Әлемдегі ахуалға байланысты пандемия, вирус тақырыбы көпті бұрынғыдай үркітпейтіндей көрінеді. Адамзат баласы Ресейге салынған санкциялар тізімін аңдып жүргенде коронавирус та тыныш жатпады. Азия елінің бірқатарында, сонымен қоса Еуропада вирус жұқтыру деңгейі қайта жоғарылағаны мәлім болды.
Мәселен, бірнеше ай бойы бірде-бір вирус жұқтыру дерегін тіркемей келе жатқан Гонконг соңғы күндері вирустан қайтыс болғандар санының артқанын хабарлады. Елдегі дәрігерлер бұған жасы үлкен азаматтар арасындағы вакцина салдыру деңгейінің төмендігі себеп екенін алға тартады.
Бесінші толқында тіркелген 2 365 қайтыс болған азаматтың 87 пайызы 60 жастан асқандар. Марқұмдардың 90 пайызы вакцина салдырмаған екен.
Енді Үкімет келесі айдан бастап үш кезеңнен тұратын тестілеу жүйесі енгізілетінін хабарлады. Мұндай қатал ереже бір күнде 8 674 вирус жұқтыру анықталғаннан кейін қабылданып отыр. Жергілікті дәрігерлердің шамасы жетпей, ендігі кезекте көмекке қытайлық дәрігерлер мен мейіргерлерді шақырту да жоспарланған.
Ал Украина азаматтары ағылған Еуропа да жаңа шаралар қабылдауға мәжбүр. Өйткені Еуропалық одақ мемлекеттері арасында көші-қонға рұқсат беріп, босқындарды қабылдауға дайындығын білдірген-ді. Кеше Аустрия үкіметі міндетті вакциналау науқанын кейінге шегере тұратынын хабарлады. Конституция мәселелері бойынша министр Каролине Эдтштадлер сарапшылар комиссиясы бұл шешімді қайта қарайтынын, сонымен қатар «омикрон» сынды вирустың жеңіл штамы кезінде вакцинаға қажеттілік жоғын айтты.
Франция үкіметі де 14 наурыздан бастап қоғамдық көліктерден басқа жерде бетперде тағу міндеттемесін алып тастайтынын хабарлады. Сонымен қатар қоғамдық орындарға кіру үшін талап етілетін вакцина паспортына қатысты да жеңілдіктер енгізілгені мәлім болды. Жаңалықтарды үкімет басшысы Жан Кастекс хабарлады. Оның айтуынша, елдегі эпидемиялық ахуал қалыпты. Әзірге бір күнде орта есеппен 50 мыңға жуық вирус жұқтыру дерегі тіркелуде.
Бұған дейін ақпанның аяғында елдер арасында қатынау үшін тест тапсыру қажеттілігі алынып тасталғаны хабарланған-ды. Одақтағы 27 елдің өкілдері бұл шешімді аймақтағы туризмді жандандыру үшін қабылдағанын айтқан еді.
ДДСҰ Төтенше жағдайлар бойынша директоры Ресей мен Украина арасындағы мәселе жағдайды қиындата түсуі мүмкін деген болжам айтады. «Адамдар қазір кішігірім орындарда көп шоғырланған, тамақтануы да дұрыс емес, үрейден жақсы ұйықтамайды да. Бұл адам денсаулығына, ағзасына теріс әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта вирус жұқтыру дерегі артуы мүмкін», деді ол.
ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, өткен аптада Украинада 40 265 вирус жұқтыру дерегі тіркелген, 758 адам қайтыс болған.
Ұйымның Төтенше жағдайлар бойынша аға комиссары Кэтрин Смолуд елдегі әскери, саяси жағдай салдарынан коронавирус мәселесі көлеңкеде қалып қойғанын алға тартады. «Мұндай жағдайда елдің вирусқа мән бермеуі қалыпты. Жертөле, метроларда бой тасалап отырған халықтың медициналық көмекке жүгінбеуі де түсінікті жағдай. Тіпті көмекке жүгінген күннің өзінде бізге жеткен дерек бойынша дәрігерлердің өздері жұмыс орындарына жете алмай жатқан көрінеді. Бұл жерде жеке бастың қауіпсіздігі алға шығады», деді ол.
Сонымен қатар медициналық орталықтар мен ауруханаларға да шабуыл жасалды. Бүгін ғана перзентхана мен балалар ауруханасына шабуыл жасалғаны мәлім болды. ДДСҰ-ның Еуропа бойынша директоры Ханс Клюге үш ірі оттегі зауыты жабылуына байланысты аймақта оттегі концентраттарына тапшылық пайда болғанын хабарлады. Осы ретте халықаралық ұйым Украинаға 500 оттегі концентратын жіберетінін мәлімдеді. Сонымен бірге Еуропа елдерінің басшыларын елге бағыт алған босқындарға жағдай жасап, медициналық көмек көрсетуін сұрады. Ал вируспен күресуге қажет құралдар болмаған жағдайда вирустан көз жұмғандар саны әлі де артатынын ескертті.