Украинадағы соғыс басталғалы екі апта өтті. 2 миллионнан аса адам шетелге босып, мыңдаған тұрғын мерт болды. Қаза тапқан сарбаздар саны өте көп. Украина-Ресей келіссөздерінің үшінші раунды нәтижесінде, гуманитарлық дәліз аз-кем ашылып, атыс аймағындағы қалалардан халық жаппай кетіп жатыр.
БҰҰ таратқан мәліметке сүйенсек, қазірдің өзінде Украинадан босқан адамдар саны 2 миллионнан асып кеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди Стокгольмге сапары кезінде босқындарды қай елдерге орналастырудан бұрын, оларды шекарадан өтуіне көмектесу маңызды екенін жеткізген. Оның айтуынша, Еуропалық одаққа кірмейтін Молдова секілді мемлекеттер қатты зардап шегуі ықтимал.
Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Верещуктің хабарлауынша, Ресей қарулы күштері сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін гуманитарлық дәліз ашылған өңірлерді атқыламауға келіскен. Эвакуациялау қатты қақтығыс болып жатқан Мариуполь қаласы секілді бірнеше қалада басталды.
Дегенмен Ресейдің атысты уақытша тоқтату уәдесінде қаншалықты тұратыны белгісіз. Бұған дейін басқыншы сарбаздар берген сертінде тұрмай, қарапайым халықты эвакуациялап жатқан аймақтарға оқ жаудырғаны белгілі. Мәселен, сондай оқиғаның бірі Ирпень қаласында болды. Тұрғындар көпірмен өтіп жатқанда Ресей әскері оқ жаудырған сәті видеоға түсіп қалды. Осы оқиға салдарынан төрт адамдық бір отбасы түгелдей қаза тапты.
Осы ретте Ресейге салынған санкциялар легі күннен күнге артып барады. Бұған дейін солтүстіктегі көршіміз ең көп санкция салынған мемлекет атанған еді. Таяуда Кремль билігіне тағы да шектеу шаралары енгізілді. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, Еуропалық одақ жүзге жуық ресейлік азаматтың шетелге шығуына тыйым салып, активтерін бұғаттауды жоспарлап отыр. Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель бұған қатысты шешім таяу арада қабылданатынын жеткізді.
Ұлыбритания Ресейдегі авиация саласына санкция салатынын мәлімдеді. Соған сәйкес Британия үкіметі ел аумағындағы кез келген ресейлік ұшақтар мен тікұшақтарды тәркілей алады.
«Ресей туы бар ұшақтардың Ұлыбританияға келуіне тыйым салу және олардың ұшуын қылмыстық жауапкершілік ретінде қарастыру Ресей мен Кремль билігімен дос елдерге экономикалық зардап әкеледі», деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиз Трасс.
Сонымен қатар авиациялық және ғарыштық тауарлар мен технологиялардың экспортына тыйым салынып, техникалық көмек көрсету шектелмек. Осындай тауарлар мен технологияларға сақтандыру және қайта сақтандыру қызметін ұсынатын Ұлыбритания компанияларына да шектеу қойылады.
АҚШ та Ресейдің мұнайын сатып алмау туралы шешім қабылдады. АҚШ президенті Джо Байден бұл қадам «Ресей экономикасының негізгі артериясына» бағытталғанын мәлімдеді. Жалпы, энергетикалық экспорт Ресей үшін маңызды. Дегенмен мұндай шешім Батыс елдеріне де әсер ететіні сөзсіз. Өйткені мұнай сатып алуға шектеу қою «қара алтынның» нарықтағы бағасын қымбаттатады. Соған қарамастан Ақ үй осындай қадамға барып отыр. Қазіргі таңда бұл бастаманы Ұлыбритания қолдап отыр. Алдағы уақытта Еуропалық одақ та осындай қадамға баруы мүмкін.
Санкциялар тізімі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Кеше Еуропалық одақ елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін келісті. Құжатта Беларусьтің 3 банкін Swift-тен шығару қарастырылған. Одаққа төрағалық етіп отырған Францияның өкілі журналистерге берген сұхбатында санкция пакеті бейсенбі және жұма күндері Версальда өтетін ЕО саммитінде ресми түрде қабылданатынын айтты. Құжатта криптовалюталарға қатысты қызметке, теңіз саласына да санкция салынады.
Жалпы, Кремль билігіне қарсы жасалған шектеулер мұнымен бітпек емес. Әлемнің басқа елдері де, халықаралық ұйымдар да шама-шарқынша Ресейге санкция салып жатыр. Мәселен, Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) Ресейдің ұлттық құрамасын Әлем кубогының іріктеу ойындарына қатыстырмауға шешім қабылдады. Осылайша, Польша келесі кезеңге тікелей өтті. Бұған дейін ресейлік клубтардың УЕФА турнирлеріне қатысуына шектеу қойылған болатын. Нәтижесінде, Еуропа лигасының 1/8 финалында ойнауға тиіс «Спартак» жарыстан шеттетілді.
Салынған санкциялардың күрт артуына байланысты Fitch Ratings компаниясы Ресейдің инвестициялық деңгейін төмендетіп тастады. Мәскеу тарапы санкцияның салдарынан құнды қағаздар бойынша міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін екенін хабарлады.
«Санкциялардың одан әрі күшеюі және энергетикалық сауданы шектейтін тыйымдар Ресейдің тәуелсіз қарыз міндеттемелерін орындамауын, яғни кейбірін төлемеуін, осыған қатысты саяси шешім қабылдау ықтималдылығын арттырады», делінген Fitch-тің есебінде.
Осы орайда Украинаға берілетін халықаралық көмек толастар емес. АҚШ Конгресі Украина мен Еуропалық одақтастарына қолұшын созу үшін 13,6 млрд доллар бөлу туралы екіжақты келісімге келді. Президент Джо Байден бастапқыда әскери, гуманитарлық және экономикалық көмек көрсету мақсатында 10 млрд доллар сұраған. Алайда Конгрестегі партиялар алғашқы талқылау кезінде оның сомасын 12 млрд долларға өсірген. Соңғы отырыста қаражаттың сомасы 13,6 млрд долларға жеткені белгілі болды.
Сонымен қатар әлем елдері Украинаға қару-жарақ жеткізуін жалғастырып жатыр. Бұған дейін Германия секілді бірқатар еуропалық елден танкке қарсы қолданылатын Javelin, NLAW секілді қару әкелінген еді. Кейінгілердің бірі болып Жапония да көптеген әскери жабдық жеткізді.
Украина тарапы келтірген деректерге сай, бүгінге дейін 12 мыңнан астам ресейлік сарбаз қаза тапқан. Қиратылған техника да мыңдап саналады. Сондай-ақ жүздеген ұшақ пен тікұшақ құлатылды.
Кеше Украина мен Ресей тараптары сәрсенбі күні Антальяда сыртқы істер министрлері кездесетінін хабарлады.