• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Наурыз, 2022

Жайылымдық жер тапшылығы болмауға тиіс

602 рет
көрсетілді

Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен жайылымдық жерлердің тапшылығына байланысты туындаған мәселелерді шешуге арналған заң жобалары көпшілікке таныс­тырылды. Құжат жайылымдарды басқару тәсілдері мен пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіруді көздейді.

Атап айтқанда, жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» жә­не «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкім­шілік құқық бұзушылық тура­лы кодексіне өзгерістер енгі­зу туралы» заң жобалары талқы­ланды. Бұл заң жобаларына Сенат депутаттары бастамашы болды.

Қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу мәселесін шаруа­лардың өздері көтерді. Олар депутаттардың халықпен кездесулерінде осы түйткілге назар аударып, өз пікірлерін білдірді. Сондықтан сенаторлар­дың бұл бас­­тамасы жайылымдық жер­лердің жетіспеушілігінен зардап шегіп отырған ауыл тұрғын­дарының талап-тілектерін тікелей орындау екені сөзсіз. «Соңғы жылдарда жайылымдық жерлердің тапшылығы ауыл тұрғындары үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Мемлекет басшысы был­тырғы Жолдауында осы мәсе­леге арнайы тоқталғаны бел­гілі. Ауылдық жерлерді дамыту біз­дің Палата жұмысының негіз­гі бағыттарының бірі. Сондықтан сенаторлар халықпен кез­десу­лердің нәтижесінде жайы­лымдық жерлерге қатысты мәселені тиімді шешуге арналған заң жобаларын әзір­леуге бастамашы болды», деді отырысты ашқан Мәулен Әшім­баев.

Депутаттардың айтуынша, қазіргі таңда барлық облыс бойынша ауылдық жерлерде жайылымдар жетіспейді. Малдың 80 пайызы ауылдардың маңындағы әбден тозған, құнарынан айырылған жайы­лымдарда жайылады. Мұн­дай жерлердің көлемі шамамен 21 млн гектарды құрайды.

Бүгінде азаматтардың қолын­дағы жеке малдарды жаю үшін 50 млн гектар жайылым қажет. Бұл қазіргі таңда 29 млн гектар жа­йылым жетіспейді деген сөз. Сенат депутаттарының пайым­дауынша, қолданыстағы заңна­ма­лар осындай жағдайларды еске­ре отырып, жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай сенатор Сұл­тан Дүйсембинов Палата депу­таттары ұсынып отырған бірқатар нормаларға тоқталып өтті. «Халқымыздың 41 пайызы ауылдық жерлерде тұрады және олардың қолында 10 миллионға жуық мал басы шоғырланған, оның 6,5 миллионнан астамы жеке аулалар еншісінде. Мал ба­сы­ның түгелі дерлік елді мекеннің маңайына жайылады. Сондықтан көпшілік ауылдардың айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақыр­­ла­нып қалады. Мұндай жағ­­дай жыл­дан-жылға қайталана­тын­­дық­тан, жайы­лымдар деградация­ға ұшы­рап отыр», деді С.Дүйсем­би­нов.

Нақты айтқанда, жайылымдар­ды пайдаланбау критерийлерін қайта қарау ұсынылды. Яғни егер ауыл шаруашылығы жануар­ларын жайылымдармен нор­ма­тивтік қамтамасыз ету 2 есе­лен­ген көрсеткіштен асатын болса, артылған аумақты заңмен қай­тарып алуға мүмкіндік болады. Ал қазір қолданыстағы норма 5 еселік көрсеткіш екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар жайылымдарға мал жаймай, оны тек шөп шабу үшін ұстау мақсатсыз пайдалану ретінде бағаланады. Жеке ау­ладағы малды жаюға арналған жайы­лымдық жерлер мен басқа ауыл шаруашылығы алқаптары­ның шекараларын айқындау және оларды аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің қарамағына беру мәселесі де қарастырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де өзгертулер енгізу ұсынылды. Яғни ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, оларды ұстау ережелерін бұзғаны, ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру тәртібін сақтамағаны және тағы басқа бұзушылықтар үшін әкім­шілік жауапкершілікті күшейту мәселесі сөз болды.

Іс-шараға Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қарашө­кеев, облыстық әкімдіктер мен Пар­ламентаризм институты басшы­лықтарының өкілдері қатыс­ты. Жалпы, заң жобалары мен қол­даныстағы заңнамалық актілер­ге 25 түзету мен толықтыру енгізу көзделген. Көпшілікке таныс­ты­рылған құжаттар алдағы уақытта қорытынды алу және жұмыс үшін Үкіметке жолданады.

Аталған заң жобалары депу­тат­­тардың халықпен кездесуінің нәти­­жесінде атқарылған ауқымды жұ­мыстың бір бөлігі ғана. Сена­тор­­лар бұл шақырылымда өздері­не берілген заң шығаруға баста­машы болу құқығын белсен­ді пай­даланып келеді. Соның нәти­жесінде 25 заң жобасы әзірленді.