• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Наурыз, 2022

Бизнес-элита филантропқа айнала ала ма?

809 рет
көрсетілді

Қазақстандағы 2022 жылғы қаңтардағы қанды оқиғаның шығу себептерін жан-жақты сараптар болсақ, оның сан қырлы екені анық көрінеді. Бұл тұста экономикалық-әлеуметтік мәселелерден бастау алған, соның ішінде негізі жер қатынастарының дұрыс реттелмеуінен шыққан депрессивті ауылдардың мүшкіл жағдайы, табыстың аздығы, күннен-күнге ұлғайған жұмыссыздық, азық-түлік тауарларының қымбатшылығы, халықтың несиеге шаш етектен батып, оны төлей алмауы, жастардың білім алуы мен мамандығына орай жұмыс табу, баспаналы болу мәселелерінің күрделене түсуі секілді түйткілдерді айтуға болады.

Қаңтар оқиғасына дейін де, одан кейін де біздерді ойландырған жайт мұқтаждарға материалдық көмек көр­сетуге бағытталған іс-әрекет мәселесі бол­мақ. Бұл Қазақстанды айтпағанның өзін­де әлемдегі дамыған алпауыт елдер­дің өзін алаңдатып отырған өзекті жағ­даят. Ол – ізгілікке негізделген қайы­рым­дылық немесе мейірімділік іс-ша­ралары.

Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге (адам және барлық тір­ші­лік иелеріне) білдірілетін сүйіс­пен­шілік пен нақты көмек. Ол кісінің айна­ласындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қа­тынастарын білдіреді. Оны әлемдік ғылымда кең ұғымда «филан­тропия», ал бізде «меценаттық», қа­рапайым тілде «қайырымдылық» деп аталады. Ал енді оның анықтамасын ғылыми әд­е­биеттерде «филантропия – мұқтаж тұл­ғаларға (жеке тұлғалар, ұйымдар мем­лекеттік институттарға, мемлекеттерге) материалдық көмек көр­сетуге бағытталған іс-әрекет», деп көр­­сетеді. Онымен қаржылық мүмкін­діктері бар бай адамдар айналысады. Әдетте әлемнің ең бай адамдарының әл ауқатын АҚШ долларымен есептеп, Forbes  қаржылық журналы жария­лап тұрады. Мәлімет бо­йынша 2001 жылы әлемде 564 миллиардер болса, 2019 жылы олардың саны 2153-ке жетті. Cолар­дың қатарына қазақстандық азаматтар да кіреді. 2019 жылғы мәлімет бойынша біздің елдің бес адамы ең бай адамдар тізімінде болды.

Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда аталған ұғым көпшілікке «меценат» ретінде кеңірек танылған. Бірақ филан­троптар мен меценаттардың ұқсасты­ғымен қатар айырмашылықтары да бар. Ол басқа тақырып, дегенмен қысқаша айта кетейік. Біздің ойымызша меценат өнер адамдарына қамқорлық жасайды, ал филантроп – жалпылама ұғым, ол мұқтаж жандарға қызмет саласына қарамастан көмегін аямайды.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», деген мақалдың астарында жатқан ой Тәуелсіздіктің 30 жылында билік басындағы және соның маңайына топтасқан гибридтенген бизнес-элитаға, Президент ашық айтқан 162 адамның қаперіне кірмесе керек. Бұдан олар тіпті қайырымдылық жасамады деген ой туындап қалмауы керек. Әрине, жасады, бірақ мәселе ол қандай дәрежеде атқарылғанында. «Қа­зақстандық меценаттардың жұмыс істеу ерекшеліктері қандай?» әңгіме осыған байланысты. Анықтама бойынша «Меценат – өзінің жеке қаражатынан ғылым, өнер, білімнің дамуына ерікті түрде қайтарымсыз материалдық көмек беретін тұлға» (бұл атау император Август тұсындағы ақындар мен сурет­шілердің, өнердің қолдаушысы, яғни демеушісі болған ежелгі этруск отбасы­нан шыққан Гай Цильниус Меценас (Мекенат; лат. Gaius Cilnius Maecenas) атты римдіктің атымен байланысты). Бірақ жоғарыдағы анықтамаға сай біздің елде жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?

Елімізде 2015 жылғы 16 қарашада «Қайы­рым­дылық туралы» заң да қабылданды. Онда демеуші, демеушілік қызмет, ерік­ті қайырмалдықтар, қайы­рым­дылық гранты, қайырымдылық волонтері, меценат, меценаттық қызмет, нысаналы капитал (эндаумент), филантроп, фи­лантропиялық қызмет сияқты терминдерге анықтамалар да берілді. Біздегі қайырымдылықтың басты белгілері тө­мендегідей:

Біріншіден, қолында билік пен қатар байлық қатар топтасқан қазақстандық алпауыттардың қайырымдылығы алпыс айлалы саясатқа негізделді. Ал бұл сая­саттың басты мақсаты – халықтың сүйіс­пеншілігін жаулап алу болып та­былатыны белгілі. Ол туралы көп­теген моральдық шығарманың авторы, француз жазушысы Франсуа VI де Ларошфуко ХVIII ғасырда-ақ айтқан болатын. Дегенмен жоғарыда қа­былданған заң формальді түрде қол­данылып, әсіресе қазақстандық бизнес-элита үшін салықтан жалтарудың заңдастырылған даңғыл жолына айналды. Оған дәлел ретінде көптеген мысал келтіруге болады.

Екіншіден, «Миссиямыз – талантты жастарға көмек көрсету, қоғамдық маңызды әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамның шексіз әлеуетін дамыту. Ғылым және өнер жолындағы талантты жастарды қолдау үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасауға тырысу», деген ұранмен жұмыс істеген ірі қорлардан бас­тап саны мен сапасы сәйкес келмейтін көзбояушылыққа негізделген қорлар шындығында қарапайым халықтан алыс болды. Бұл қорлардың ең басты миссиясы өз байлықтарын қайткен күнде сақтап қана қоймай, оны еселеп көбейтуге не­гізделгендей.

Үшіншіден, соңғы жылдары аза­маттық қоғамда «Қайырымдылықты көбіне Алла жолында жүргендер жасауға тиіс» деген теріс ұғымдар қалыптасты. Қазақстанда қайырымдылық қадірлі іс екені тек мешіттер мен шіркеулерде айтылатын уағыз ретінде қабылданды. Жалпы, мемлекеттік саясатта осыған тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді.

Қайырымдылық жеке тұлғаның бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі болып есептеледі. Ондай адам үшін рухани құндылықтар материалдық құн­дылықтардан жоғары тұрады. Олар өзі­нің жанашырлығымен және таза ние­тімен ерекшеленіп, мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне нем­құ­райды қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, қолы ашық, жомарт азаматтардың саны аза­йып келеді, адамдар кез келген жағ­дайда, бірінші кезекте өз пайдаларын ойлап тұрады.

Ашкөздік пен сараңдықтан алыс болып аулақ жүрмесек, игі істер жасамасақ, адамдық кейпімізді жоғалтып алу қаупі бар. Жомарттық қасиеті бар қайырымды тұлғаларды ұнатпайтын адам кемде-кем. Ондай тұлғалар адамдармен тек материалдық құндылықтарымен ғана емес, сонымен бірге рухани байлығымен де бөліседі. Қайырымды адам жақсы істерді көп­шіліктің алғысын алу үшін емес, ол мұқтаждарды кішкене болса да бақытты ету ниетімен жасайды. Ол – қолында тұрған зат өзіне қажет бола тұра, оны артық сөз айтпастан қиналмай басқаға бере алатын тұлға. Біз осындай керемет жандарды үлгі тұтып, шын құрметтеуге тиіспіз. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастар мейірімділік деген сөзді сирек естиді және мағынасын толық түсінбейді. Ол мемлекеттік дәрежеде өзекті деп қарастырылмаған. Біздің ойымыз­ша, мейірімділік дегеніміз – қиын жағдайға тап болған адамға шын жүректен қолдау көрсетіп, басқа адам­­ның бақыты үшін өз уақытыңды, ақшаңды немесе денсаулығыңды құр­бан ету. Жасөспірімдердің арасында қатыгез, өзімшіл және мақтаншақ балалардың саны артып барады. Үлкен адам сүрініп немесе құлап қалса, оны демеп, қолдаудың орнына, ұялы телефонның камерасына түсіру бірінші кезекте тұрады. Сондықтан ата-аналардан бастап балалардың тәрбиесіне, жалпы қоғамдық тәрбиеге мемлекет ерекше көңіл аударуы керек.

