• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Наурыз, 2022

Ауылдардың әлеуеті артатын болды

347 рет
көрсетілді

Президент Жолдауы қоғамды алаңдатқан талай тақырыпты тап басып көрсетті. Ең бастысы, мемлекеттік аппараттың, атқарушы биліктің жұмысы халыққа барынша жақын, түсінікті болуы қажет деген талап анық байқалып тұр.

Шынында да халық даурық­па сөзден шаршады, әр адам же­ке басы күн сайын жақсы өз­ге­рісті сезінбейтін болса, бо­ла­шаққа сенімі де болмайды. Мен әрбір ауылдық округтің өз қара­жаты болатыны, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын халықтың партиялық тізім бойынша емес, тікелей сайлайтыны жөніндегі ақпаратты естіп қуандым. Шынында да қазір депутаттарды халық танымай да қалды. Өйткені депутат партия бекіткен линиядан шыға алмай, өзінің жеке пікірін айта алмайтын дәрежеге жетті ғой. Енді осы айтылған өзгерістерді тезірек жүзеге асыру қажет. Тез арада, мүмкін жарты жыл ішінде еліміздің сайлау туралы заңдарына тиісті өзгерістер енгізілсе, жаңа сай­лау­­лар өте бастайды. Кәсіби сайлау комиссиялары құрылатыны, байқаушылардың мәртебесі заңмен бекітіліп, қорғалатыны сайлау сапасын арттыра түсетіні анық. Мысалы қазір облыстық сайлау комиссиясының штатында екі-ақ адам бар. Бұл әрине, жеткіліксіз екені түсінікті ғой. Айта кетейін, бізде тұрақты сайлау өткізумен айналысатын кәсіби комиссия кеңес кезінде де болған емес.

Тағы бір мәселе – әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі, қалып­тас­қан әлеуметтік-экономи­калық әлеуеті сараланып, нақты іске кірісу керек. Батыс Қазақстан облысының алдында тұрған ең үлкен мәселе – ауыл халқының тұрмысын жақсарту дер едім. Біздің ауылдардың толық әлеуеті әлі ашылмай жатыр. Прези­дент өз Жолдауында азық-түлік мәселесінің өте маңызды еке­нін айтты. Ал бұл мәселе ауыл­ды түлетумен ғана шешіледі. Ауыл халқының тұрмысы жақ­сарса, олар қалаға көшпес еді, қаланың инфрақұрылымына артық салмақ түспес еді. Әр азаматтың адал кәсіп етуіне, ауылда қалуына жағдай жасау керек. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету стратегиялық міндеті ауыл арқылы ғана жасалады. Біздің халықтың тамыры ауылда. Бірақ бізде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашы­лы­ғы қазір өз деңгейінде емес. Халық малын өсіреді, бірақ қалай сатарын білмейді. Жүн мен тері өңделмейді. Құс ба­ғыл­майды. Осы мал шаруа­шы­лығы өнімдерінің бәрі ауыл­да өңделіп, дүкен сөре­сіне дайын өнім қалпында түсе­тіндей етіп жасауымыз керек. Ауылда егін технологиясы да дұрыс қолданылмайды. Ди­қан­дарымыздың көбі көкке қарап, тек жаңбырға сеніп отырады. Ал шетелде табиғи жағдайы біз­ден де қиын жерлерде мол өнім алудың алгоритмдері әбден қа­лып­тасқан. Сол үрдісті алып келу керек. Үнем мен жоғары тех­нологияны ауылға кеңінен енгізсек, ауылдың екінші тынысы ашылары сөзсіз. Мен бұл сөз­ді көп жыл аудан әкімі болып, шаруашылық басқарған тә­жі­ри­биемнен айтып отырмын.

 

Ғайса ҚАПАҚОВ,

Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы