• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Наурыз, 2022

Әскери қызметшілер әлеуметтік тұрғыда қорғалады

886 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, онда сенаторлар Президенттің Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне Берік Асыловты тағайындауына келісім берді. Мемлекет басшысының ұсынуын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев жариялады.

 

Сонымен қатар отырыста депутаттар арнаулы мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және олардың әскери қызметті өткеруге қатысты кейбір мәселелерін реттейтін заң жобасын қарады.

Бұл құжат тұрғын үй төлем­дерінің тәртібін жетілдіруді және арнаулы мемлекеттік орган­дар­дың қызметкерлері мен әскери қызмет­шілерді, ал олар қаза тапқан жағдайда олардың отбасы мүшелерін тұр­ғынжаймен қамтамасыз етуді көздейді. Жаңа нормаларға сәйкес енді мүге­дектігі бар бала асырап отырған, оның ішінде отбасында жасына қара­мастан бала күнінен мүге­дектігі бар адамдар арнаулы мемлекеттік органдардың қыз­меткерлері мен әскери қыз­мет­шілерге өздері тұрып жатқан қызметтік баспананы өтеусіз алу құқығы беріледі. Осы заң жобасын қабылдау арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, олар қаза тапқан жағдайда олар­дың отбасы мүшелерін әлеумет­тік қорғауды жақсартуға жол ашады. «Модульді тұрғын үй» ұғы­мын енгізу. Бұл жабық әскери қалашықта жылдам тұрғы­зы­латын, қажет болса тұрған жерін ауыстыруға болатын тұрғын үй. Мұндай үйді сатып алу қысқа уақытта әскерді тұратын орынмен қамтамасыз етуге, ал геосаяси жағдай өзгергенде, оларды шығынсыз басқа жерге көшіруге мүмкіндік береді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.

Сонымен қатар заң жобасында қызметтік әдептен айнымау, әскери мүлікті сақтау жә­не тағы басқа бағыттар бойын­ша әскери қызметшінің міндеттері толықтырылған. Заң жобасы арқылы азаматтарды әскери-патриоттық тәрбие­леуді айқындау тәртібі Үкімет­ке жүктеледі. Осы жә­не басқа да нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әске­ри қызметшілердің тұрғын үй қа­тынастары мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған. «Әскери қызмет­шілердің және арнаулы мем­лекеттік органдар қызметкер­лерінің жұмыстары аса жауапты екені белгілі. Сол себепті оларды және олардың отбасы мүшелерін құқықтық, материалдық және әлеуметтік қорғау – мемлекет­тің маңызды міндеттерінің бірі. Сон­дықтан қаралған заң жобасы әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары саласындағы құ­қықтарын қосымша реттеуді көздейді. Сондай-ақ әскери және арнаулы мемлекеттік орган­дар қызме­тінің өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері де қам­тылған», деді М.Әшімбаев.

Заң жобасын қарау барысында сенаторлар ұсынылған өзгерістерді қолдады. Сондай-ақ құ­жатқа әскери қызметшілердің құқықтарын реттеу мәселелеріне қа­тысты кешенді тәсілдерді қам­та­­масыз етуге арналған бірқа­тар түзетулер енгізілді. Соған бай­­­ла­нысты заң жобасын Мәжі­ліске қай­тару туралы шешім қабыл­данды.

Отырыс кезінде сенаторлар өздері­нің депутаттық сауалдарын да жолдады. Үкімет басшысына жолдаған сауалында Бейбіт Исабаев жұмыссыздық мәселесін тиімді шешу үшін елімізде қалыптасқан еңбек нарығына терең әрі жан-жақты талдау жүргізуді ұсынды. Сенатордың мәлі­метіне сүйенсек, жыл сайын жоғары оқу орнын, колледжді бітір­ген жас мамандардың 30 пайы­зы жұмыссыз қалуда. Ал жұмысқа орналасқандардың 30 пайызы өз мамандықтары бойынша емес, біліктілігі, жалақысы төмен жұмысқа тұрады. Депутат осыған байланыс­ты Үкіметте орын алған проблемаларды жүйелі түрде шешу жөнінде шаралар қабылдау маңызды деп санайды. «Елімізде қалыптасқан еңбек нарығының бүгінгі жағдайына терең, жан-жақты талдау жүргізу қажет. Жалпы, халық санының, жаңа еңбек ресурстарының өсу динамикасын еліміз экономика секторларының өсіммен тікелей байланыстыра отырып, алдағы 5 жылға еңбек ресурстарына сұраныстық болжам жасалуға тиіс. Оқу орындарының бағдарламалары мен стандарттарын осы сұранысқа, жұмыс берушілердің өндірістік дағды-талаптарына сай әзірленгенінде ғана еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігіне қол жетеді», деді Б.Исабаев.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қор­ғаныс министрінің атына жолдаған де­путаттық сауалында азаматтық жоға­ры оқу орын­дары жанындағы әске­ри кафед­ралардың құрамы мен құры­лы­мын оңтайландыру мәселесін көтерді.

Премьер-Министрінің атына жол­даған депутаттық сауалында Ләз­зат Сүлеймен «Дипломмен – ауыл­ға» бағдарламасын іске асыру тетік­терін қайта қарауды және оның аясын кеңей­туді ескере отырып, жобаны әрі қарай же­тілдірудің маңызына тоқталды.

«Жұмысқа орналасқан мамандар білім саласына, денсаулық сақтау саласына тие­сілі. Өзекті мәселелер де бар­шылық. Бірін­шіден, мәдениет, спорт, әлеумет­тік, агроөнеркәсіп салаларына орналасқан мамандар саны өте аз», деді сенатор. Сондай-ақ де­путат Ұлттық экономика министр­лігі жүргізіп жатқан тәжіри­бені де назардан тыс қалдыр­мады. Атап айт­қанда, бағдар­ламаға бөлінетін қаржы көлемі қыс­қарғанына тоқталды. Бұл көбінесе жобаға қаты­сушылардың тиісті төлемдерсіз қалуына әкеледі. Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақ­стан облысында өтініш берген­дердің 70 пайызы ғана тұрғын үй сатып алуға несие ала алған болса, қаржы тапшылығы 757 миллион теңгеден асқан. Осы жә­не басқа да бірқатар жүйелі мәсе­ле­ні шешу үшін сенатор Үкі­меттің қа­рау­ына бірқатар нақты шараны ұсынды.

Сенатор Нұртөре Жүсіп Ми­нис­­тр­лер кабинетін алдағы жылы Бейбарыс сұлтанның 800 жыл­­дығын жоғары деңгейде өткі­­зуге шақырды. Депутат өз ұсы­­ныстарын Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Ералы Тоғ­жа­новтың атына жолдаған депутаттық сауалда айтты. Ол Еу­разия даласының тумасы, Мы­сырдың ұлы билеушісі Бейбарыс сұлтанның Қазақстан үшін де, Мысыр үшін де маңызы зор еке­нін атап өтті. «Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қа­ты­нас жақсы. Екі елдің басшылары жақында ғана телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан мен Мысырды байланыстыратын тарихи тұлғалар бар. Солардың ішінде Сұлтан Бейбарыстың есімі ерекше аталады. Бейбарыс билігі тұсында салынған тарихи ескерткіштер күні бүгінге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр», деді депутат.

Сенатор бұған дейін Қазақстан мен Мысыр Сұлтан Бейбарыс меші­тін қалпына келтіру жұмыс­тарын қаржыландырғанын атап өтті. Жоба 2011 жылдың қазан айында аяқталуға тиіс еді. Алайда араб елдеріндегі сая­си және эко­номикалық дағдарысқа бай­ла­нысты жаңғырту жұмыстары кейін­ге қалдырылды. Мәулен Әшімбаев­тың жақында болған сапа­рының нәти­жесінде, Мысыр осы жылдың соңына дейін қал­пына келтіру жұмыстарын аяқтау үшін қосымша 2 млн долларын бөліп жатқаны белгілі болды.

Премьер-Министрдің атына жол­даған депутаттық сауалында сенатор Бекболат Орынбеков Жам­был облысында су тапшы­лығы мәселесін шешу үшін жа­ңа су қоймаларын салу қажет еке­нін атап өтті. Депутаттың айту­ынша, су жетіспеу­шілігіне байланысты трансше­каралық проблемалар өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы­на, демек елдің азық-түлік қауіп­сіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. «Жамбыл өңірінде ирригациялық мақсаттар үшін пайдаланылатын су ресурстарының 85 пайызы Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады. Сол себепті, вегетация кезеңінде 1983 жылы қабылданған «Транс­шекаралық Шу және Талас өзендері ағындыларының суын бөлу туралы» келісімінің шарттарына және оның екінші тараппен орындалуына тәуелді болып келеді. Аталған келісімге сәйкес, өңірге Шу өзенінің бассейні бойынша – 370 млн текше метр және Талас өзені бойынша – 590 млн текше метр су тиесілі. Дегенмен қырғыз тарапының бекітілген кестелерді сақтамауына байланысты, Қазақстан жыл сайын Шу өзенінен 50 пайызға дейін, Талас өзенінен 25 пайызға дейін суды ала алмайды», деді сенатор

Мамандардың айтуынша, биыл Шу және Талас өзендері бас­сейн­­деріндегі қар қоры­ның аздығынан су тапшы­лығының артуы мүмкін. Сенатор «Ыр­ғайты», «Қалғұты» және «Ақмола» жаңа 3 су қойма­сының құрылысын бастау­ды ұсынды. «Барлық су қой­ма­сының тех­никалық-экономикалық негіздемелеріне мемлекеттік сарап­таманың оң қоры­тындысы алынып, жоба­­лық-сметалық құжаттама әзірлеу­ге қаражат бөлу мәселесі қарасты­рылуда. Алайда салалық министр­­ліктен тиісті өтінімдер жолдан­­ғанымен, бүгінгі күнге дейін оң шешімін таппай отыр. Су қойма­ларын салу тек вегета­циялық кезеңде Қырғыз Респуб­ликасына тәуелділікті азайтып қана қоймай, Жамбыл облысы­ның Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандар­ында ауыл шаруашылығы дақыл­дарының өсуіне үлкен әсерін тигізеді, сондай-ақ осы аудан­дардың тұрғындары арасындағы әлеу­меттік шиеленісті төмендетуге де көмектеседі», деді депутат.