Алып дала төсінде ат ойнатқан арғы аталарымыз «адам ұрпағымен мың жасайды» деп еді. Алайда «әлемнің жарығын сыйлаған» ана мен оны аман-есен босандырып алған адам ғана толғақтың машақатын, ұрпақ сүюдің махаббатын сезінеді. Арқа төсінде қаншама ананың алғысын арқалап, нешеме сәбидің кіндігін кескен мұндай асыл адамның, кәсіби маманның бірі акушер-гинеколог, PhD докторы Жанна Әмірбекова дер едік.
Арқан керіп әйел босандыру дәстүрі келмеске кетті десек те, тәубе, етегінен бала саулаған аяулы аналар бар арамызда. Солай бола тұрғанымен, ажалмен арпалысып, «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» ана мен нәрестенің өмірін аман алып қалу – оңай іс емес. Бұл жауапты міндет, ең алдымен, акушер-гинеколог маманына жүктелетіні белгілі. Жанна Әмірбекова болса, сол аса жауапты қызметті осымен он жылдың көлемінде абыроймен атқарып келеді.
Шыбын жаны шүберекке түйіліп, толғағы қысқан әйел мен сәбидің жанын сақтап қалу қашан да қиын. Ал жаһанды жайлаған COVID-19 індеті кезінде жағдай тіпті күрделене түскені айтпаса да анық. Бұл маманның кәсіби шеберлігі сыналатын қиын-қыстау кезең десе де болады.
– Коронавирус індеті қоғамның қай саласына болсын кері әсерін тигізгенін жақсы білеміз. Әсіресе босанатын жүкті әйелдер қауымы үшін оңай болған жоқ. Асқынған жағдайлармен де бетпе-бет келіп жаттық. Бұл ретте еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің қадағалауымен арнайы сарапшылар тобы құрылған болатын. Бұл топ осы індетті емдеу жолдарының протоколын әзірлеумен айналысты. Мен – сол протоколды әзірлеген авторлардың бірімін, – деді PhD докторы.
Бүгінде Қарағанды қаласында еңбек етіп жүрген білікті маман – анығында қазіргі Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы Табысты ауылының тумасы. 2003 жылы жұлдызы жанып, арманы орындалып Қарағанды медицина университетіне оқуға қабылданады. Кейін осы білім ордасында магистратурада, докторантурада оқып, шеберлігін шыңдады. Бір адамға жетерлік білімі, оқыған-тоқығаны бола тұрса да ана мен баланың амандығын ойлаған жас маман мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Ел аумағындағы ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтап, дәріс тыңдады. Тіпті ел аумағы былай тұрсын, Франция, Малайзия, Ресей, Нидерланды, Түркия мемлекеттеріне арнайы сапарлап, ойын өрістетті, біліктілігін жетілдірді.
Қазіргі таңда өзі білім алған университет қабырғасында акушерлік, гинекология және перинатология кафедрасының меңгерушісі. Шәкірт тәрбиелеп, жиған тәжірибесімен бөлісіп, болашақ мамандарды оқытып жатқан жайы бар. Бұған қоса Қарағанды қаласындағы №2 перинаталды орталығында акушер-гинеколог маман ретінде еңбек етіп келеді. Саналы ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, жүкті әйелдердің де алғысына бөленіп жүр. Мәселен, былтыр сәуірде Жанбота (есімі өзгертілді) есімді азаматша жолдасымен бірге қабылдауына жазылады. Аталған әйел 5 жыл көлемінде бедеулік диагнозымен есепте тұрыпты. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Әртүрлі жерде ем қабылдаған көрінеді. Бірақ соған сай нәтиже болмаған.
– Бұл істе, ең бастысы – дұрыс диагноз қою. Пациенттің хал-жағдайын зерттеп-зерделей келе аналық бездері дұрыс жұмыс істемейтінін анықтап, өз қолыммен операция жасадым. Кейін арада азды-көпті уақыт өткенде сол ота өз нәтижесін берді. Әйелдің бойына табиғи жолмен, өздігінен бала бітті. Бір қызығы, бір емес, бірден егіз балаға жүкті болды. Биыл қаңтарда 34 аптада баланың суы ерте кетіп, табиғи жолмен босандырып алдым. Өмірге бір ұл, бір қыз келді. Сәбилер уақытынан бұрын дүниеге келген соң бір айға жуық уақыт бақылауымызда болып, кейін аман-есен үйіне шығарып салдық. Алғысын жаудырған ата-ананың, туған-туыстарының қуанышында шек жоқ, – деді Ж.Әмірбекова.
Ана – тіршіліктің көзі, өмірдің өзі. Нәрестенің кіндігі кесілген сәтте жаңа өмірдің түндігі түріледі. Ал сол кіндікті кесіп, түндікті түріп жүрген Жанна Әмірбекова сынды ісіне адал, антына берік мамандар. Ендеше, отандастарымыз өзгеден бұрын осындай адамдарды үлгі тұтып, медицина саласы мамандарының еңбегін бағалай білуге тиіс. Бүгінгі қоғам талабы да – осы.