Қиырдағы Қызылқұмның қойнауындағы ауылды қазақ руханиятының бір бөлшегі санатында ұлт мәдениетінің тамырына қан жүгіртіп жатыр десе, бала кезде сенбес те едік. Мәдениеттің де, өркениеттің де, бар жақсының көкесі тым алыста, атажұртта, ерекше бір лепеспен ауызға алатын Алматыда сияқты көрінетін. Сөйтсек, Алаш баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де ана тілін ардақтап, баба дәстүрін ұлықтап, халық қазынасын қадір тұту арқылы ұлтының рухани байлығын еселеуге үлесін қоса алады екен ғой.
Бесқаланың теріскейіндегі Тақтакөпір ауданының Жаңадария ауылында батырлар жырын жаттап, қос шанақтан термелерді төгілтіп, «нағыз қазақ – домбыраны» өзіне серік еткен ұрпақ та қазақтың қазақтығын сақтап қалуға өзінше атсалысқан екен-ау. Бесқалалық балдырғандар ана тілінде білім алып, Алматыдан шығатын «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Пионер» басылымдарын асыға күтіп жүретін-ді. Қалың жұрт Бесқала атап кеткен, ал ресми атауы Қарақалпақстандағы қазақтар өткен ғасырдың сексенінші жылдары басқасын айтпаға нда, «Қазақстан пионері» газетінің 20 мыңға жуық данасын жаздырып алатын-ды.
Бала кезінен шалдардың әңгімесіне құлақ қойып, жыраулардың термесін көкірегіне түйіп өскендердің есейгенде де ақсақалдар айтқан ақыл-өсиет шеңберінен әрі қарай аттап баспасы анық. Немерелері үшін де атасының айтқандары әулиенің көріпкелдігімен бірдей еді. Тәшкен көрмегенімен, бесқалалық шалдардың көкірегі күмбірлеп тұратын, айтқан әңгімесінің түп-тамыры насихатқа барып тірелетін. Кеңес өкіметінің идеологиясы Бесқала өңірі жұртының нанымына селкеу түсіре алған жоқ, түсірген күнде Қызылқұм бауырындағы ауылдарда молда біткен діннен безіп, жырау біткен сенделіп кетер еді. Ауылдарда мешіт болмаса да, халық имандылығынан ажырамаған-ды. Ауылдың мәдениет үйі болмаса да, ауыл адамдарының рухани иммунитеті зор еді. Бәлкім, кеңестің ұрда-жық ұранынан аман сақтап қалған да осы иммунитет болар. Бала кезінен терме тыңдап өскен, жыраулардың насихаты санасына мықтап ұялағандар ұлтының қай кезде де керегіне жарайтыны анық.
Бала кезде демекші, кішкентай кезіңде санаңда жатталып қалған жыр шумақтары есейгенде де естен шықпайтын тәрізді. Атам Жәдігер немерелерін тізесіне отырғызып алып, бір әуеннің ырғағына салып ылғи әндетіп отырғаны. Белгілі бір мақаммен сәбиді жұбатқаны ма, әлде ұрпағының құлағына сіңе берсін дегені ме, кім білсін. Қалай болғанда да, бала кезде естіген сол бір шумақ жадымызда өшпестей жатталып қалыпты:
«Баласы Балтуғанның атым –
Өтім,
Әкемнен он үшімде
қалдым жетім,
Он бес пен он алтының
арасында.
Біз көрдік құдайымның
құдіретін».
Осы бір шумақ өлең атадан қалған мұрадай көрінетін. Сөйтсе, Өтім атамыз Бесқала өңіріне танымал жырау болған екен. Оны бертін келе білдік қой. Ол енді басқа әңгіменің тақырыбы.
Бесқаланы жайлаған халықты кеңестік идеологияның, оның ішінде атеизмнің сойылын соғудан сақтап қалған жыраулық дәстүр екені сөзсіз. Той-жиындарда арқаланған жыраулардың таңды таңға ұрып жырлаған дастаны тыңдаушысының әріде жатқан бұйығы мінезінің өзіне жан бітіріп, тулатып, елдің тірлігі мен бірлігі жолында жанын құрбан етуге дейін баратын ерекше бір күйге түсіреді. Жырдың да, жыраудың да құдіреті осында. Осыдан кейін Бесқала жерінде кіндік қаны тамған, жыраулық поэзияның уызынан нәр алған, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын Ахмет Өмірзақтың:
«Құдайсыздар әмір еткен заманда
көп нәрсені көмдік жерге
сұрау ғып...
Сондай күнде ділдің сөзін
айта алған,
о, атыңнан айналайын
жыраулық!» –
дегеніне ырза болмай қайтесің!
Бесқала өңірінде аты талай жерге кеткен жыраулар өмір сүрді, елдің еңсесін жырларымен тіктеді, термелерімен түзу жолға салды. Ата-баба дәстүрін ұлықтап, дін мен ділге беріктігін насихаттады. Сөйтіп, ұлттың рухани байлығының қаймағы бұзылмай, ұрпағына түгелдей жеткізуге мейлінше үлес қосты. Бесқаладан шыққан жыраулар туралы айтылар әңгіме алда деп білеміз. Оны біз – сол жыраулардың тыңдаушылары ғана емес, елімізге белгілі ғалымдар да айтады.
