Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Сөз басында Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына назар аударды. Палата Спикері ел Президенті жаңа Жолдауымен қоғамды алаңдатқан бірқатар түйткілге, оның ішінде елімізді саяси жаңғыртуға қатысты мәселеге нақты жауап бергенін айтты.
«Президентіміз Жолдауда еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Соның ішінде Парламенттің рөлін күшейту керектігі айтылды. Осылайша, депутаттарға Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыру жөнінде ауқымды міндет жүктеліп отыр», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері Жолдауда еліміздің сайлау және партиялық жүйесін жетілдіруге, жергілікті билік органдарының дербестігін күшейтуге арналған нақты ұсыныстар айтылғанын атап өтті.
«Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарының жұмысын жандандыратын басымдықтардың маңызы зор. Президентіміз мәслихаттардың рөлін арттыру, олардың дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды жариялады. Бұл азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайтатыны анық», деді Палата Төрағасы.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың маңызды екенін айтты. Сондықтан Сенат Жолдауда белгіленген басымдықтарды заңмен қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізуі керектігін тілге тиек етті.
Осы ретте сенаторлар бүгіннен бастап өңірлерге барып, халықпен кездесетінін атап өткен жөн. Соған сәйкес Мәулен Әшімбаев азаматтармен кездесуде Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан бастамаларға баса мән беру керектігін жеткізді.
«Өңірлерге сапар барысында Жолдауда айтылған басымдықтардың және қабылданатын заңдардың маңызын, олардың нақты пайдасын азаматтарға толық жеткізу керек. Сондай-ақ өңірлердегі өзекті мәселелерге баса мән беріп, елдің пікірі мен ұсыныстарына баса назар аударған абзал», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар отырыс барысында «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Келісімге сәйкес адам басқа елде алған жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан кезде оның жеке басын растау, сондай-ақ шетелде тұратын жерін анықтау бойынша қосымша жағдайлар жасалады.
«Келісімді ратификациялау ТМД елдерінен азаматтықтың болуы немесе болмауы, жеке басты куәландыратын құжаттар, көші-қон есебінде тұрған адамдар, шетелдіктерге осы елдерге келуге және онда болуға берілген визалар, қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы мәліметтерді алуға болады. Аталған құжат қос азаматтықты болдырмауға мүмкіндік береді», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Бұдан басқа келісім бойынша қосымша ақпарат алуға жол ашады. Басқа елден алынған жеке басын куәландыратын құжаттарды жоғалтқан кезде адамның кім екенін, азаматтың шетелде тұратын жерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін адамдарды жауапқа тарту туралы мәліметтер құқықтық көмек көрсету аясында пайдаланылуы мүмкін. Бұл ақпараттарды өкілетті органдар сұрау салу арқылы алады. Жауап мерзімі екі айдан аспауы тиіс.
«Бұл ретте келісімде азаматтарға қатысты мәліметтердің құпиялылығы, ол деректерді пайдалануға шектеулер, сондай-ақ сұрау салуды қанағаттандырмайтын талаптар нақты жазылған. Құжатты ратификациялау ТМД елдеріндегі құзыретті органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасы еліміздің барлық мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілді», деді М.Қожаев.
Бұдан бөлек отырыста бірқатар депутаттық сауал жолданды. Сенатор Нұржан Нұрсипатов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанның Қарулы Күштерінде аутсорсингті қолдану мәселелері туралы айтты.
Депутат төтенше жағдай кезінде әскерлерді үздіксіз қамтамасыз ету бұзылған фактілер байқалған қаңтар оқиғасы күндерінде әлеуетті органдарда аутсорсингті қолдану елеулі қауіп-қатер төндіретінін айқын көрсеткенін атап өтті.
«Мысалы, «ҚазМұнайГаз-Аэро» мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай оператор сол кезеңде елдің әуежайларында, оның ішінде астанада температура төмен болған кезде әлеуетті органдардағы әуе күштері авиациялық отынының қатып қалу мүмкіндігін азайтуға арналған кристалдануға қарсы сұйықтықпен қамтамасыз ете алмады», деді Н.Нұрсипатов.
Сенатор көтерген тағы бір мәселе – Қарулы Күштерді сапасыз азық-түлікпен қамтамасыз ету. Төтенше жағдай кезінде елордада әскери қызметшілердің ішек жолдарының жаппай улану фактілері тіркелді. Тамақ беруді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді сатып алған мердігердің кінәсінен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты елуден астам әскери қызметші аурухана төсегіне жатуына тура келді.
Сенатор Нұржан Нұрсипатов осыған байланысты Үкімет басшысынан Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы аутсорсингтің қазіргі жүйесіне кешенді талдау жүргізуді, сондай-ақ тұрақты жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге қатысы жоқ құралымдарда аутсорсинг қызметі сақталатын күштік органдарға материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырудың аралас қағидатын енгізуді сұрады.
Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы Жылыой ауданының тұрғындарын ұзақ жылдар бойы мазалаған мәселелерді Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Ғ.Дүйсембаев Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың жай-күйі өте нашар екеніне екпін берді. Атап айтқанда, су құбыры, кәріз, жылу және электр желілері толығымен тозған, салынған сәттен бастап оған күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Сенатордың пікірінше, өңірдегі жол проблемаларын шешу де ерекше назар аударуды талап етеді.
