Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында екі қола, құрлық біріншілігінде екі күміс, Азия ойындарында бір күміс жүлдені иеленген Ә.Әбужақынованың биылғы дүниежүзілік додада алтыннан алқа тағуға тамаша мүмкіндігі болды. Будапешттегі бәсекеде финалға дейін барлық қарсыласын сыпыра ұтқан ол шешуші тұста Италияның мықтысы Ассунта Скуттоға есе жіберді. Нәтижесінде, күміс медальды қанағат тұтты. Соған қарамастан жыл қорытындысында Әбиба IJF рейтингіде теңдессіз деп танылды.
Дәл осы салмақ дәрежесінде одан кейінгі орындарды Тара Бабулфат (Швеция), Сабина Гилиязова (Ресей), Ширин Букли (Франция), Ассунта Скутто (Италия), Вакана Кога (Жапония), Лаура Мартинес Абеленда (Испания), Наранцецег Ганбаатар (Моңғолия), Мария Селия Лаборд (АҚШ), Синьрань Хуэй (Қытай) сынды атақты балуандар иеленді.
Еліміздің дзюдошы жігіттері арасында ең жақсы нәтиже Ғұсман Қырғызбаев пен Абылайхан Жұбаназарға тиесілі. Екеуі де 14-орында. 66 кг салмақта күш сынасып жүрген Ғұсман 2021 жылғы әлем чемпионатында финалға дейін жетсе, 2024 жылы Париж Олимпиадасында үшінші орынға табан тіреді. 81 кг салмақта сайысқа түсетін Абылайхан 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.
Кейінгі кездері бозкілемге шықпай жүрген Елдос Сметов 20-орынды қанағат тұтып тұр. Аса жеңіл салмақта күресетін даңқты дзюдошымыздың қоржынында Олимпия ойындарының толық жүлде жиынтығы бар. Атап айтсақ, ол 2016 жылы Рио де Жанейрода күміс, 2021 жылы Токиода қола, 2024 жылы Парижде алтын алды. Одан бөлек, Елдостың әлем чемпионы, сол жарыстың екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар.