Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Халықаралық түркі Академиясына қатысты келісім мақұлданды. Сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға қатысты заң жобасы жұмысқа алынды.
«Құжат отбасылық саясат мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Мемлекеттік отбасылық саясат ұғымын ашу бойынша нормалар енгізілді. Үкіметтің, уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері нақтыланады. Мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жан-жақты өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту ұсынылады. Отбасын қолдау орталықтарын құру, отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы статистикалық мониторинг енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету тәртібін реттеу көзделеді», деді баяндама жасаған депутат Жәмилә Нұрманбетова.
Заң жобасына қатысты Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов та пікір білдірді. Спикер бұл заң жобасы былтыр да Мәжілісте қаралғанын еске салып, қоғамда қызу пікірталас туғызғанына назар аударды. «Кейбір нормаларға жұртшылық наразылық білдірді. Сондықтан заң жобасы кері қайтарылып алынды. Енді, елдің пікірін ескере отырып, қайта пысықталған заң жобасын жұмысқа қабылдадық. Құжатта бірқатар маңызды мәселе, норма бар. Сондықтан бұл жұмысқа мұқият қарауымыз керек. Жауапты комитет және жұмыс тобы осы мәселені қарағанда, кезінде осы заң жобасын сынаған азаматтарды шақырып, тағы да олардың пікірін тыңдап, ескеруге тиіс», деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл мәселе жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.
«Халықаралық Түркі академиясын құру Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде көтерілген болатын. Содан кейін Түркі академиясы 2010 жылы Түркі әлемін зерттеу ғылыми орталығы ретінде жұмыс істеді. 2014 жылы халықаралық мәртебеге ие болды.
Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиетін және мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді жүргізу. Қазіргі таңда академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері еніп отыр. Ал Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие», деді Асхат Аймағамбетов.
Ведомство басшысының айтуынша, Академияның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқандықтан, келісімнің мақсаты – елімізге жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі академиясының мәртебесін, оның артықшылықтары мен иммунитеттерін айқындау. «Академияда 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде екі қызметкері шетел азаматтары. Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуге тиіс. Академия ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, кітаптар мен журналдар шығарумен айналысады. Түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде, түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде бүгінгі күні үлкен белсенділік танытып келеді. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты нығайтудың және Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін арттырудың маңыздылығын назарға ала отырып, аталған заң жобасын қарастыруларыңызды сұраймын», деді министр.
Сонымен қатар отырыс барысында биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы биологиялық қауіпсіздік саласын құқықтық реттеу үшін және Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген.
Депутаттар биологиялық қауіпсіздік саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тізбесін, олардың құзыреті мен өкілеттіктерін нақтылау, патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын бюджет қаражаты есебінен қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау бойынша орталық мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін бекіту сияқты басқа да бірқатар түзету енгізді. Айта кету керек, депутаттар биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасымен жұмыста 14 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Отырыста Amanat партиясының тізімі бойынша Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен Константин Авершин Мәжіліс депутаты болып тіркеліп, ант берді. Сондай-ақ Константин Авершин Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына сайланды.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерманның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Осы ретте Конституцияның 57 және 58-баптарына сәйкес Палата Төрағасының ұсынуымен Парламенттің әр Палатасы Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін қызметке тағайындай алады.
Осыған байланысты, Палата Төрағасы бұл қызметке Мұхтар Ерманның кандидатурасын ұсынып, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындау туралы қаулы қабылдады.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Ерлан Саиров Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында қазақ тілінің мәртебесін қозғады. «Қазіргі өте күрделі геосаяси жағдай еліміздің ішкі саясатының көптеген аспектісін қайта қарауды талап етеді. Осынау терең мәселенің бірі тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы. Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждағатты түрде бола отырып, өзара сыйластық, бауырластыққа әкелуі қажет. Мемлекеттік тіл қоғамның ынтымағының, бірлігінің символына айналуы өзекті. Осы тұрғыда, мемлекеттік тілді үйретудің бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу өте маңызды», деді депутат.
