Жеңіс – 65
Сұрапыл соғыстың зардабын шекпеген отбасы жоқ шығар. Ардагерлер – соғыс шежіресі. Бүгінгі жас ұрпақ үшін Ұлы Отан соғысы деректі фильм сияқты. Оларға ол – өткен тарих.
Мен сол сұрапыл, қан майданнан қайтпағандардың немесе ардагерлердің есімдерін “алтын әріппен” жазылған киеге теңер едім. Сұрапыл соғысты өз көзімен көріп, Отан алдындағы борышын майданда адал атқарған, 1945 жылдың маусымында ауыр жараланып оралған әкем Ақан Аманбайұлы жайлы сыр шертсем... Әкем Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында дүниеге келді. Әттең, Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойына аяулы да ардақты әкеміздің жете алмағаны жанымызға батады. Әкетайымыздың жанымызда жоқтығына 15 жыл өтіпті. Әйтсе де 9 мамыр – Жеңіс күнінің біз үшін ерекше екендігін сезініп, жүрегіміз толқып тебіренеміз. Жеңіс күні әкем мен анамыз Әлима Жанысова үшін бір шапағатты күні еді. Әкемнің соғыс туралы әңгімесін тыңдаудан жалықпайтынбыз. Көз алдымызда дәл бір киносериалдар өтіп жатқан сияқты көрінетін. Қандай қиыншылықты бастарынан өткізді.
Әкем Ленинград құрсауын бастан кешкен жауынгер. Нарва түбіндегі ұрыста ауыр жарақаттанған. Соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы елге оралды. Ол соғыстан қайтқанда өз анасы, яғни біздің Жібек әжемізді көре алмапты. Өйткені, әжеміз әкем майданға кеткеннен кейін көп ұзамай, 1942 жылы дүние салыпты. Әкемді майданнан әкесі Аманбай, әпкесі Зағипа, бауыры Әбдіқалық күтіп алған екен. Әкемнің шаңырағынан соғысқа үш адам аттанған. Оның екі бауыры Ибрайым мен Жұмаділ аталарымыздың оралмағаны бізді бүгінде қатты мұңайтады.
“Ленинградты қорғау кезінде барлық ленинградтықтарға, әсіресе, қазақстандықтарға ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім” атты өлеңінің әсері ерекше күш беріп, рухтандырып, ерлікке, жеңіске жігерлендірді. Мен ұлы Жамбылдың жырларына сендім. “Ленинградтық өренім” өлеңі маған қасиетті ата-бабаларымнан жеткен киелі бойтұмардай болды”, – деп әкем жиі айтатын.
Бүгін анамыз, ардагер ұстаз, тыл майдангері, әже, ақылшымыз Әлима балаларының ортасында, немере-шөбере сүйіп, үрім-бұтағына, еліне деген ақ батасын беріп, ортамызда жүр. Біз соған, әкеміз қорғаған осы бейбіт күнімізге шүкіршілік етеміз.
Мәлике АМАНБАЕВА. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы.
Суретте: А.Аманбаев (сол жақта) майдандас досымен.
ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ
Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында 24 соғыс ардагері жайлы баспаналарға ие болды. Пәтердің кілттерін облыс әкімі Серік Біләлов салтанатты жағдайда табыс етті. Облыс орталығында бой көтерген 102 пәтерлік бес қабатты коммуналдық үйден көп балалы отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне, ауған соғысына қатысушыларға да пәтерлер тиді.
“Жас Отан” жастар қанаты майдангерлерге телефон аппараттарын тарту етті.
Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.
ЖЕРЛЕС ЖАУЫНГЕРЛЕР АТЫН АНЫҚТАП ҚАЙТТЫ
“Егемен Қазақстанның” Ақтаудағы тілшілер қосынына Төлеген Қадыров деген азамат арнайы келді. Ол Отан соғысына қатысқан кіші лейтенант, взвод командирі, 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан Сүлеймен Қадыровтың ұлы екен. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Белоруссияның Гомель облысындағы Жлобин қаласына барып, сол жерде жерленген әке рухына тағзым етіп қайтыпты. Және осы сапарында сол қала маңайында болған қанды шайқастар алаңы болған елді мекендерді аралап, туысқандық зираттардағы қазақстандықтар жайлы да деректер ала келіпті. “Олай істегенім, олардың бәрінің бірдей іздеп баратын ұрпақтары жоқ болар, мен бөтенбін бе? Олардың бәрі де әкемнің достары, қанаттаса жүріп зұлым жауға қарсы күрескен өз жерлестерім ғой деген ой келді”, – дейді ол.
Сөйтіп, ол өзі аралаған алты елді мекендегі мәңгілік мекендерінде жатқан жиырмадан астам жерлес боздақтарымыздың аты-жөндерін жазып алыпты. Олар: Петр Жук – Қостанай қаласында туған, Семен Осадчий – Қарағанды қаласынан, Яков Юрченко – лейтенант, Жамбыл облысының Шу қаласынан, Василий Коржов – старшина, Солтүстік Қазақстан облысының Миловидовский селосынан, Хамид Есмульдиев – жауынгер, Батыс Қазақстан облысының, Жымпиты ауданынан, Тамим Жүнісов – Ақмола облысының, Алексеев (қазіргі Ақкөл) ауданынан, Тайыр Құдайбергенов – сержант, Шымкент қаласынан, Кензибак Көшенов – Ақмола облысынан, Осип Степанов – лейтенант, Қызылорда қаласынан, Юнур Суров – Жамбыл облысынан, Сейнек Бақышов – Сырдария ауданының, Бахт қаласынан, Қасен Біләлов – бұрынғы Семей облысының Көкнет селосынан, Михаил Матюхин – Қарағанды қаласынан, Андриан Намайбаев – Ақтөбе облысынан, Федор Козлов – Семей қаласынан, Николай Мироненко – сержант, Алматы қаласынан, Иван Еремин – сержант, Қарағанды қаласынан, Маментбек (Мамытбек болар) Ибрагимов – қазақстандық делінген, Иван Кабанов – Қазақстаннан, Игумбай Кендербаев – Қазақстаннан, Иван Овчаренко, сержант, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан, Иван Сивун – Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданынан, Ғайніш Таңатаров – Атырау облысының Махамбет ауданынан, Федор Воропаев – Семей қаласынан...
Егер осы есімдері аталған мерт болған майдангер жерлестеріміздің ұрпақтары, ағайын-тумалары табылып, Төлегенмен хабарласқысы келсе, Ақтаудағы 317509 телефонына хабарласуға болатындығын қаперге саламыз.
Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ.