Қазақстанның жеңіл атлеттері жабық ғимараттағы әлем чемпионатына үздіксіз қатысуда. Бірақ олжаға кенелген кездеріміз сирек. Бұл жолы бағымыз жанып, бір жүлдеге қолымыз жетті. Сербияның астанасы – Белградта өткен жарыстың биікке секірушілердің сайысында 1 метр 96 сантиметрлік межені бағындырған Надежда Дубовицкая қола медальді мойнына ілді. Жерлесіміз украиналық Ярослава Магучая мен аустралиялық Элеонора Паттерсоннан ғана қалып қойды.
Аталған жарыстың тұсауы 1985 жылы Францияның астанасы – Парижде кесілді. Кеңес Одағы ыдырағанға дейін төрт әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Соның үшеуінде жалпы есепте КСРО құрамасы жеке-дара көш бастады. Сол команданың сапында өнер көрсеткен қазақстандық Григорий Егоров 1989 жылы Будапештте күміс медалдьді иеленді. Олимпия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар Шымкенттің сырықпен секірушісі 5 метр 80 сантиметрлік нәтиже көрсетті. Бас жүлде ташкенттік Радион Гатауллинге бұйырды. Ол отандасымыздан бес сантиметрге биік секірді. Қола медальді америкалық Джо Дайпал еншіледі.
1993 жылы дәл сол Егоров тәуелсіз Қазақстанға жабық ғимараттағы әлем чемпионатының алғашқы жүлдесін әперді. Канаданың Торонто қаласында жалауы желбіреген жарыста да ол тек өзінің сыралғы қарсыласы Гатауллиннен оза алмады. Үшінші сатыға франциялық Жан Гальфион табан тіреді.
1995 жылғы доданы Испанияның Барселонасы қабылдады. «Палау Сант Жорди» стадионында өткен жарыста алматылық Игорь Потапович күміс медальді мойнында жарқыратты. Жерлесіміз Украинаның даңқты спортшысы Сергей Бубканы ғана алға жіберді. Тағы бір күмісті Ольга Шишигина иеленді. 60 метрге кедергілер арқылы жүгірген ол кубалық Алиуска Лопеспен мәреге бірдей жетті. Десек те қосымша көрсеткіштер бойынша Бостандық аралынан келген желаяқтың жолы болды.
1997 жылы Парижде Потаповичке тең келер ешкім табылмады. 5 метр 90 сантиметрлік нәтижемен ол өзге қарсыластарынан қара үзіп кетті. Екінші және үшінші орындарды америкалық Лоренс Джонсон мен ресейлік Максим Тарасов еншіледі. 1999 жылы Жапонияның Маэбаси қаласында Шишигина шашасына шаң жұқтырмады. Алматылық ару белгіленген межені 7.86 секундта жүгіріп өтті. Нигериялық Глория Алози күміспен күптелсе, канадалық Кетура Андерсон қолаға қол созды.
Содан кейін Лиссабон, Бирмингем, Будапешт және Мәскеу қалаларында ұйымдастырылған жарыстардан қоржынымыз бос қайтса, 2008 жылы Испанияның Валенсиясында Дмитрий Карпов үшінші орынға табан тіреді. 6 131 ұпай жиған карағандылық жетісайысшы америкалық Брайн Клей мен белоруссиялық Андрей Кравченкодан қалып қойды. Пиреней түбегінде үш қарғып серкіруші Ольга Рыпакова да олжаға кенелді. Ол қола медальді мойнына ілді. Сәл кейінірек Шығыс Қазақстан облысының өкілі тағы екі рет үздіктер санатынан көрінді. Рыпакова 2010 жылы Дохада алтыннан алқа тақса, 2012 жылы Ыстанбұлда күміс медальді қанағат тұтты.
2014 жылы Сопот, 2016 жылы Портленд және 2018 жылы Бирмингемдегі бәсекеде Қазақстанның бірнеше спортшысы бақ сынағанымен, олардың ешбірінің бағы жанбады. 2020 жылы Нанжинде шымылдығы түрілуге тиіс дүбірлі дода күллі әлемді жайлаған коронавирустың кесірінен өтпей қалды. Міне, енді араға тура 10 жыл салып, 24 жастағы Семейдің сұлуы Надежда Дубовицкая өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантты.
Сербияда аяқталған әлем чемпионатының жалпы командалық есебінде 4 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалаған Эфиопия құрамасы алдына жан салмады. Осылайша, қара құрлық өкілдері алғаш рет осындай орасан зор табысқа қол жеткізді. Екінші орында – АҚШ. Америкалық өрендер 3 алтын, 7 күміс және 9 қоланы иеленді. Үшінші сатыға Бельгия жайғасты. Олардың қоржынында қос алтын медаль бар. Үздік бестікті Швейцария (1+2+0) мен Швеция (1+1+1) түйіндеді. Аталған жарыста 20 мемлекеттің әнұраны шырқалып, барлығы 31 елдің туы биікте желбіреді.