Украинадағы соғыстың басталуы Иран мен кепілгер мемлекеттер арасындағы ядролық келісімге қауіп төндіре бастады. Басты себеп – Ресейдің талабы өзгерді. Енді Кремль АҚШ-тың салған санкциясы Иранмен арадағы алыс-беріске әсер етпеу керек деп есептейді.
Өткен аптада тараптар келіссөзді жалғастыруға талпынған. Дегенмен Ресей делегациясы өз талабын қойды. Бірақ бұған АҚШ келісер емес. Есесіне, америкалық делегация мұндай қадам Иранмен жасалған ядролық келісімді бұзатынын хабарлады.
Ресей делегациясының өкілі Михаил Ульянов Мәскеу келісімді кері тартып отыр деген пікірді жоққа шығарды. Оның келтірген сылтауы, соңғы мәтін әлі аяқталмаған көрінеді.
Дипломаттардың айтуынша, бірнеше айға созылған келіссөздер ақырғы сәтке келіп жетті. Енді келісімге қол қойылса, Иранға салынған санкциялар алынып тасталады. Дегенмен Ресей тарапы Украинаға басып кіргені үшін Мәскеуге салынған Батыс санкцияларының Иранмен арадағы саудаға әсер етпейтініне АҚШ-тан жазбаша кепілдік талап етіп отыр.
АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуланд Ресейді ядролық келісімді қалпына келтіруден пайда көргісі келеді деп айыптады. Бірақ Вашингтонның мұндай мәмілеге бармайтынын жеткізді.
Иран делегациясының басшысы Әли Багери Кани өз кезегінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің жаңа талаптарын баяндағаннан кейін күтпеген жерден Тегеранға қайтып кетті. Иран сыртқы істер министрі Тегеран өз мүддесіне басқалардың зиян тигізуге жол бермейтінін айтты.
Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақүй тізгінін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.
Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп АҚШ-тың Иран ядролық келісімінен шығуы туралы шешімге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қоймай, Иранға қатысты ең қатаң санкциялар қабылдайтынын жеткізген. Кейіннен ресми Вашингтон аталған елдегі бірнеше компанияға, жеке тұлғаға қатысты экономикалық, кейбіріне тіпті саяси тыйымын үдетіп жіберді. Мәселен, Иранның аймақтағы ықпалының белгісі саналатын «Революция сақшыларын» террористік ұйым деп сипаттады.
Вашингтон билігі мұнымен тоқтамай, Парсы шығанағы төңірегінде өз әскерінің санын арттырды. Былтыр АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушықтырып, ядролық келісім туралы ұмыттырып жіберуге шақ қалған-ды.
Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өндірісіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабылданған келісім бойынша байыту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша – бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.
Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды 20 пайызға байытқанын мәлімдеді. Яғни Парламент шығарған заңда көрсетілген мөлшерден асып түскен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.
Президенттік орынтаққа Джо Байден жайғасқаннан соң, АҚШ тарапы Иранмен арадағы келісімді қайта жандандыруға ниет білдірді. Сөйтіп, келіссөздер басталған. Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ қатысады.