• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2014

Дерек пен дәйек

2110 рет
көрсетілді

Алматы облысы Бүгінгі таңда Алматы облысын 103 түрлі ұлт пен ұлыс мекендейді. Соның іш­ін­де саны көп өзге ұлыстар мыналар: орыстар 303 мың 617, ұйғырлар 150 мың 820, түріктер 36 мың 677. 2014 жылдың 1 қаң­­та­­рында облыс бойынша 71 этномәдени бір­­­лес­­тік тіркелсе, соның 23-і об­лыс­тық, ал 38 филиа­лы ау­дандық, 10 филиалы қалалық болып жұмыс жүр­гізуде. Алматы облыс­тық Қазақстан халқы Ассам­блеясы құрамында этномәдени бірлестіктер ардагерлерінен құралған «Ұлағат» қариялар кеңе­сі және этномәдени бірлес­тіктер жастарынан тұра­тын «Бірлік» жастар ассоциациясы бар.    Ақмола облысы Ақмола облысы – ең көп­этносты және көпкон­фессиялы өңірлердің бірі. Мұнда 120-дан астам этностар мен этностық топтардың өкілдері тұра­ды. Оның ішінде қазақ­тарды қоспағандағы ай­тар­лықтай басым көпшілігі орыстар – 35,2, украиндар – 5, немістер – 3,6, татар­лар 1,8 пайызды құрайды. Әрқилы ұлт өкілдері облыстың барлық аудандарын мекендейді. Облыста 44 этномәдени бірлестік тіркелген. Олар­дың қызметін Ақмола облы­­сы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы жанындағы 10 жұмыс тобы үйлестіреді. Сондай-ақ, ғылыми-талдамалық және мемлекеттік тілді насихаттау орталықтары, аналар кеңесі, журналис­тер клубы, балалар мен жастар ұйымдарының ассоциациясы белсенділік танытуда. «Истоки» славьян мәдени-ағарту бірлестігі, татар этномәдени бірлестігі, «Вайнах» чешен-ингуш бірлестігі, поляк және неміс қоғамдық ұйымдары үлгілі қызметтерімен танымал.   Ақтөбе облысы Ақтөбе өңірінде 90-ға жуық ұлттардың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Мұнда қазір 807 800 адам тұрады, соның 79,5 пайызын қазақтар құрайды. 2012 жылдың басындағы ресми дерек бойынша облыс аумағында орыстар – 101 929, украиндар – 24 306, татарлар – 93 83, немістер – 5 532, молдавандар – 1 428, корейлер – 1 477, әзербайжандар – 1 058, башқұрттар – 769, болгарлар – 681, өзбектер – 894, армяндар 481 адам болған. Орыстар мен украин­­­дардың дені облыс орта­лығында, Әйтеке би, Алға, Қарғалы, Қобда және Хромтау аудандарында тұрады. Татарлар Мәртөк, Хромтау және Мұғалжар аудандарын­да қоныстанған. Бело­рус­тардың басым бөлігі облыс орталығына табан тіреген. Мәртөк ауданында – 834, ал Қарғалы ауданында 834 неміс ұлтының өкілдері өмір сүруде. Алға ауданындағы Болгарка ауылында бұ­дан бір ғасырдай уақыт бұрын негізінен бірыңғай болгарлар түтін түте­тіп, тіршілік кешкен. Қазір де облыс өңіріндегі болгарлардың тең жартысы жергілікті қазақтармен біте қайнасып, сонда тұрып жатыр, қаладағы болгарлар да сол ауылдан түлеп ұшқандар. Жалпы, өңірді мекендейтін осыншама ұлттар өзара араласып, ағайын-достығын нығайтты, тіпті бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып кеткендері де баршылық. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен бірліктің, халықтардың өзара достықтың бұрыннан қалыптасқан тұғырын бекіте түсті. Облыс орталығындағы Достық үйінде 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Кең де жарық еңселі об­лыстық Достық үйінен олардың әрқайсысына қажетті қондырғылармен жарақтандырылған кең­се­лік бөлмелер бөлінген. 300 орындық концерт, хорео­графия және дайындық залдары, оқу сыныптары, лингофондық бөлме, кон­ференц-зал, мұражай және кафе, дыбыс жазатын және бейне студия, басқа да орындар ұлттар достығына қызмет етеді. Осындағы барлық этномәдени бірлес­тіктердің көркем­өнер­паз­дар ұжымдары, жас­тар клубтары жоспарлы жұмыс жүр­гізеді. Этномәдени бір­лес­тіктердің көркем­өнер­паздары ұлттық киімдерін киіп сахнаға шығып, әндерін әуелетіп, билерін билегенде Ақтөбе аспаны алуан түрлі бояуға малынғандай әсерге бөлейді.   Атырау облысы Атырау облысында 20-ға жуық ұлттың өкілі тұрады. Оның ішіндегі саны көп этнос­тар деп мыналарды айту­ға болады: орыстар – 33,6 мың, корейлер – 2,9 мың, татар-башқұрттар – 2,3 мың, өзбектер – 1,1 мың. Сондай-ақ, өңірде 17 этно­мәдени бірлестік жұ­­­мыс жасайды. Оның ішін­де «Тхоньил», «Иверия», «Та­тулық», «Довира», «Ви­дер­ге­бурт», «Новруз» этно­мә­дени бірлестіктері бел­сен­ділігімен танылып келеді.   Батыс Қазақстан облысы Орал өңірінде 80-нен астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұр­мыс кешіп келеді. Мұның ішінде ірі этностық топ­тар­дың қатарын орыс­тар мен украиндар және татарлар мен белорус­тар құрай­ды. Облыс ассамблеясы құра­мында 33 этномәдени бірлес­тік жұмыс істейді. Оның 15-і әділет органдарында мем­лекеттік тіркеуден өт­кі­зілсе, қалғандары өңір аумағында шығармашылық ұжым ретінде құрылған. Сондай-ақ, мұндағы жоға­ры оқу орындары мен жалпы білім беретін мектеп­тер жанында 25 достық клу­бы бар. Ақжайық аймағында мем­лекеттік тілді игеруге ниет білдірген азаматтар үшін тегін оқу курс­тары жұмыс істейді. Бұған дейін өткізілген әлеу­меттік сауалнамалар мұн­да этносаралық және дін­аралық қатынастар қалып­­ты екенін көрсетіп отыр. Ассамблея шеңбе­рін­­­де этномәдени бірлес­тік­­тер­дің топтастыру­шы рөлі жоғары. Толерант­тық­ сана­ның дамуы тұрақ­ты. Мем­лекет пен азама­т­тық қоғам институт­та­ры­ның өзара қарым-қаты­нас­тарын бағалау оң сипатта.   Жамбыл облысы Жамбыл облысын мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің саны ба­сындағы дерек бойынша 1 070 098 адам болса, оның 770 704-і жергілікті ұлт өкілдері. Орыстар да көп. Олардың саны – 117 610. Дүңгендер – 49 750; түріктер – 31 657; өзбектер – 26 091; күрдтер – 14 286; әзербайжандар – 11 723; корейлер – 9 535; татарлар – 9 126; қырғыздар – 8 874; немістер – 4 415; украиндар – 4 230; ұйғырлар – 2 659; чешендер – 2 259; гректер – 1 034. Басқа этностардың жалпы саны – 4 955. Облыс бойынша 2014 жылдың басында 18 этно­мәдени бірлестік тіркелген. Олардың арасында «Жам­был облыстық грек қоға­мы», «Самшобло» грузин этно­мәдени бірлестігі» қоғам­дық бірлестігі, «Жамбыл облыстық «Полонез» поляк­ мәдениет және тіл ор­та­лығы» бірлестігі бар.   Қостанай облысы Қостанай облысында 99 ұлттың өкілі тұрады. Соның ішінде қазақтар барлық тұрғындардың 37 пайызын, орыстар 43, украиндар – 9,6 пайызын, немістер – 3,2, татарлар – 1,9, корейлер – 0,4 пайызын құрайды. Қостанай қаласында түрлі ұлт өкілдерінің 18 ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста немістердің «Возрождение», чешен­дердің «Вайнах», армян­дардың «Эребуни», та­тарлардың «Дослуқ», тәжіктер мен өзбектердің «Шарық», белорустардың «Крыница», қырғыз­дар­дың «Асаба», «Рес­пуб­ликалық корейлер қауымдастығының об­лыстық филиалы» ат­ты ұлттық-мәдени ор­та­лықтары белсенді жұмыс істейді.   