«Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп кесіп айтады хакім Абай. Ақын қазақ әні мен өлеңі қалай өрістеуі керек деген мақсатта нақты жұмыс істеп, оған өзі бастап кіріскенін байқау қиын емес. 2016 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын сүзіп шыққанда, сол алты өлеңін түгендеген болдық.
Абай өнерге қатысты алғашқы туындыларының бірі – «Өлең – сөздің патшасы» деп басталатын өлеңін 1887 жылы жазыпты. «Әуелі аят, хадис – сөздің басы, Қосарлы бәйітмысал келді арасы. Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы» деген мысал келтіреді. «Құраннан кейін сөздің патшасы – өлең» деп анығын айтып тұр. Солай бола тұра, «Қазаққа өлең деген – бір қадірсіз» демей ме? Мұнда ән туралы емес, қасиетті өлең хақында толғандырады оқырманды. Өлең, сөз жайында бұдан асырып айту мүмкін емес шығар. Осындай қасиетті өнерге келгенде қазақ арасында белең алған келеңсіздікті қатты сынға алады.
Елдің әдебиеті мен әні қандай болса, халықтың ой-өрісі мен дүниетанымы да соған сай өзгереді. Сәбидің құлағына әуелі ән жетеді. Талбесік пен жербесіктің арасында әнсіз ғұмыр жоқ адам баласына. Абай әнді өлеңнен, өлеңді әннен бөле-жармайды. Біздің халық та «ән мен жыр» деп қосақтап айтады. Көбіне «ән саласың ба?» дегеннен гөрі «өлең айтасың ба?» дейді. «Әуелі сөз болған» (жазу) болса, қаріпке жан бітірген – дауыс пен үн. Сондықтан хакім ән турасында өлең деп те айта бергенге саяды.
«Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол» деп басталатын өлеңін 1888 жылы жазыпты.
«Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең».
Демек қуанышты әрлендіріп, ажарландыратын, қайғыны шайып, сейілтетін де – өлең (ән) деген сөз. Бұл өлеңдегі алғашқы төрт шумақ – адам өмірінде өлеңнің орасан зор орын алатыны туралы. Шілдеханада айтылатын әннен бастап жоқтауға дейін. Өлең болмаса, өмір де жоқ. Солай дейді де
«Өлеңді айтпақ түгіл ұға алмайсың,
Айтсаң да үддасынан
шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп, құп алмайсың?» – деп бір сынап алады да, ақындар мен әншілерге, жалпы өнерпаз атаулыға мынадай талап қояды:
«Сый дәметпе, берсе –
алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы
өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.
Көп топта сөз танырлық
кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып,
болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Мақсұтым – тіл ұстартып,
өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ
Үлгі алсын деймін ойлы
жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел
баста-ақ».
Өнерге бойлай алған жанның көкірек көзі ашылып, ойы түзеледі. Ойы түзу адамның аузынан дұрыс сөз шығады. Тілі ұстарады. Яғни халықты адастырмайды. Не сөйлесе де анығын айтады. Мұнысы – ақындыққа ғана емес, әншілікке, сахнада жүрген өнерпаз атаулыға қойылған талап. Әртүрлі орындаушылар мен асабалардың бәріне қатысты ортақ міндет. Солардың әрқайсының жадында жүруге тиіс тұжырымды сөз.
Абайдың әннің өзегіне түсіп, табиғатын барынша қаузап жазған өлеңдері – «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» мен «Құлақтан кіріп бойды алар» туындылары. «Мен көрдім дүние деген иттің көтін» дейтін данышпан әнге келгенде:
«Шырқап, қалқып, сорғалап,
тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды»
немесе
«Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар»
десе, тағы бірде:
«Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» деп масаттанады. Абай айтқан, Абай ұққан әннің жайы – осы. Жоғарыда аталған екі өлеңді оқып, түйсінген адам ән деген шексіз ұғымды қорлап, даңғазаға айналдырмас еді. Бақсақ, бұл да Абай заманынан бері келе жатқан кеселді дерт екен.
«Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?»
деп күйінеді хакім.
Сөйте жүріп, сүйенішті де осы өлеңнен тапқан ақын:
«Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың»,
дейді. Бұл да сөз өнері мен саз өнері туралы өте терең толғау. Абай ұғымында асқақ өлең, асыл ән көрінгеннің қолжаулығы болмауға тиіс. Сәулелі сана мен ынталы жүрек, ойлы көңілге ғана қонады. «Не пайда бар – мың надан, Сырттан естіп таңдансын. Онан-дағы бір есті, Ішкі сырын аңғарсын. Жылай-жырлай өлгенде, Арттағыға сөз қалсын» деп тастап кеткен аманаты екен хакімнің. Ал аманатқа қиянат жоқ.