Ал қазақтың  күнделікті жиі қолда­ны­латын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деген на­қылдың мәніне тереңірек үңілсек, онда адам бойындағы жомарттық, қа­йы­рымдылық, мейірімділік қасиет­тердің маңызды екені меңзеліп отыр. Яғни қарапайым адам үшін төрт құбыласы тең болудан артық бақыт жоқ дегенді білдіреді.

Ендеше, нақты мәселеге көшейік. Шын­дығында, ол біз ашып отырған жаңа­лық емес, бірақ өмір көрсетіп отырған­дай әлемдегі ең бай филан­троптар­дың жіберетін 5 қателігінің Қазақ­­станда да толық қайталануы биыл­ғы қаң­тар оқиғасының негізгі себе­бінің бірі деп ойлаймын. Бүкіл әлемде әлеумет­тік кәсіпкерлікпен және қа­йырым­дылық­пен айналысатын биз­нес­мендердің саны күн санап артқанымен, жаңадан баста­ғандардың барлығы дер­лік бірдей қателік­терді қайталап, ал олар­дың аздаған бөлік­тері ғана сәтсіз­дік­терге төтеп беріп, қателіктерге бой ал­дырмай, одан аулақ бола алады. Фи­лан­тропиялық стратегия­ны жасаудың шебері және осы мәселе жөніндегі For­bes журналының кеңесшісі Крис Пат­нэм-Уокерлидің филантроптар мен жеке қор құрылтайшылары жіберетін ең бас­ты қателіктерге тоқталайық.

№1 қателік: немқұрайды көзқарас

Өзіңіздің қорыңызды ашып, команда жинап, анда-санда іште болып жатқан жағдайларды бақылап отыру жеткілікті және сізді қазірдің өзінде меценат деп атауға болады деген кең таралған миф бар. Бай адамдар қайырымдылықпен айналыса бастағанда, неге екені белгісіз, бұл бизнес сияқты ауыр жұмыс емес деп ойлайды. Немесе олар табысты бизнес құрғандықтан, олар жетімдік немесе үйсіздік мәселелерін қалай шешуге болатынын жақсы біледі. Бизнесте әркімнің стратегиясы бар, адамдар үнемі жаңа нәрселерді үйренеді, кеңес береді, форумдарға барады, зерттеулерге тапсырыс береді, ал қайырымдылық қорына келгенде, олар өз бетімен өмір сүре алады деп ойлайды. Табысты және тиімді филантроп болу үшін дамумен айналысу керек. Өзіңізді филантроп ретінде инвестициялау, қызметкерлерге, жұмыс істеп тұрған қамқоршылар кеңесін құруға, инфрақұрылымға, стратегияны қалыптастыруға инвестиция салу маңызды, барлығы уақыт пен ақшаны талап етеді.

№2 қателік: жабықтық

Қайырымдылықтың дамуы­на қор­қыныштың көптеген түрі үл­кен кедергі жасайды. Сіздің аты­­ңыз­­­ға айтылған сынды есту, қайы­рым­­дылықпен айналысып жатқа­ны­ңызды мойындау, ақшаңыз туралы айту. Барлығы жомарт адамдар ретінде көрінгісі келеді және сыннан қатты қорқады, сондықтан көптеген меценат өздерінің қорларын жария етпей, өздерінің ұяшығында оты­руды жөн көреді. Бірақ, өкінішке қар­ай, тиімді филантропияны осылай­ша үйрену мүмкін емес. Егер сіз еш­кім­мен араласпасаңыз, ұйым дамуын тоқтатады.

№3 қателік: жауапсыздық

Үлкен байлық – үлкен жауап­кершілік. Ірі капитал иелері ақ­шаның зиянды болуы мүмкін екенін түсінбейді және көмек әрқашан олар ұсынған нысанда пайдалы бола бер­мейді. Біз адамдардың ұзақмерзімді қажет­тілігін қарастыруымыз керек. Көмек көрсетудің салдары және ақ­шаның нақты не істей алатыны туралы ойланбасқа болмайды. АҚШ-тағы ірі донор аурухананың жанынан испандық қауымдастық үшін аурухана салды, ол да испандықтарға көмектесті. Соның салдарынан біраз жылдан кейін сұраныс болмағандықтан, жабуға мәжбүр болды. Көбінесе, адамдар қызметтерді, тұтынушылардың нақ­ты білімі мен са­уалнамасымен рас­талмаған жобаларды өз идеялары негі­зінде таңдайды.

