбол клубының директоры Қайырбек Хамзин сөз сөйледі.