Қызылорда облысы Қызылорда облысында 70-ке тарта ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Қолда бар деректер бойынша: орыстар – 15 839, корейлер – 8 120, татарлар – 1 742, түріктер – 1 511, өзбектер – 1 362, чешендер – 801, украиндар 393 адамды құрайды. Сондай-ақ, аймақта гректердің «Понтийцы», чешендердің «Вайнах», еврейлердің «Lew ami», не­міс­тердің «Wiedergeburt», «Қазақстанның ор­ыс қауымдастығы», «Корей­лер ассоциациясының Қы­зыл­орда облыстық филиалы», түрік, өзбек, татар, қырғыз және тағы басқа этностардың қоғамдық мәдени бірлестіктері жұ­мыс істейді. Өңірде ұлтаралық татулық пен толерант­тылық сақталған. Әрбір ұлт пен ұлыстың өкіліне, олардың салт-дәстүріне, ділі мен дініне құрмет көрсетіледі.   Маңғыстау облысы Маңғыстау облыс­тық Статистика депар­таменті мәліметінің бо­йын­ша 2013 жылдың 1 желтоқсанына дейін облыста жалпы тұрғындар саны 585 653 адам болған, оның ішінде Ақтау қаласының тұрғындары 181 547 адам. 2013 жылғы 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында халық санының өсімі 0,9 пайызды құраған. Аймақтағы аудан, қалалар арасынан Мұнайлы ауданы халық санының өсімі жағынан алдыңғы орында. Ал Маңғыстау облысындағы саны көп өзге ұлт өкілдерін айтар болсақ, олар мыналар: орыстар – 39 мың 528, әзербайжандар – 5 мың 326, украиндар – 2 мың 135, өзбектер – 1 мың 924, лезгиндер – 1 мың 912, татарлар – 1 мың 724, қарақалпақтар – 1 мың 501, армяндар – 1 мың 069. Маңғыстау облысында 20 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Жуырда Маңғыстауда украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың 200 жылдығына арналған іс-шаралар кең көлемде аталып өтілді.   Солтүстік Қазақстан облысы Солтүстік Қа­зақ­стан облысын­да Қазақстан Рес­пуб­ликасы халқы­ның 3,3 пайызы тұрады.  Олардың ішінде: қазақтар – 197 495, орыстар –  292 450, украиндар – 27 549, немістер – 20 658, поляктар – 13 331, татарлар – 12 700, белорустер – 6 339, әзербайжандар – 1 576, армяндар – 1 317, чуваштар – 808, чешендер – 636, ингуштар – 769, башқұрттар – 741, латыштар, литвандар – 674, басқа этностар – 6 455. Қазақстан халқы Ас­самб­лея­сы ұлтаралық қа­рым-қа­ты­настарды үй­лестіретін беделді қоғамдық институт саналса, оның облыстық бөлімшесі жанында «Қазақ тілі», «Лад», «Дуслык», «Видергебурт», «Вай­нах», «Кентрон», «Радзіма», «U­r­pak», «Бохтар», «Манас-Петропавл», «Світанок», «»Тү­рік мәдениеті», «Копер­ник» секілді 22 этномәдени бірлестік  жұмыс істеп, ұлт­тық дәс­түрлер мен мәде­ниетті дамытуға, туған тілін  зерде­леу­ге,  өзара достық пен бірлікті қамтамасыз етуге ұйыт­қы болып келеді.  Ұлт­тық өркендеу мектебінде 8 этностың  200-ден астам балалары  ана тілінде оқып, білім алады.   Шығыс Қазақстан облысы Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 105 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Өңірде қазақ ұлтынан кейін орыс және татар ұлтының өкілдері көптеп шоғырланған. Облыстағы орыс диаспорасы – 568 мың, татар – 17 700, неміс 14 мың адамды құрайды. Ал басқа ұлт өкілдерінің саны – 4 жарым мың. 1992 жылы Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баевтың қаты­суымен Достық үйі елімізде ең алғаш рет Шығыс Қазақстан облы­сының орталығында ашыл­ды. Бүгінде аймақ­тағы қала­лар мен аудан­дарда 9 Дос­тық үйі түр­лі ұлт пен ұлыстар өкіл­дерінің береке-бірлігіне ұйытқы болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы – облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Ассамблея жанынан ғы­лыми-сараптамалық топ құрылған. 2009 жылдан бастап «Ассамблея жаршысы» газеті қазақ және орыс тілдерінде жарық кө­ріп келеді. 2013 жылы Семей­де «Жидепулат татарлары» газеті татар тілінде шыға бастады. Қазақстандағы ұлтара­лық келісімнің бірегей жобасына айналған Өске­мендегі этноауыл 2010 жылы пайдалануға беріл­ді. Онда көрнекі ұлт­тық жәдігерлермен қам­тамасыз етілген 13 ұлт өкілдерінің үй-жайы, жаз­ғы амфитеатр, сахна жә­не 120 адамға арналған қазақтың ақшаңқан киіз үйі орналасқан. Қазақстан халқы Ас­самблеясының ұйымда­с­­­тыруымен дәстүрлі ғы­лыми-тәжірибелік конференциялар өтіп келеді. Мысалы, Қазақстан мен шекаралас аймақтардың этнодемографиялық даму үрдістері жөніндегі конференция он үш рет, «Орыс тілі – Тәуелсіз Қа­зақ­­станда» ғылыми-сарап­тамалық конферен­циясы төрт мәрте өтті. Сондай-ақ, биыл «G-Global» жобасы бойынша түрлі ұлт өкіл­дерінің қатысуымен елі­мізде тұңғыш рет ғылы­ми конференция ұйым­дастырылды. Аймақта белорус, украин, әзербайжан, грузин, ұйғыр, еврей, татар, по­ляк ұлттық-мәдени орта­лықтары және корейлер ассоциациясы, немістің «Видергебурт», армянның «Арарат», чешен-ин­гуш­тың «Вайнах», орыс-казактардың «Жо­­ғар­­ғы-Ертіс», «ЛАД» рес­­пуб­ликалық славян қоз­ғалысы» қоғам­дық бірлестіктері мен «Ын­тымақ-Сод­ружество» жас­тар ұйымы қызмет етеді. Әр этноорталықта ән, би, қолөнер және тағы басқа салалар бойынша шығармашылық ұжымдар құрылған. Мәдениет пен тілдерді түлету мектебінде 14 ұлттың тілі оқытылады. Өңірде «Қазақ­стан халқы Ассамблея­сы­ның даму тұжырым­да­масы-2020» бағдар­лама­сы қабылданған. _______________________________ Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Достық үйі» ынтымақ, бірлік ұясы іспетті. Мұнда осы өңірдегі 18 этномәдени бірлестік түрлі іс-шаралар өткізіп, көптеген үлгілі істерге ұйытқы болуда. Мына суреттен Наурыз мерекесіндегі бірлігі мен тірлігі жарасқан түрлі ұлт өкілдерін көресіздер. ______________________ Петропавл. Жыл сайын мұн­да бұқаралық халық мерекелері Наурыз, Мас­леница, Рождество, Са­бан­­тойды бірлесіп атап өту дәстүрге айналған.  Бұдан бас­қа, осы өңірді қоныстанған барлық халықтың  салттары мен дәс­түрлеріне  де қатысты іс-ша­ра­лар кең көлемде атап өтіледі. Мәдениет үйлері, мектептер, кітапханалар, мұражайлар негізінде 103 аудандық, ауылдық ұлттық бірлестіктер құрыл­ған. «Бірлік» жастар қоғамы 11  ұйымның басын қосып отыр. Қаладағы Тәуелсіздік алаңындағы Абай мен Пушкиннің қатар тұрған ескерткіші,   тарихи-өлкетану мұражайының қабырғасындағы Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің  барьлефі  қазақ және орыс халықтары достығының символына айналған. Әр ұлт өкілдері Александр Винокуров, Владислав Поляков, Дмитрий Бабенко,  Ақан Баймағанбетов, Маргарита Мұқашева, Дариға Шәкімова, Роман Креч, Виктор Сайко секілді саңлақ спортшылар  Солтүстік Қазақстан облысының  мақтаныштары саналады. Солтүстік Қазақстан облысы.