«Құлсары қаласына автокөлік жолдарына қайта жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізу керек. Қазіргі кезде автомобиль жолы мәселесі тұрғындар арасында жиі көтеріліп отыр. Бүгінгі таңда қаладағы 416 шақырым көшенің тек қана 52,6 пайызы автомобиль жолымен қамтамасыз етілген. Жолдың қалған бөлігі асфальт төсеуді, өркениетті жол салуды талап етеді», деді Ғұмар Дүйсембаев.
Сенатор салық статистикасын атап өтті, оған сәйкес Жылыой ауданынан республикалық бюджет пен Ұлттық қорға 2021 жылы шамамен 1,7 трлн теңге түсті. Депутат бұл қаражаттың бір бөлігін жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және төртінші деңгейдегі бюджетті дамыту үшін жергілікті өзекті мәселелерді шешуге бағыттау маңызды деп санайды.
Сенатор Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салу қажеттігіне ерекше тоқталды. Ол отбасында қосымша күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалары бар өңір тұрғындары осындай өтініш айтқанын атап өтті.
«Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларды емдейтін арнайы мамандар жетіспейді. Сондықтан ата-аналар бірлесіп қаржы жинап, ірі қалалардағы оңалту орталықтарынан логопед, трудопед, дефектолог, емдік денешынықтыру мамандарын шақырып, емдік шараларды ұйымдастыруға мәжбүр болып отыр. Осы жағдайды ескере отырып, Атырау облысындағы Құлсары қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қазіргі заманғы жабдықтары мен емдеу бассейні бар және мамандармен толық қамтылған оңалту орталығын салдыруды сұраймын», деді сенатор.
Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында жер қойнауы және оны пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Сенатор осы сауалға Қызылорда облысының Шиелі ауданында жұмыс істейтін уран өнеркәсібінің 2 мыңға жуық қызметкерінің өтініші негіз болғанын атап өтті.
Депутаттың айтуынша, 2018 жылы күшіне енген Кодекс нормаларын қолдану барысында осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттардың қолданылу мерзімін ұзарту сияқты мәселедегі олқылық байқалған. Мұндай жағдай уран кеніштерінде өндірістің тоқтап қалу қаупін туғызады. Ал бұл өз кезегінде жұмыссыздыққа, өңірлердегі әлеуметтік шиеленістің өсуіне, салық және бюджетке төленетін басқа да аударымдар мен төлемдердің, сондай-ақ жыл сайын өңірдің әлеуметтік дамуына аударылатын қаражаттың тоқтатылуына әкеп соқтыруы мүмкін.
«Өңірлерде белгілі бір әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жоғарыда аталған уран кеніштерінің қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне атап айтқанда, өтпелі ережелер тарауына осы Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған уранды өндіруге арналған келісімшарттардың қолданылу мерзімін ұзарту мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Осыған орай Құрметті Әлихан Асханұлы, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен реттеу туралы мәселені қарастыруыңызды және қарапайым жұмыскерлердің жұмыс орнын сақтап қалуға барынша ықпал жасауыңызды сұраймыз», деді сенатор.
Ақмарал Әлназарова еліміздегі жолдарда адамдардың жарақаттану және қаза болу оқиғалары жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Ол өз сауалында осы жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар шараны қарастыруды ұсынды.
Сыбайлас жемқорлық және жүргізуші куәлігін алудың оңайлығы, инфрақұрылымның әлсіздігі, қала сыртындағы күре жолдарда дәрігерлер мен полицейлердің жетіспеушілігі – жол-көлік оқиғаларында көптеген авария мен адамның қаза табуына әкеп соғады. Сенатор Ақмарал Әлназарова осы саладағы күрделі жағдайға наразылық білдірді. Ол Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында жағдайды жақсартуға көмектесетін нақты шаралар туралы айтты.
Сенатордың мәліметінше, өткен жылдың өзінде ЖКО-да 40 593 зардап шегуші тіркелген, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 30%-ға жоғары. Депутаттың пікірінше, бұл жол инфрақұрылымының сәйкес келмеуінен, жүргізуші куәліктерін беру кезіндегі бақылаудың нашарлығынан, полицейлердің алғашқы медициналық көмек көрсетудегі практикалық дағдыларының жеткіліксіздігінен болып отыр. Жолдардағы осындай жағдайдың бәрі елдің демографиялық дамуына қауіп төндіреді.
«Жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім бойынша әлемдік рейтингте 100 мың тұрғынға шаққанда Қазақстан 10,4 қаза тапқандардың көрсеткішімен 107-орында тұр. Халықаралық сарапшылар жол-көлік оқиғаларынан болатын еліміздің экономикалық шығындары ішкі жалпы өнімнің 3% көлемінде деп бағалаған, соңғы 5 жылда – 1 971 адам», деді сенатор.
Ақмарал Әлназарова жол-көлік жарақатының алдын алатынымызға сенімді, бірақ бұл жүйелі және кешенді шараларды талап етеді. Жол жүрісіне қатысушылардың өмірі мен денсаулығының басымдығы және қатерді азайту жол жүрісінің негізгі қағидаты болып қалуға тиіс.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында сенатор Бақытжан Жұмағұлов ұлттық құндылықтарды одан әрі ілгерілету және жастарды адамгершілік пен еңбексүйгіштік рухында тәрбиелеуге қатысты мәселені көтерді.