• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Наурыз, 2022

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

3693 рет
көрсетілді

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.

Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Спорт кешенін ашып, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істегісі келсе, арнайы ашылған www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш береді. Жергілікті уәкілетті органдар қызмет көрсетушінің талапқа сәйкестігін тексеріп, порталға енгізеді. Өз кезегінде ата-аналар да баласын тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғысы келсе,  аталған портал арқылы өтініш беруіне болады. Порталға тіркеліп, өз шағын ауданындағы спорт секциясын және ондағы спорт түрін өзі таңдап алады. Содан кейін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен медициналық анықтаманы дайындап өткізсе болғаны, баласы спорт секциясына тегін барады.

Бүгінде аталған бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқан аймақтардың бірі – Шымкент қаласы. Қала әкімінің орынбасары Мұқсұт Исаховтың айтуынша, мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жұмыс істеу үшін 109 кәсіпкерден өтінім түскен. Талапқа сай келген 67 кәсіпкердің өтінімі мақұлданған. Олар 137 спорт кешенінде балаларды спорттың 16 түрі бойынша жаттықтырып жатыр. Тағы 12 өтінім қаралып жатса, талапқа сай келмеген 30 өтінім кері қайтарылған.

– Биыл 14 мың балаға бюджеттен 2 миллиард 323 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ата-аналардан 15 281 өтініш түссе, соның 14 мыңымен келісім­шарт жасалған. Осы бағыт бойын­ша Шымкент республикада бірінші орын­да тұр. Бұл – бағдарламаның артық­шылығы ата-аналар баласын қай сек­цияға, қай спорт түріне беретінін өзі ше­шеді, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Осындай жүйемен жұмысын бастаған спорт кешендерінің бірі – «Ануш». Бұл – мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін Шымкенттегі ең үлкен спорт кешені. Қаратау ауданы «Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан бұл кешенде спорттың 5 түрі, атап айтқанда, каратэ, таэквондо, дзюдо, бокс және еркін күрес бойынша 1 200 бала жаттығады.

– Қазір адамдар спортпен айналысу баланың денсаулығына да, тәрбиесіне де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Күнделікті спортзалға келетін жеткіншектер түрлі жаман әдеттерден аулақ болып, ерік-жігері мен табандылығын шыңдайды. Болашақта мұндай балалар қиындыққа төзімді, тек қана алға ұмтылатын азамат болып өседі. Сол себепті ата-аналардың да, балалардың да ықыласы күшті. Бізде олардың алаңсыз әрі қауіпсіз жаттығуына барлық жағдай жасалған, – дейді «Ануш» ЖШС-нің директоры Ержан Бестереков.

Балалар тек жекпе-жек түрлеріне ғана емес, өзге спорттарға да қызығады. Мәселен, Шымкенттегі Basket Kids серік­тестігіне қарасты 4 спорт кешенінде 500 бала баскетболмен, 220  бала волейболмен айналысады. Ал «Мадейра Мерей» спорт кешенінде 384 жасөспірім жүзумен айналысып жатыр.

 – Қазір, әсіресе үлкен қалаларда ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады да балалар сабақтан тыс уақытта қараусыз қалады. Олардың көбі компьютерлік ойындардан бас алмайды. Бұл – денсаулыққа өте зиян. Бос уақытын тиімді өткізбегендіктен, өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер теріс жолға түсіп, қылмыс жасап та жатады. Сондықтан мемлекеттің жас жеткіншектерді спорт­қа баулуға осылай назар аударып отырғаны өте орынды, – дейді греплингтен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Шымкент ММА академиясының директоры әрі жаттықтырушысы Қанат Сұлтан.

Әу баста ММА бағытында ашылған бұл спорт кешені өткен жылдан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша да жұмыс істеуде. Қазір мұнда спорттың 5 түрінен 570 бала жаттығады.

– Бұл жүйе жаттықтырушыларға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Мәселен, біздің спорт кешенінде бүкіл әлемдік бокс сериясы (WSB) бойынша әлем чемпионы, кәсіби боксшы Олжас Байниязов, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асхат Жаңбыров пен каратэден қара белбеу иегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Назерке Исабек сынды белгілі спортшылар балаларды жаттықтырумен айналысады. Олар бір жағынан шәкірт тәрбиелеп, ел спортын дамытуға үлес қосса, екінші жағынан қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болып отыр, –- дейді Қанат Сұлтан.

Иә, жастайынан осындай мықты жаттықтырушылардан тәлім алған жеткіншектер тек шымыр болып қана қоймай, олардың арасынан болашақ чемпиондар да суырылып шығарынан үмітіміз зор.

Жалпы, кәсіпкерлер мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бо­йынша жұмыс істеудің тиімді екенін түсініп, осы бағытқа бет бұруда. Мәселен, Шымкенттегі Абай даңғылының бойында орналасқан бұрынғы «Ырыс» тойханасы спорт кешені болып қайта жасақталған. Ал «Тұран ГХА» және «Отырар» спорт клубы» компаниялары жаңа, үлкен әрі заманауи спорт кешендерін салып жатыр.   

Иә, бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Шымкентте 14 мың баланың спортпен шұғылданып жатқанын тек құптау керек. Бірақ халқының демографиялық өсімі жоғары шаһар үшін мұның өзі аз сияқты. Себебі қазір Шымкенттегі 204 мектепте 250 мыңға жуық оқушы білім алуда. Президенттің республика бойынша 4,5 миллион бала спорт секциялары және өнер үйірмелерімен қамтылуы тиіс деген тапсырмасы орындалуы үшін көрсеткіштер еселеп артуы керек. Тек Алматы облысындағыдай жағдай өзге аймақтарда да қайталанып, мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі тоқтап қалмаса деген тілек бар.

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ,

журналист

 

ШЫМКЕНТ