Мәжілісте «Атқарушылық іс жүргізуде тараптардың құқықтарын қорғауды жетілдіру. Проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады.
Іс-шараны жүргізген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіру мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін аталған тақырып Парламент қабырғасында бірнеше рет талқыланған. «Атқарушылық іс жүргізу – сот процесінің соңғы мәресі. Сондықтан дәл осы кезеңде бұзылған құқықтар қалпына келтіріліп, заңды мүдделер шын мәнінде қорғалуға тиіс. Осы саладағы маңызды мәселе – заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ мемлекеттің мүдделерін қорғау. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізуде тараптар құқықтарының бұзылуына, сот орындаушыларының әрекеттеріне көптеген шағымға алып келетін созылмалы, шешімін таппай жүрген проблемаларды талқылауымыз қажет. Атқарушылық іс жүргізу сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан заңдарға және басқа шараларға қарамастан, жеке сот орындаушылардың әрекеттеріне шағымдардың саны азаймай отыр. Жоғарғы соттың ақпаратына сәйкес соңғы 3 жылда сотқа берілген шағымдардың саны 10 мыңнан асқан», деді Б.Кесебаева.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары сонымен қатар депутаттардың атына да тұрақты негізде шағымдар түсетінін сөз етті. Шағымдардың басым бөлігі атқарушы құжаттардың ұзақ уақыт бойы негізсіз орындалмауына, соның ішінде сот орындаушыларымен іс бойынша тиісті мәжбүрлеу шараларын қабылдамауына қатысты. «Статистика бойынша соттарға түскен әкімшілік талап-арыздарының жалпы санының арасында ең көбі – сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты. Кейінгі 9 ай ішінде тұтастай алғанда, республика бойынша 6 мыңнан астам талап-арыз түскен. Шағымдардың көптігі борышкерлердің сот шешімдерінің орындалуын созу мақсатында мұндай шағымдарды қасақана беруіне де байланысты. Борышкердің мұндай әрекеттері екінші тарап құқықтарының бұзылуына әкеледі. Біздің мақсатымыз заң шығару субъектісі ретінде осындай проблемаларды анықтау және шешу», деді Б.Кесебаева.
Бұдан кейін мінберге Әділет министрі Қанат Мусин көтерілді. Ведомство басшысы талқыланып отырған саланың жай-күйі жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сот төрелігін іске асырудың соңғы кезеңі ретінде мәжбүрлеп орындату процесі тиімді, жедел және әділ болуға тиіс. Алайда өндіріп алушылар өздеріне тиесілі сомаларды уақтылы және толық өндіріп алуға қол жеткізе алмайды. Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2021 жылы жалпы сомасы 9,3 трлн болатын 7 млн атқарушылық және басқа да құжат келіп түскен. Соның ішінде 2,3 млн атқару құжаты қаралып, 300 млрд теңге өндіріліп алынған. «Негізгі себептер – заңнаманың олқылықтары мен борышкерлердің төлей алмауы. Өткен жылы борышкердің табысы немесе мүлкі болмауына байланысты өндіріп алушыларға 2,4 трлн теңгеге 608 мың атқарушылық құжат қайтарылды. Жыл сайын атқарушылық іс саны 1 млн-ға өсіп отырғаны байқалады. Тиісінше, сот орындаушыларының жүктемесі артып келеді.
Сот актілерін орындау – ең проблемалық жұмыс. Сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдардың саны төмендемей, бұзушылықтардың саны да өседі. Бұл әкімшілік әділет жүйесін енгізуді айқын көрсетті. Талап-арыздардың жартысы сот орындаушыларының әрекеттерін даулау туралы. Көп жағдайда соттар оларды негізделген деп таниды», деді Қ.Мусин.
Ведомство басшысы мұндай жағдайдың субъективті және объективті себептері де бар екенін жеткізді. Сонымен қатар министрлік борышкерлердің де, өндіріп алушылардың да құқықтарын қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанына тоқталды. «Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға маңызды өзгерістер 2020 жылы енгізілді. Олар борышкер мен өндіріп алушының құқықтарын қорғауға, жеке сот орындаушының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Енді, бір ай ішінде алимент өндіру және басқа да әлеуметтік істер бойынша белсенді жұмыс істемеген сот орындаушысы лицензиясынан айырылады. 2021 жылы осындай негіздер бойынша 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды. Жеке сот орындаушы мүлікті сатқаннан кейін басқа сот орындаушылардың да шектеулерін шешуге міндетті. Енді сот орындаушысы борышкердің елден шығуын шектеуге міндетті. Бұрын ол мұны өз қалауы бойынша жасай алатын. Жұмыс істейтін мүгедек борышкерден алимент өндіріп алу оның жалақысынан ғана жүзеге асырылады», деді ведомство басшысы.
