• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Наурыз, 2022

Оңалту орталықтарына сұраныс жоғары

301 рет
көрсетілді

Елімізде оңалту орталықтарына деген сұраныс артып келеді екен. Бұл өңірлерде денсаулығында туабітті кемістігі бар адамдардың саны да көбейгенін білдіреді. Өкінішке қарай, мамандардың көмегіне мұқтаж жандардың дені балалар болып отыр. Яғни дімкәс балаларды оңалту орталықтарының тапшылығы мәселесі күн тәртібінде тұр.

Дерек бойынша, елімізде мұн­дай балаларды медициналық оңал­­ту орталықтарының жалпы саны көп емес екен, 153 орталық қа­на тұрақты жұмыс істеп отырған көрі­неді. Ал ем алуға мұқтаж балалар саны 90 мыңға жуықтаған. Бұл мәсе­ле облыстарда, оның ішінде аудан­дар мен ауылдарда тіптен өткір тұр десе де болады.

Әрине, мемлекет тарапынан жағдайды оңтайлы шешудің қада­мы бар. Өңірлер де өз күшімен проблеманы шешуге ұмтылып жатыр. Мысалға, осындай игі іс Алматы об­лысында басталғалы біршама уа­қыт болды. Қазір аймақта 11 оңал­ту орталығы жұмыс істейді. Оның төртеуі таза мемлекеттік мекеме екен.

Жақында Сарқан қаласында 40 балаға арналған «Сенім» оңалту орталығы ашылды. Орталықта за­ма­науи арнайы құрал-жаб­дық­тар­мен жабдықталған 22 кабинет, 55 жоғары білікті маман қызмет етуде. Сонымен қатар бұл мекемеге балаларды тасымалдауға ар­нал­ған арнайы жаңа автокөлік бө­лін­ген. Мұнда 8 бағытта қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, қызмет алушыларға әлеуметтік-мәдениет, әлеуметтік-экономика, әлеуметтік-психология, әлеуметтік-медицина, әлеу­меттік-құқық салалары бойын­ша көмек беріледі. Бұдан бөлек нысан ауласы абаттандырылып, ба­лаларға арналған ойын алаң­қай­лары да жасақталған.

– Мұндай орталықтарды мей­лін­ше көптеп ашқан жөн. Ерекше кү­тімді талап ететін балалар­ды үй­де ұстамау керек. Баланы арнайы бі­лік­ті мамандарға апару арқылы қандай да бір жетістіктерге жетуге бо­ла­ды. Сарқан ауданында ашылған орталықтың ерекшелігі, бұл жерде балаларды таңнан кешке дейін қал­дыруға болады. Сондай-ақ шал­ғай ауылдардан қатынайтындар ата-анаға осы орталықта 6 айға дейін қалып, ем қабылдауына бола­ды», дейді Алматы облыстық жұ­­­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­­­қар­ма­­сының басшысы Маржан Мұрат­қызы.

Ал сәл бұрын дәл осындай оңал­­ту орталығы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында ашыл­ған бо­ла­­тын. Мұнда орталық ауруха­на­ның әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, көлемі 810 шаршы метрді құрайтын арнайы орын пайдалануға берілген. Қазір бұл орталықта отыздан астам мүмкіндігі шектеулі бала тұрақты әлеуметтік көмек алып отыр. Ал Жамбыл ауданында көмекке мұқтаж 200-ге жуық бала бар екен.

Енді балаларды оңалту орта­лы­ғы Панфилов ауданынан да ашылмақ. Жақында облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы ауданға жаса­ған сапары барысында Жар­ке­нт қа­ла­сындағы әкімдіктің резиден­ция­­сын балаларды оңалту орта­лы­ғы­на айналдыратынын айтты.

– Сөз реті келгенде айта кете­йін, осы Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Же­рінің көлемі – 1 гектар. Маған сол резиденцияның қажеті жоқ. Ауданда қонатын жап-жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмханалар көп. Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл баласының өмір сүруі үшін әр сәтін күреспен өткізіп жатқан, ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-анаға өте керекті орталық болар еді деп ойлаймын, – деді Панфилов ауданында тұрғындармен кездесу өткізген Қ.Бозымбаев.

Ал Жаркенттегі облыс әкімінің резиденциясы 2013 жылы салынған болатын. Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 910 шаршы метр екен. Алдағы кезеңде әкімдік ғима­рат­тың балаларды оңалту орта­лығына айналуы аймақтағы меди­цина көмегіне мұқтаж ерекше балаларды қуантары сөзсіз.

 

Алматы облысы