• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2022

Эвакуациялау жалғасып жатыр

273 рет
көрсетілді

Украинадағы соғыс басталғалы бері Қазақстан азаматтарын елден эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінге дейін 553 отандасымыз елшіліктердің көмегі арқылы Украинада қауіпсіз аймаққа шығарылды.

 

Атап айтқанда, соғыс басталғалы бері Польшаға – 526 адам, Молдоваға – 21 адам, Мажарстанға – 5 адам, Словакияға 1 адам жеткізіліп, сондағы Қазақстан ел­шіліктері оларды қонақүйлерге орналастырған. Мол­до­ваға барған 9 адам одан әрі Румынияға өткен. Соның жетеуі Қазақстанға ұшып келді. Екі отандасымыз қазір Бухаресте қонақүйде.

Қазіргі таңда отандастарымызды елге әкелу Air Astana әуе компаниясы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Эвакуациялық ұшақтар үш рет рейс орындап, Қазақстанға 432 адам қайтты. Қазіргі таңда төртінші эвакуациялық ұшақты жіберу бойынша жұмыс жүргізілуде. Рейс Ка­товице қаласынан (Польша) ұшады.

Осы орайда, дипломаттарымыздың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар азаматтарымызды соғыс болып жатқан елдің аумағынан әкетуді, жоғарыда аталған мемлекеттердің шекарасынан өтуді қамтамасыз етті. Сондай-ақ отандастарымызды жинап, оларды орналас­тырып, Қазақстанға қайтаруды мүлтіксіз ұйымдастырып отыр.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, осыған дейін Украинадан шыққан бірқатар отандасымыз Еуропалық одақ аумағында қалуға шешім қабылдаған. Бүгінде Катовице қаласында 30 азаматы орналасқан. Украина-Польша шекарасында 30 жолаушысы бар тағы 1 автобус өз кезегін күтіп тұр. Львовтағы Қазақстанның Құрметті консулдығының жанындағы эвакуациялық жинау орнында – 9 адам, Киевтегі Қазақстан елшілігінде – 10 адам, Харьковта 7 адам бар.

«Атамекен» ҰКП-ның ақпаратына сәйкес, Украина­дағы соғыс басталғалы аталған елдің аумағында елі­міз­­дің 55 автокөлігі қалып қойған. Олардың 47-і Қа­зақстан азаматы. 8 жүргізуші шет мемлекеттердің азаматы.

Қазірге дейін осы 55 автокөліктің 31-і Украинадан шыққан. Соның ішінде 11-і Ресейге, Молдоваға – 8, Польшаға 12 көлік өткен. Қалған 24 автокөлік Украина аумағында. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Украинадан шығып үлгермеген 11 жүргізуші қазіргі уақытта Польша шекарасындағы Рава-русская (Украина) – Гребене (Польша) өткізу бекетіне қарай жіберілген. Олар әрі қарай Беларусь және Ресей аумақтары арқылы елге бет түземек. Сыртқы істер министрлігі жүргізушілердің бәрі­мен байланыс орнатқанын хабарлады. Олардың тізімі жа­салған, автокөліктердің орналасқан жері нақтыланды. Бұдан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» Украинада қалып қойған 1007 жүк вагонын елге қайтаруға талпынып жатыр. Сонымен қатар Украинаға барар жолда әртүрлі жүктер тиелген 680 вагон тоқтатылған. Оның ішінде 371 вагон басқа бағыттарға жіберілді.

Халықаралық тасымалдарға қатысты туындаған мәселелерді жедел шешу үшін Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы», еліміздегі теңіз порттары жанында жедел желі ашыл­ған. Мүдделі тараптармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Айтпақшы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ақтау және Құрық порттары қалыпты режімде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Жүк тасымалы әзірге кідірген жоқ.

Қазақстандық жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушыларды қолдау мақсатында Баку, Махачкала, Амирабад, Анзали секілді серіктес порттармен тығыз байланыс орна­тылған. Жалпы, еліміздің порттары 10 млн тоннаға дейін қосымша жүк, соның ішінде 5,5 млн тонна мұнайды тасымалдауға жіберуге қабілетті.

Осы орайда, Батыс елдерінің Қазақстанға санкция салуға ниетті емес екенін айта кеткен жөн. Бұл туралы Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен өткен кездесуде айтты. Ұлыбритания тарапы Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты Қазақстанға қатысты қандай да бір санкция енгізуге ниетті емес екенін растады.