«Біздің байқауымызша, бұл күнде жырды ғасырлар бойы қалыптасқан өз мақамымен айтатын жыршылар, термешілер өте аз. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстан бойынша жыршылардың әзірге бай жері – Қарақалпақстан». Қазақ ауыз әдебиетінің корифейі Рахманқұл Бердібаев «Жыршылық дәстүр» атты еңбегінде осылайша бір қайырған еді зерттеу мақаласының ыңғайын. Жыраулық дәстүрдің қазақ халқының рухани өмірінде алатын орны бөлек екендігі сөзсіз. Олай болса, жыраулық дәстүрдің өнер ордасына айналған Бесқала өңірінің де орны дара.
Арғы-бергі тарихта Бесқала өңірінде Қосым, Қазан, Өтім, Өгізбай, Серікбай, Әбдімұрат, Оразбай, Тәжік, Теңізбай, Ережеп, Жақсылық, Мұратбай, Ерқожа сынды сандаған ақын-жырау өткен.
Бесқаладағы бабалардан жеткен жыраулық дәстүрді жалғастырып әрі қарай өз мақамымен әрлеп, кеңестік кезеңде елінің рухани дүниесінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан жыраулардың бірі де бірегейі – Наурызбек жырау.
Бір күні «ауылға Наурызбек жырау келіпті, бүгін кешке жырлайтын көрінеді» деген хабар бүкіл ауылды аралап кетті. Кешке қарай ауылдың үлкен-кішісі Арқабай ақсақалдың үйіне қарай ағылды. Шұбаған халықтың соңынан балалар, біз де ілестік. Барсақ, Арқабай ақсақал мен Төребай көкемнің үйлерінің ортасындағы алаңқайға киіз біткен кең ауқымда төселіп, үстіндегі көрпешелерге ауылдың жасы үлкендері жайғасыпты. Төрде – Наурызбек жырау. Жиынның тізгінін ұстаған кісі халықтың жиналғанын айтқан соң, жырау кештің біссімілләсін термеден бастады:
«Домбыраны қолға алып,
Саусақты бастым пернеге.
Бір азғантай сөйлейін,
Осындайда кездескен,
Аға менен ініге.
Қатарласып отырған,
Келін менен жеңгеге,
Қарындас, құрбы-теңіме.
Құлақты салып сөз тыңда,
Кенелтейін термеге.
Терме деген насихат,
Пайдалы нәрсе, жігіттер,
Адамға ақыл бермеге», –
деп жырау дүбірлі топқа түсетін тұлпардай өзінің төл термесі, төл мақамымен халықты өзіне баурап ала жөнелді. Тіршілік нәрінен туған терме тасқынының шынайылығын тыңдаушысының «шынында да, айтқаны рас-ау» деп бас шұлғып, риза болғанынан айқын аңғарасың. Халықпен арадағы терме-толғау байланысы екі сағатқа созылғандай. Одан кейін Наурызбек жырау кең тынысты үлкен жолға түсіп алып «Қарасай-Қази» дастанын жырлауға көшті.
Жыраудың бірде дауысы бәсеңдеп, оқиғаларды ара-арасында қарасөзбен баяндап отырса, жырға кезек берген тұсында арқаланып, орнында отыра алмай қозғалақтап кетеді екен. Жыр қуатының күштілігі соншалық, жиналған халықтың арасынан «бас», «шап», «бәрекелді» деген жырауды көтермелеген дауыстар есітіліп қалады. Жыраудың мақамын аспандата түскен тұсында малдас құрып отырған кісілер тізерлей отырып, жамбастап жатқандары орындарынан қалай тұрып кеткенін байқамай қалатындай. Бабаларының қалмақтармен соғысының ортасына өздері еніп кеткендей ме қалай. «Ұр», «Аяма», «Соқ жауыңды» деп дем береді. Дастан кейіпкерлері мен тыңдаушы халық елдік үшін бірігіп, майдан даласында жүргендей. Байырғы бабалар мен бүгінгі ұрпағының тілегін ұштастырған жыр құдіретіне таңғаласың. Ұштастыруға ықпал еткен Наурызбек жыраудың тыңдаушысының жүрегін баурап алған баяны, халық көңілінен шыққан өз мақамы дер едік.
«Есті жырдың тоқтайтұғын
жері осы,
Жерден көкке көтерілген
Ғайсадай.
Жарқылыңнан жан сәулесі
гүлдейді,
Жыраулықтың көгіндегі
Найзағай!»
Тағы да Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Өмірзақ айтқандай, найзағай іспеттес жыраудың жыраулық дәстүрді дамытқаны бөлек те, халқының рухани қазынасына қосқан олжасы бөлек.
Айтпақшы, біздің Жаңадария ауылының төрінде Наурызбек жыраудың дастан арқылы ауыл жұртының жанын серпілткені өз алдына, кейінірек ауыл мен жыраудың байланысы мыңжылдыққа ұласты. Көп ұзамай ауылдағы Қайрулла мақсымның Нөкістегі медициналық училищеде оқитын ұлы Исламқожа жыраудың қызы Назыммен тілек қосып, Тақтакөпір ауданында дүбірлеткен той өтті. Сөйтіп, жыраулық дәстүр біздің ауылға да жұғысты болды. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей, Наурызбек жыраудың жиені Күнқожа Қайрулла бүгінде атақты нағашысының жолын жалғап жүр. Жыршылығы өз алдына, ғылыми зерттеушілігімен де елге таныла бастады. Жас ғалым Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында шәкірт тәрбиелеп, Бесқала аймағындағы қазақтардың музыка мәдениетін зерттеп, «Жыр киесі қонған жер», «Бесқала қазақтарының әндері», «Бесқала қазақтарының күйлері» атты еңбектерін жарыққа шығарып, қазақтың ортақ мәдени мұрасына үлес қосып келеді.