Естеріңізде болса, 2020 жылғы Жоғарғы соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысына түзетулер енгізілген-ді. Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер қасақана төлемеушілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды айтарлықтай жеңілдетті. Келтірілген деректерге сүйенсек, былтыр алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал 2019 жылы 62 борышкер осындай жаза алған еді. 2021 жылы 6 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Қабылданған заңға сәйкес жылжымайтын мүлікті аукцион арқылы бастапқы бағалау құнының 75 пайызынан төмен сатуға болмайды. Бұрын сатудың ең төменгі шегі 50 пайыз еді. Жалпы алғанда, маңызды мәселелер тобы атқарушылық іс жүргізу саласын автоматтандыру арқылы өз шешімін тапты. Бүгінгі күні іс жүргізу әрекеттерінің 70 пайызы автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүзеге асады. Атқарушылық іс жүргізу тараптары материалдармен онлайн таныса алады және процестік өтініш хаттарды тараптардың кабинеті арқылы бере алады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тіркелу бұған мүмкіндік береді», деді Қ.Мусин.
Министрдің айтуынша, проблемалар әлі де жеткілікті. Барлық банктер ведомствоның жүйесімен біріктірілмеген. Елдегі 27 банктің 14-і ғана ақпараттық алмасуға қосылған. Бұл орындату жүйесін толық көлемде автоматтандыруға, банктермен өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Азаматтардың қарызды төлеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді, олардың өмірлік белсенділігін жеңілдетеді. «Көлікке тыйым салу, алып тастау және жүргізуші куәлігі қолданысын шектеу мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігімен интеграция жоқ. Қазіргі ең үлкен және іс жүзінде шешілмей тұрған проблема – тараптарды хабардар ету. Ақпараттық жүйемізде қазіргі уақытта СМС-хабарлама бар. Бірақ бұл шара тиімсіз, өйткені ол хабарламаны борышкерге немесе өндіріп алушыға тиісті түрде жеткізуін қамтамасыз етпейді. Пошта арқылы хабарлама жіберу жеткізу мерзімі мен құны бойынша архаизм екені анық. Хабарламаны хат арқылы жіберу үшін шамамен 400 теңге жұмсалады. Мемлекеттің құқықтық жүйесінде борышкерді уақтылы хабардар ету – міндетті шарт. Тек сот орындаушылары үшін ғана емес, барлық әкімшілік органдар үшін де қажетті. Қазіргі уақытта министрлік бұл мәселенің шешімін табу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тиісті ұсыныстар жақын арада Үкіметке енгізіледі», деді Қ.Мусин.
Ведомство басшысы қазіргі таңда заң бойынша жеке сот орындаушының әрекеттері мен шешімдері тек сот арқылы шағым жасайтынына назар аударды. Мұндай сот даулары барлық сатыны қоса алғанда 11 айға дейін созылуы мүмкін. «Бұл ретте соттың негізгі шешімі орындалмай жата береді. Адамдар сот өндіріп бергенді ала алмайды. Көбінесе борышкерлер шағымдану құқығын теріс пайдаланады және оның орындау процесін созу үшін пайдаланады. Осы уақыт ішінде олар мүлік пен ақшаны жасырады. Сот практикасы жеке сот орындаушыларына қатысты 200-ге жуық талап-арыз татуласумен немесе мыңнан астам талап-арызды қайтарып алумен аяқталғанын көрсетеді. Дау, сотқа дейін, өңірлік палаталар деңгейінде шешіліп келеді. Мұндай практиканы жария ету және өңірлік палаталарының лауазымды адамдарын жеке сот орындаушыларының шешімдерін жою жөнінде өкілеттіктер беру қажет деп ойлаймыз. Бұл дауларды қарау уақытын қысқартады және тараптардың құқықтарын қорғауға оң әсер етеді. Жалпы алғанда, Атқарушылық іс жүргізу туралы заң қабылданғалы 11 жыл ішінде оған 397 түзету енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ғана бұдан көп өзгеріс жасалды. Заңның үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін Мәжбүрлеп орындату туралы жаңа заң әзірлейтін уақыт жетті деп ойлаймын. Оны қабылдау барысында ең жақсы әлемдік заңнамалық тәжірибелерді ескеріледі деп үміттенемін», деді министр.
Ведомство басшысы сөзін қорытындылай келе, атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғауды іске асыру бойынша жұмыс жалғаса беретінін жеткізді. Оның айтуынша, мәжбүрлеп орындату саласын дамытуға мүмкіндік мол.
Бұдан кейін депутаттар министрге көкейіндегі сауалдарын қойып, атқарушылық іс жүргізу мәселесін жан-жақты талқылады. Жиын соңында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қорытынды сөз сөйлеп, осы саладағы өзекті мәселелермен, сондай-ақ оларды шешу жолдары айтылғанына тоқталды. «Осы бағытта елде атқарушылық іс жүргізу жүйесін тиімді реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың өте маңызды екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл жұмыстарды сот төрелігіне жүгінген адамдардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына алып келетін барлық проблема шешілгенге дейін жалғастыру қажет», деді Б.Кесебаева.