№4 қателік: стратегияның болмауы

Адамдар қайда бара жатқанын білмеген кезде, ілгерілеу және даму принципі мүмкін емес. Көптеген филантроп барлығына бірден көмектескісі келеді және бір нәрсеге жұмылмайды, бірақ екінші жағдайда қор мен оның негізін қалаушының мақсаттары мен стратегиясы қандай екенін түсіну маңыз­ды. Стратегияны құрастыру еш­қашан кеш емес және алдағы 10 жылды жос­пар­лаудың қажеті жоқ. Дегенмен ұйым­ның екі-үш жыл ішінде қандай әлеу­меттік нәтижеге қол жеткізгісі келе­тінін, құрылтайшының болашақта қан­дай қайырымдылық түрін жасағысы келе­тінін түсіну маңызды. Мұндай сұрақ­тарды екі-үш жыл сайын өзіңізге қойып, басымдықтарды белгілеп, бағ­дар­ламаларды ойластырып отыру ма­ңызды.

№5 қателік: бюрократия

Көбінесе ірі ұйымдар нағыз бюро­кратиялық кеңселерге айналады. Олар­дың миссиясы мен стратегиялық жос­пары бар, олар өте ұзақ уақыт шешім қабылдайды бірақ алға жылжымайды. Құрылтайшылардың келісімінсіз ма­ңызды шешім қабылдай алмайтын қор­лар бар және олардың уақыттары жоқ, қолдары тимейді, тым бос емес адамдар, сондықтан олармен байланысу үшін бірнеше ай қажет.

Бюрократия қор ашық болғысы келгенде де дамиды, бірақ сонымен бірге тым көп құжат жасайды. Бір қор кеңесші шақырмас бұрын сектор мамандарынан кемінде үш толық ұсыныс алуы керек. Бұл ашықтық үшін маңызды ма? Жоқ. Бұл сіздің және сарапшылардың уақытты босқа кетіруіне әкеледі.

Көбінесе құрылтайшылар күр­де­лірек нәрселерді қарапайым етудің ор­нына, қарапайым нәрселерді қиын­датып жібереді. Бір отбасылық қор қа­йы­рымдылық жоспарын жасап, қайы­рымдылыққа басымдық бермек болды дейік. Ал жоспар бойынша жұмыс екі жылға созылуы керек еді. Бүкіл отбасы жылына бір-ақ мәрте кездесіп, бір рет телефонмен сөйлесетін болып шықты. Олар бір жыл кеңесші іздеуді, ал екінші жылы жоспарды талқылауды жоспарлайды делік. Қазіргі әлем тым жылдам өзгеруде, сондықтан да өзгерістерге ілесу, үйрену, өзгерту маңызды.

Крис Патнэм-Уокерли айқындаған жалпыға ортақ немқұрайды көзқарас, жабықтық, жауапсыздық, стратегияның болмауы және бюрократия салдарынан болған бес қателікке қосымша біз көр­сеткен қазақстандық бизнес-эли­та­ның өзіне тән кемшіліктер салдарынан елі­мізде қаңтар қырғыны орын алды.

Жалпы, қорытындылай келе, Қазақ­станның бүгінгі байлары қайы­рым­дылықтың дәстүрлі тамырынан айырылып қалды. Тәуелсіздік алған жылдарда жаңа қалыптасқан билік төңірегіндегі жергілікті бизнес-элита олигополиялға айналғанымен, нағыз меценатқа немесе филантропқа айналып үлгермеді. Оны жоғары билік эшелонындағы адамдар да жоққа шығармайды.

Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барлық тобының табысы экономиканың өсуімен қатар жүруі қажет екенін, бірақ бүгінгі ел жағдайында бұлай еместігін, тек олигархтар табысы ғана еселеп өсіп келгенін, еркін нарық шектеліп, өзіндік олигополия қалыптасқанын ашық айтты. Осыған байланысты елдің алдына «жаңа экономикалық тұғыр» қалыптастыруды қолға алып, заманауи әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құрып, дамытуды мақсат етіп қойды. Қазақстан азаматы ретінде әрқайсымыз қаңтар оқиғасынан сабақ ала отырып, тек қана бизнес-элитаға иек артпай-ақ, Президентімізді қолдап, бірлігімізді көрсетіп, ел дамуына өз үлесімізді қосқанымыз абзал.

 

Жомарт ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,

саяси ғылымдар докторы,

Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі