Алматы облысында адам қағып, қашып кеткен жүргізуші қолға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 20 ақпан күні Талдыбұлақ-Ақбұлақ жолында Алматы қаласының 33 жастағы тұрғынын көлік қағып кеткен.
Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды, бірақ бірнеше күннен соң жансақтау бөлімінде көз жұмды. Полицейлер оқиға орнында көліктің қалдықтарын тауып, тергеу жұмыстарын бастады. Нәтижесінде 28 жастағы күдікті анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
«Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 және 347-ші баптарына сәйкес іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін мойындады. Көлік айып тұрағына қойылды. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», делінген ведомство хабарламасында.