Осы орайда мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалып жатқанын анықтаудың маңызына тоқталды. Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігіне сараптама жасау қажет екенін жеткізді.
Депутат Фахриддин Қаратаев Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында ел өңірлерінде сапасыз салынған үйлерді тексеруді сұрады. Оның айтуынша, тұрғындар мемлекет тарапынан халыққа берілген тұрғын үйлер құрылысының сапасы нашарлығына наразылық білдірген. «Ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған. Облыстар бойынша сапасыз салынған үйлерден мысал келтірсек. Шымкент қаласындағы «Тұран-2» және «Асар» шағынаудандарындағы тұрғындар тиісті мекемелерге шағымданып, наразылықтарын білдірді. Өскемен қаласында 2018 жылы салынған және 2020 жылғы бесқабатты тұрғын үйлер сапасы сын көтермейді. 2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төртқабатты үй құлаған. Кеше ғана 22 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Sat City тұрғын үй кешенінің «С» блогында подъездің төбесі опырылып түсті. Құдайдың құдіретімен адамдар шығып үлгерген. Осындай фактілер басқа өңірінде де кездеседі», деді Ф.Қаратаев.
Депутат сапасыз үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында салынғанына және ипотека арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілгеніне назар аударды. «Бастапқыда құрылысқа берілген кепілдеме аясында жөндеп беріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталған соң ат-тонын ала қашады. Өкінішке қарай, аталған тұрғын үй кешендерінде қаншама халық жанын шүберекке түйіп амалсыз өмір сүреді. Ертең осы үйлер құласа бұған кім жауапты болмақ? Бұл – өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселе. Жоғарыдағы мәселенің өзектілігін ескеріп, республикалық комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін және тұрғын үй алушыларды енгізуді ұсынамыз. Сонымен қатар барлық облыстағы, қаладағы проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізіп, үйлерде тұру қауіпсіздігін, апаттық деңгейін анықтау керек», деді Ф.Қаратаев.
Депутат Аманғали Бердалин Қазақстанның ұн экспорты көлемінің төмендеуіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұған басты себеп – импорттаушы елдердің (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) тарифтік емес реттеу шараларын және қазақстандық ұнның әкелінуін тежеу бойынша кедергілерді қолдануы.
Депутаттың айтуынша, ұн экспортының үштен екі бөлігі, яғни 1,152 миллион тоннасы Ауғанстанға жіберіледі. Оған қоса Ауғанстан Қазақстан астығын сатып алып, оны Өзбекстанға өңдеуге әкеліп, кейіннен толлингтік операциялар аясында Ауғанстанға ұнды қайта экспорттайтын көрінеді. Осыған байланысты депутат бірқатар мәселеге Үкімет басшысының назарын аударды.
Гүлнар Бижанова ауылға білікті мамандарды даярлауға қатысты ұсыныс айтты. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, жыл сайын мектептің 21 мыңға жуық түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Нәтижесінде, жастардың бұл санаты жұмыссыздар мен маргиналдардың қатарын толықтырады. Олардың көпшілігі криминалдық және экстремистік топтардың ықпалына түседі.
«Қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша студенттерді қабылдауды конкурс нәтижесінде, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асырады. Осылайша, мамандарды даярлауды бейінді емес университеттер жүзеге асырады, бұл білім сапасына айтарлықтай әсер етеді.
Біз осы бағыттар бойынша бөлінетін мемлекеттік тапсырысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, бейінді білім беру ұйымдарының арасында ғана квоталау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Нысаналы орындарға ие бола отырып, жоғары оқу орындары мақсатты және алдын ала кәсіптік бағдар беру жұмысымен айналыса алады және ауылда жұмысқа орналасу перспективасымен дәл осы мүдделі жастарды қабылдай алады», деді Г.Бижанова.
Осы орайда депутат Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында ерекше мәртебесі жоқ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін магистранттарды оқытуға жұмсалатын орташа шығыстарды қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ оларды ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының магистранттары деңгейіне дейін арттыруға кеңес берді.
Бұдан кейін тағы да бірнеше депутат тиісті мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.