• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Наурыз, 2022

Өнер мен ұстаздықты ұштастырған

272 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік жылдары Тобыл өңіріндегі ұлттық өнердің өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлғалардың ішінде халық ақыны Әсия Беркенованың есімі ерекше аталады. Республика деңгейінде өткен талай аламан айтыстарда топ жарып исі қазақтың Әсиясы атанған ақын ауылдан қалаға қоныс аударғаннан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университеті жанынан «Өнер студиясын» ашып, бойында таланты бар студент-жастарды өнерге баули бастады.

Бұл орталық бүгінде жастар шы­ғар­машылығын шыңдау мектебіне айналған. Студияда талапкер ақындармен қатар, өзге де өнерлі жастар тәлім алады. Мұнда Бәдрисапа атындағы би тобы, вокал сыныбы, домбырашылар ансамблі жұмыс істейді. «Өнер студиясынан» 22 жыл ішінде талай талантты жастар тәрбиеленіп шықты. Олар қазір түрлі салада еңбек етіп жүргенімен ақындық, әншілік, күйшілік өнерден қол үзген жоқ.

– Хореография, домбыра, вокал, ақын­дық және көркемсөз шеберлігі сыныптарын аштым. Бара-бара өнер студиясы университеттің кәдімгідей мәдени-қоғамдық іс-шараларын атқаратын және бойында талабы бар балалардың қанатын қатайтатын, мәдениет саласына үлесін қосатын жақсы бір ұжым болып қалыптасты. Тіпті, техникалық мамандық бойынша оқыған кейбір студенттер менің студиямды бітірген соң, біржола өнер жолына түсіп кетті, – деді халық ақыны.

«Өнер студиясынан» қанаттанған өнер­паздың бірі – өңірге ақындығымен қоса әнші-сазгерлігімен танымал болған, бүгінде Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайын басқарып отырған Марғұлан Оспанов. Мектеп қабырғасында жүріп облыстық айтыстарға қатысып жүрген жас дарынға үнемі қазылар алқасының құ­рамында отыратын халық ақыны Сары домалақ деп ат қойыпты. Кейін арман қуып Қостанайға келіп, Ахаң университетіне оқуға түскен сары домалақ бала Әсия апайының мектебінде өнерін ұштап, талай айтыстарға қатысты. Бірде жеңіліп, бірде жеңе жүріп ысылып, шыңдалды. Бүгінде біраз туындысы үлкен сахналарда орындалып жүрген сазгер ұстазының бірнеше өлеңіне ән жазып, үлкен концерттерде орындап жүр. Осылайша, ұстаз бен шәкірт арасындағы тәрбиелік тәлім шығармашылық әріптестікке ұласты.

– Әсия апамыздың «Қайдасың балалық» деген бір өлеңі бар еді, содан кейін «Жең­ге­ле­рім» деген өлеңі бар. Екеуі де әнге сұранып тұр екен – деп, сол өлеңдерді апайдан арнайы сұрап алдым. Соған ән жаздым. Ол әндерді өзіміздің «Өнер студиясының» түлегі, бү­гінде «Хабар» телеарнасында қызмет етіп жүрген белгілі журналист Дархан Әбдуахит­тің жары Дина орындап жүр, – деді Марғұлан бұл жайында.

Сырт қараған кісіге суықтау көрінетін Әсия Әйіпқызының ішкі жан дүниесіне үңіліп көрген адам керім бір жылылық пен нәзіктікті, түзу адамға тән берік ұстанымды, елге жанашыр азаматтықты бірден аңғарады. Ақынның бұл қасиеті қағазға әдіптелген жазба өлеңдерінде көзге ұрып тұр.

«...Төрелердің шықсам да жиi есiнен,

Төл өнердің күш алам иесінен.

Төбедегi қамшысын үйiргенде,

Төмендегi ел қорғайды киесiмен», –

деп Әсия апамыздың ескерілмей, еленбей жатқан бір дүниесі осы жазба өлеңдері.

Әсия Беркенованың айтыс өнеріндегі өзіндік өрнегі мен ақындық шеберлігі жайындағы ойымызды белгілі ақын Жол­барыс қажы Баязидтің «Әсияның шыққан биігі, алған асулары, айтыс өнерінде талай жұртты тамсантып, таңғалдырғаны менің әлі күнге көңіл көкірегімде, көз алдымда. Әсия айтыс тарихын ежіктеп, том-том кітаптарды ақтарып, оқып-үйреніп, бұрын-соңды өткен ақын-жыраулардан сусындаған ақын деп айта алмаймын. Әсияның өзі ұстаз. Қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ берді. Жоғары дәрежелі білімі бар. Алғаш айтысқа қосылғанның өзінде-ақ табиғи талант иесі, айтыс өнерінің бір бел баласы, соның бесігінен шыққан перзентіндей болып танылды. Содан бері өзінің айқын үнінен, өзінің биігінен, дәстүрлі жыр мақамынан, ақындық-азаматтық тұлғасынан айныған емес. Міне, мен осыған қуанамын», деген сөзімен түйіндесек құп.

 

Қостанай облысы